
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында «Оқы, талқыла, өзгеге ұсын» атты кітап марафонын өткізді.
Іс-шараның басында кітапхана қызметкері оқырмандарды «Абай жолы» жобасымен таныстырып, оның қоғамның рухани-мәдени дамуы үшін мақсаты мен маңызына тоқталды. Жобаның негізгі бағыты - поэзия, проза, деректі әдебиет және ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, әртүрлі жанрдағы жоғары көркем шығармаларды басып шығару, сондай-ақ өңірдің әдеби мұрасын насихаттау екенін атап өтті.
Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларына библиографиялық шолу жасады. Атап айтқанда, Көкбай Жанатайұлының шығармашылығын таныстырып, әдеби мұрасының, импровизаторлық шеберлігінің және Абайдың поэзиялық дәстүрлерін дамытудағы рөлінің маңыздылығына тоқталды.
Әрі қарай әдебиеттанушы, әрі абайтанушы Бауыржан Ердембековтің Абайдың әдеби ортасына, замандастары мен ақын-шәкірттеріне арналған «Абай және әдеби орта» еңбегіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Ақберен Елгезектің «Айнадағы бейтаныс» кітабы мен Дәулеткерей Кәпұлының таңдаулы өлеңдері мен поэмалары енген «Ақжаржусан» кітабы таныстырылды.
Кітапханашы шығармалардың ұлттық ерекшелігіне, туындыларының философиялық тереңдігіне және оларда тарихи жадтың, ата-бабалардың рухани мұрасы мен дәстүрлі құндылықтардың көрініс тапқанын жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар ұсынылған кітаптар туралы әсерлерімен бөлісіп, олардың мазмұны мен тәрбиелік мәнін талқылады.
Қалалық орталық кітапхана