Акимат города Семей

Меню

Страницы

Статья

Болашағымыз – жарқын, келешегіміз кемел жастармыз

 

            Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің жарқын болашағын қалыптастыратын белсенді әрі жасампаз буын. Бүгінгі таңда білімге құштар, еңбекқор, отансүйгіш және бастамашыл жастардың қоғам дамуындағы рөлі айрықша. Жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, олардың білімге, кітап оқуға және өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын арттыру – маңызды бағыттардың бірі.

            Осыған орай 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жас ұрпақтың білімге, әдебиетке және рухани құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.

            Атап айтқанда, Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Болашағымыз – жарқын, келешегіміз кемел жастармыз» атты әлеуметтік жоба өткізді. Іс-шара барысында қатысушылар Халықаралық жастар күнінің пайда болу тарихымен, оның маңыздылығымен және қазіргі қоғамдағы жас ұрпақтың рөлімен танысты. Белсенді әрі бастамашыл жастардың жетістіктеріне ерекше назар аударылып, өз еңбегі, білімі және қоғамдық қызметі арқылы елдің дамуына үлес қосып жүрген жастардың маңызы атап өтілді.

            Сонымен қатар «Жастар – ел болашағы» атты еркін пікірталас ұйымдастырылып, онда жас ұрпақтың қоғамдық өмірдегі рөлі, сапалы білім алудың маңыздылығы, еңбекқорлық, жауапкершілік, бастамашылдық және тұлғалық дамуға ұмтылу мәселелері талқыланды. «Жастар және кітап» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, қазіргі жастар үшін өзекті әрі қызықты мотивациялық, танымдық және көркем әдебиеттер ұсынылды. Көрмеге Сьюзан Кейннің «Интроверт. Сила тихих людей в мире, который не может молчать», Ричард Докинздің «Өзімшіл ген», Ирина Медведеваның «Говори с собой правильно», М. Мағауиннің «Мен», Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» атты кітаптары қойылды. Іс-шара соңында қатысушылардың жалпы білімін және тапқырлығын сынайтын сұрақ-жауап форматындағы танымдық викторина өткізілді.

            №12 кітапхана-бөлімшесінде «Жастар таңдаған кітаптар» атты әдеби бұрыш ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кітап пен кітап оқудың адамның интеллектуалдық және рухани дамуындағы маңызы айтылып, жастар арасында сұранысқа ие көркем және танымдық әдебиеттер таныстырылды. Оқырмандар өздерінің сүйікті шығармалары мен авторлары туралы ой бөлісіп, ерекше әсер қалдырған кітаптарын бір-біріне оқуға ұсынды. Әдеби бұрышқа Б. Балтабай «Жүрек тыныштығы», Қ. Жолдыбайұлы «Кемел адам», Холидей Р. «ЭГО – дұшпан», С.Керімбайдың «Өзбекәлі және мәдени майдан», Д. Исабековтің «Қарғын» және басқа да көркем әрі танымдық кітаптар қойылды.

            Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Талантты жастар – болашағымыз» атты ашық аспан астындағы оқу ұйымдастырды. Шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің курсанттары қатысты. Жастардың рухани және зияткерлік дамуына ықпал ету, білімді, дербес ойлайтын әрі отансүйгіш тұлға қалыптастыру мақсатында көркем және танымдық әдебиеттерден кітап топтамасы ұсынылды. Қатысушылар өз қызығушылықтарына сәйкес кітаптар таңдап, кітап оқудың адам өміріндегі маңызы туралы пікірлерімен бөлісті.

            Шараның шығармашылық бөлімінде қатысушылар С. Сейітманның «Домбыра», Г. Салықбаеваның «Жұмыр жердің жаннаты», А. Өмірбекова «Алма бағы», С. Смағұлтегі «Күз күмбірі», К. Салықов «Күзгі шуақ» атты жыр жинақтарынан өлеңдер оқыды. Қатысушылар әдебиет туралы пікір алмасып, өздеріне үлгі болатын адамдар жөніндегі ой-толғамдарымен бөлісті, сондай-ақ армандары мен елінің болашағы туралы әңгіме өрбітті. Іс-шара соңында Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі оқылып, кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

            Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Жастар, бұл кітаптар сендер үшін және сендер туралы!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесіне қазіргі қазақстандық авторлардың шығармалары қойылып, библиографиялық шолу өткізілді. Атап айтқанда, жас жазушы Алмас Нүсіптің «Барлау» жинағы, оның ішінде ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық дәстүрлерді сақтауға арналған «Түтінің өшпесін!» әңгімесі, Әлібек Байболдың өзара көмек, мейірімділік пен жанашырлық тақырыптарын қозғайтын «Жандос күткен көктем» әңгімесі, сондай-ақ Бақытжан Қанапияновтың Чернобыль қасіретіне арналған өлеңдері мен прозалары топтастырылған «Аист над Припятью» жинағы және басқа да шығармалар таныстырылды.

            №2 кітапхана-бөлімшесінде «Ел ертеңі – жастар» атты ақпарат-досье өткізілді. Кітапхана қызметкері Халықаралық жастар күнінің маңызына тоқталып, жас ұрпақтың елдің дамуы мен болашақтағы маңызды рөлін атап өтті. Жастар арасында жауапкершілік, мақсатқа ұмтылу және білімге деген құштарлықты қалыптастырудың маңызы айтылды. Сондай-ақ кітап пен кітап оқудың дүниетанымды кеңейтуге, ойлау қабілетін дамытуға және адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы ықпалы атап өтілді.

            Ақпараттық досье барысында жастарға арналған «Оқуға тұрарлық кітаптар» атты әдеби шолу ұйымдастырылды. Қатысушылар назарына Джон Гриннің «Виноваты звезды», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Халед Хоссейнидің «Бегущий за ветром», Рэй Брэдберидің «451° по Фаренгейту» және жас ұрпақ үшін қызықты әрі өзекті басқа да кітаптар ұсынылды. Іс-шара соңында ұсынылған шығармалардағы достық пен махаббат, ер жету, өмірлік мақсатты іздеу, адамгершілік таңдау және өз ісіне жауапкершілікпен қарау секілді маңызды тақырыптар талқыланды.

           

 

 

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана

 

 

Дата публикации
12 августа 2026
Дата обновления
12 августа 2026
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
22 октября 2026
16 октября 2026
Рухани келісім - бейбітшілікке бастар жол
16 октября 2026
29 қараша Мәслихат депутаттары сайлауы

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы