
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Семей қаласының 63310 және 44736 әскери бөлімдерінің сарбаздары мен қызметкерлерінің қатысуымен Абай күніне арналған «Абай әлемі – даналық әлемі» атты Aбай Fest өткізді.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде кітапханашы Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихындағы ерекше орнына тоқталып, қатысушыларды оның өмірбаянымен және шығармашылық жолымен таныстырды. Ақынның қазақ халқының ұлттық ой-санасының қалыптасуы мен рухани дамуына қосқан үлесі атап өтіліп, оның білім, еңбек, адамгершілік, әділет пен ізгілік туралы тағылымды ойларына ерекше назар аударылды.
Кездесуді мазмұнды әрі әсерлі ету мақсатында қатысушылар назарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына, әдеби мұрасына арналған слайд-тұсаукесер ұсынылды. Слайд-тұсаукесер барысында ақынның өлеңдері, қара сөздері және философиялық ойлары туралы мәліметтер берілді.
Іс-шараның әдеби бөлімінде қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, ақын шығармаларының мазмұны мен тәрбиелік мәні жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әдеби оқылымдар музыкалық қойылымдармен жалғасын тапты. Қатардағы жауынгер Жеткерген Нұрерген мен жас оқырман Даниярұлы Алдияр домбырада күй орындаса, жауынгер Қабидолда Шыңғыс Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін оқыды. Кітапхана оқырмандары Азаматқызы Айнара мен Мұхтарұлы Мұхаммед ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Шараның танымдық бөлігінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған викторина ұйымдастырылды. Қатысушылар ақынның өмір жолы, шығармалары мен шығармашылық мұрасы туралы білімдерін сынап, сұрақтарға белсенді жауап берді. Викторина қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған қатысушылар арнайы атап өтіліп, марапатталды.
Іс-шара соңында «Абай әлемі – даналық әлемі» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге Абай Құнанбайұлының шығармалары, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесі қатысушыларға ұлы ақынның рухани мұрасымен тереңірек танысып, оның шығармаларын оқуға мүмкіндік берді.
Қалалық орталық кітапхана