
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №6 кітапхана-бөлімшесінде Халықаралық жастар күніне орай жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, мазмұнды бос уақытын ұйымдастыру, көркем, заманауи, танымдық және мотивациялық әдебиеттерді кеңінен насихаттау мақсатында кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Жастар және кітап» тақырыбында көрме-кеңес өтті.
Шара басында кітапханашы кітаптың сарқылмас білім көзі екенін, адамның ой-өрісін кеңейтуге, ойлау қабілеті мен қиялын дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар кітап оқу тұлғалық дамудың маңызды бөлігі болып қала беретінін және адамға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Көрме аясында қатысушылар өздерінің сүйікті кітаптары туралы ой бөлісіп, оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөлісті және қазіргі қоғамдағы кітап оқудың өзектілігін талқылады. Сонымен қатар оқырмандар «Ойлан да жауап бер» атты әдеби ойынға қатысып, әдеби шығармалар туралы білімдерін сынады.
Іс-шара соңында кітап көрмесіне шолу жасалып, кітапханашы қатысушылардың назарына бірқатар басылымдарды ұсынып, оқуға кеңес берді. Олардың қатарында Рэй Брэдберидің «451 градус по Фаренгейту», Антуан де Сент-Экзюперидің «Маленький принц», Пауло Коэльоның «Алхимик», Дэниел Киздің «Цветы для Элджернона» романдары, сондай-ақ қазақстандық авторлардың Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармалары және басқа да кітаптар бар.
Қалалық орталық кітапхана