
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабының 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті.
Қызметкерлерді міндетті сақтандыру – өндірістік жарақат алу немесе кәсіптік ауруға шалдығу жағдайында қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді қамтамасыз ететін әлеуметтік қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі.
Қазіргі уақытта кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасаспай отырғаны анықталуда. Бұл Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу болып табылады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Осыған байланысты, барлық жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес, тиісті лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарымен қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу қажет.
Келісімшарт жасасу мынадай мүмкіндіктер береді:
- Сақтандыру жағдайы туындаған кезде қызметкерді қаржылық қорғау;
- Өтемақы төлемдеріне байланысты жұмыс берушіге түсетін қаржылық тәуекелдерді азайту;
- Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін нығайту;
- Қызметкерлер мен мүдделі органдардың сенімін арттыру.
Сонымен қатар, сақтандыру шартының қолданыстағы мерзімін электрондық үкімет порталының (egov.kz) жеке кабинеті арқылы тексеруге болады.
Міндетті сақтандыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек немесе консультация алу үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментіне келесі байланыс құралдары арқылы хабарласуға болады мекенжайы: Семей қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 9, Телефоны: 8 (7222) 35-54-66, Электрондық пошта: abai.dep@enbek.gov.kz.