
Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының «Жас сайлаушылар клубын құру туралы» қаулысына сәйкес Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес «Абай облысы Семей қаласы ішкі саясат бөлімі» ММ-нің «Семей қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ атынан директор м.а. Алина Сериковна Калелханова және Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Жақсыбайқызы Қуанышеваменмен жастар ісі жөнінде меморандумға қол қойылды. Жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жәрдемдесу, құқықтық мәдениет пен сайлау сауаттылығын арттыру мақсатында Семей қаласының АСК базасында жас сайлаушылар клубы құрылды.
2025 жылдың 2 қазанда Семей қаласының жастарының сайлау белсенділігін арттыру, құқықтық санасын және сайлау процестеріне қатысу жауапкершілігін дамыту мақсатында №51 жалпы орта білім беретін мектеп базасында Жас сайлаушылар клубының мүшелерімен отырыс өткізілді. Іс-шараға Шәкәрім университетінің социологиялық талдау орталығының координаторы, қауымдастырылған профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты, заңгер-құқықтанушы Газизова Назигүл Слямболқызы, Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Жақсыбайқызы Қуанышева, №51 ЖОББМ директоры Абылқасымов Қайырбек Ануарбекұлы, Семей қаласының Жастар ресурстық орталығының мамандары және №51 мектептің 9–10 сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы сайлау тарихы туралы дәріс оқылып, сайлау құқығы мен процесіне қатысты мәселелер талқыланды; жастар арасында сайлауға қатысу мәдениетін дамыту, қоғамдық маңызы бар бастамаларды талқылауға тарту, жастардың азаматтық бастамаларын дамытуға жәрдемдесу және басқа да тақырыптар қозғалды.