жоба
Семей қаласы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттары үшін тегін тамақтандыруды қамтамасыз ету туралы
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына сәйкес, қала әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің мынадай санаттары үшін:
1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) даму мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедек балаларға;
3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға тегін тамақтандыру қамтамасыз етілсін.
2. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне мынадай растайтын құжаттар ұсынылған кезде тегін тамақтандыру қамтамасыз етіледі:
1) ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың еркін нысандағы жазбаша өтініші;
2)отбасыларда тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қамқорлықты (қорғаншылықты), патронаттық тәрбиені бекіту туралы анықтаманың көшірмесі;
3) мүгедектер және бала кезінен мүгедектер үшін мүгедектігі туралы анықтама немесе даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін психологиялық – медициналық -педагогикалық консультацияның медициналық қорытындысының көшірмесі;
4) көпбалалы отбасылардың балалары үшін туу туралы куәлігінің көшірмесі;
5) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін өтініш берушінің (отбасының) «Шығыс"
Қазақстан облысы Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесімен ұсынылатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға жататынын растайтын анықтама;
6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін алынған табысы туралы мәліметтер (жұмыс істейтін ата-аналарының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жалақысы, кәсіпкерлік қызметтен және басқа қызмет түрлерінен түсетін кірісі, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі кірістер). Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелену кезеңінде шығындарды өтеу (ата-аналардың тамақтануға ақы төлеуі) құжаттарды жыл сайын мектепке дейінгі білім беру ұйымына ұсыну арқылы расталуы тиіс.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тегін тамақтандыру тиісті қаржылық жылға жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
3. «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің Семей қаласының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жолданылуын;
3) ресми жарияланғанынан кейін осы қаулының Семей қаласы әкімінің интернет - ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Әкімдік қаулысының орындалуын бақылау қала әкімінің әлеуметтік сала, ішкі саясат, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мәселелері жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
5.Осы әкімдік қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, осы қаулының күші мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап баратын тәрбиеленушілерге қолданылады.
Семей қаласының әкімі Е. Сәлімов