
2026 жылдың I жартыжылдығы бойынша Семей қаласының денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат.
Семей қаласында 40 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 19 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы, 16 стационар және 5 өзге медициналық ұйым бар.
«Тіркелген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, Семей қаласының медициналық ұйымдарына 372 135 адам тіркелген. Оның ішінде 268 155-і – ересектер, 103 980-і – балалар.
Медициналық көмек көрсету сапасы мен ашықтығын арттыру мақсатында денсаулық сақтау саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда.
Абай облысындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесі енгізілген. Бұл жүйе дәрілік заттардың айналымын бақылауға, жалған және контрафактілік өнімдердің таралуына жол бермеуге, сондай-ақ халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылуда. Аталған сервис азаматтарға eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы тегін дәрілік заттарды алуға мүмкіндік береді. Жоба дәрілік қамтамасыз ету үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, пациенттердің электрондық рецепттерге қолжетімділігін жеңілдетеді.
Абай облысында, еліміздің барлық өңірлері сияқты, медициналық қызмет көрсету кезінде пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Дәрігер қабылдауын растау «Цифрлық құжат» сервисі арқылы алынатын алты таңбалы код, Face ID технологиясы немесе медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Бұл медициналық қызметтерді негізсіз есепке жазу фактілерінің алдын алуға және денсаулық сақтау саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған.
Абай облысының денсаулық сақтау жүйесінде 9 500 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 2 711 дәрігер және 6 789 орта медицина қызметкері бар.
Медициналық ұйымдарды жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, педиатрлар, хирургтер, кардиологтар, невропатологтар, онкологтар, офтальмологтар және басқа да сұранысқа ие бейіндегі мамандармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.
Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында жергілікті атқарушы орган гранттары бойынша мамандар даярлау жалғасуда. 2026 жылы жергілікті атқарушы органның гранты негізінде білім алған 32 дәрігер медициналық ұйымдардағы еңбек қызметін бастайды.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылы қазақстандық және жетекші шетелдік медициналық ұйымдар базасында мамандарды оқыту бағдарламалары іске асырылып, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге жағдай жасалуда.