Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары)
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын сақтауын бақылау мақсатында төмендегі ақпаратты сіздердің назарларыңызға жеткіземін.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының базалық стандарттарын белгілейді.
Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес әрбір мемлекеттік қызметші еңбек және атқарушылық тәртіпті, сондай-ақ қызметтік әдепті сақтауға қажетті барлық шараларды қабылдауға тиіс.
Жоғары нәтижелерге қол жеткізу және қызметтің тиімділігін арттыру әрбір қызметкердің өз қызметі барысында қолданыстағы заңнаманы сақтауына тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларын сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеттерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметке қабылданған кезде үш күн ішінде сіз осы Кодекстің мәтінімен жазбаша түрде таныстырылдыңыз. Бұл Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекеттің айрықша сенімінің көрінісі болып табылады және мемлекеттік қызметшілерге жоғары моральдық-этикалық талаптар қояды.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттары
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:
қарапайым болуға, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауға;
мемлекет мүддесіне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруға;
заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға, мүдделер қақтығысынан аулақ болуға;
азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық танытуға, дөрекілікке, ар-намысты қорлауға, әдепсіздікке және орынсыз мінез-құлыққа жол бермеуге, өзінің әрекеті және мінез-құлқымен азаматтар тарапынан сынға себеп бермеуге;
іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, мемлекеттік органдардың, олардың өкілдерінің абыройы мен беделін азаматтардың алдында айқын түрде төмендететін әрекеттерге жол бермеуге;
лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты кез келген сипаттағы заңсыз уәделер бермеуге және заңсыз міндеттемелер алмауға;
қызметтік жағдайын жеке сипаттағы мәселелерді шешуде, сондай-ақ қоғамдық және діни бірлестіктердің, өзге де коммерциялық емес ұйымдардың мүддесіне қызмет етуде немесе оларға қатысты өз көзқарасын насихаттауда пайдаланбауға;
мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оны тек тікелей мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттер мен рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалануға;
лауазымдық міндеттерін адал орындауға кедергі келтіретін заңсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді көздемеуге;
қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, құмар ойын орындарына барудан бас тартуға.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:
жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, қарапайым болуға, көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланбауға және қоғамдық адамгершілікке қайшы келетін, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеуге тиіс.