уыл шаруашылығын дамыту – Жаңасемей ауданының экономикалық негізі
Жаңасемей ауданының экономикасының маңызды саласы болып табылатын ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда.
Ауыл шаруашылығы - аудан тұрғындарының өмірінде айрықша рөл атқарып, жергілікті экономикаға сүбелі үлес қосып келеді.
Ауданның аграрлық саласы соңғы жылдары жаңа технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру бағытында серпінді даму үстінде.
- Биыл ауданда 13 623 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 427 гектарға егілді, бұл 1 600 тонна өнім жинауға мүмкіндік берді. Майлы дақылдар ішінде 4 550,3 гектарға егілген күнбағыс 2 075 тонна өнім берді. Ауданның картоп өндірісі де өз деңгейінде дамып, 1 315,2 гектар алқаптан 289 259 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, көкөніс егістігі де жақсы нәтижелер көрсетіп, 334,9 гектардан 10 100 тонна өнім жиналып, нарыққа шығарылды, - деді аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Омар.
Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаумен тікелей байланысты. Биыл аудан бойынша 29 шаруашылыққа 424,05 млн теңгеге 37 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамытуға 130,4 млн теңге, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерге 15,1 млн теңге субсидия бөлінді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 151 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидия берілді.
Қазіргі уақытта аудан аумағында 4 466 гектар алқап заманауи суару жүйелерімен қамтылған. Оның ішінде 3 923,1 гектары жаңбырлатып суару, 326,8 гектары тамшылатып суару әдісімен өңделуде. Бұл әдістер су ресурстарын үнемдеп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні ауданда 61 123 бас ірі қара, 78 449 бас қой-ешкі тіркелген. Биыл Достық ауылдық округінде 200 басқа арналған сүт-тауарлы ферма ашу жоспарланған.
- Алдағы 2026 жылы өңірде жылдық қуаты 7 200 тонналық ет комбинаты мен 3 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылмақ. Бұл жобалар өңірдегі ет және сүт өндірісін арттыруға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын, - деді әкім орынбасыры.
Жаңасемей ауданы аграрлық саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Мемлекеттік қолдау, жаңа технологиялар мен еңбекқор шаруалардың нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, ауыл экономикасына айтарлықтай үлес қосуда.