Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «өте жоғары этика және кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылатындығын» атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы - "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидалары.
Мемлекеттік қызметшінің этикасы – бұл осы қоғамға тиесілі неғұрлым саналы және нақтыланған және жалпыадамзаттық мораль нормалары болып табылатын мемлекеттік қызметтік қатынастардағы мінез-құлық нормаларының, іс-әрекеттер мен ережелердің, өзара қарым-қатынастар мен қағидаттардың жүйесі.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік
2) адалдық
3) әділділік
4) ашықтық
5) сыпайылық
6) клиентке бағдарлану
Барлық қағидаттарды сақтай отырып, мемлекеттік қызметші жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан, өзінің функционалдық міндеттерін кәсіби және жауапкершілікпен орындайды, заңды шешімдер қабылдайды. Мемлекеттік қызметшінің этикасы кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу болып табылады. Ол ашық болуы керек, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын, өз іс-әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау – қызметтік этиканы сақтау қағидаттарының бірі.
Мемлекеттік қызметшілер клиентке бағдарлануы, яғни мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына бағдарлана отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде және өтініштерді қарау кезінде бюрократия мен әуре-сарсаң көріністеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
Мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік міндеттерін атқара отырып, кішіпейіл болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және дұрыс емес мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өз әрекеттері мен мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себеп бермеуге тиіс.
Әрбір мемлекеттік қызметші биліктің өкілі ретінде әрекет ете отырып және заңмен ерекше міндеттер мен өкілеттіктер беріле отырып, іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелерін сақтауды есте сақтауға, азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге тиіс.