
2023 жылдың 15 қыркүйек күні сағат 15:00-де «Абай ауданы білім бөлімі»ММ ұжымының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығының көрермен залында ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Досымхан Тоққариннің «Шыңғыстау - шежірелі білім ордасы» кітабының тұсаукесер жиыны болып өтті. Шараға ел Президентіне бата берген батагөй абыз қарт Имаханов Әбдеш, Абай аудандық мәслихатының төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, Қоғамдық кеңес төрағасы Аманғазин Төлеубек Аманағазыұлы, Ұлы Абай атамыздың ұрпағы Толғанбаев Манатай Балтақайұлы, Абай облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Амирханова Макия Кобентаевна, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің аға ғылыми қызметкері, доцент Сұлтанов Өмірзақ, Абай облысы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Кәріпбаев Сәтжан, жазушының ұрпақтары мен замандастары, білім саласының қызметкерлері мен ардагер ұстаздар қатысты.
Жазушы–педагог Досымхан Тоққарин 1960 жылы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет жолын бастаған. Аудандық Оқу бөлімінің инспекторы, Қарауыл мектеп интернатында директор қызметтерін атқарған. Партия, совет орындарында жауапты қызметтер атқарған. Ардагер педагог баспасөз беттерінде баланы оқыту, тәрбиелеу, еңбекке, кәсіпке баулу, белсенді тұлға етіп өсірудегі маңызды мәселелерді көтерген. 1995 жылы еңбек жолын аяқтаған. Зейнеткерлікке шыққан соң «Шыңғыстың білім ордасы», «Аталар жолы», «Нұрлы жол», «Өмір жолы», «Білімнің шежірелі ордасы» көлемді кітаптары жарық көрген.