Өтпелі экономикасы бар елдерде әлеуметтік диалогты қолдау мен дамыту аса маңызды. Әлеуметтік әріптестік, яғни трипартизм — мемлекет, жұмыс берушілер және қызметкерлер ұйымдары арасындағы мүдделерді үйлестірудің негізгі құралы.
Үшжақты ынтымақтастық — бұл тең құқықтық негізде жүргізілетін келіссөздер, ымыраға келу және әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің әлеуметтік-саяси тетігі.
Тарихы және құқықтық негізі
Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік жүйесінің қалыптасуы 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы» Қаулысымен басталды.
Осы Қаулыға сәйкес:
- Үкімет, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында жыл сайын Бас келісім жасалады;
- министрліктер, салалық кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында салалық келісімдер жасалады;
- жергілікті атқарушы органдар, қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктері арасында өңірлік келісімдер жасалады.
Келіссөздердің басым бағыттары: халықты жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері және әлсіз топтарды әлеуметтік қорғау болып белгіленді.
Осылайша еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеудің көп деңгейлі жүйесі құрылды: мемлекет – сала – өңір – кәсіпорын.
Кейін «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» Заңның және Еңбек кодексінің қабылдануымен әлеуметтік диалог консультациялар мен келіссөздердің институционалдық тетігі мәртебесін алды. Қазақстан ТМД елдері ішінде әлеуметтік әріптестік туралы жеке заң қабылдаған алғашқы мемлекеттердің бірі.
Бүгінде негізгі нормалар ҚР Еңбек кодексінің 147-148-баптарында бекітілген.
Әлеуметтік әріптестік органдары
Республикалық, салалық және өңірлік деңгейде үшжақты комиссиялар жұмыс істейді.
Ең жоғары кеңесші орган — Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия — РҮК. Оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқарады. РҮК қызметі мынадай нысандарда жүзеге асады:
Республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптары ҚР ЕК 148-бап:
-Үкіметтен— уәкілетті мемлекеттік органдар;
- Қызметкерлерден: Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан еңбек конфедерациясы, «Қазақстан кәсіподақтары «Аманат» республикалық кәсіподақтар бірлестігі;
- Жұмыс берушілерден: «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясы.
Бірлестіктердің негізгі міндеттері: мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда мүдделерін білдіру, мүшелеріне құқықтық, экономикалық және консультациялық көмек көрсету.
Бас келісім
Жыл сайын тараптар Бас келісімді жасау бойынша келіссөздер жүргізеді. Бұл құжат республикалық деңгейде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің келісілген қағидаттары мен міндеттемелерін белгілейді.
Соңғы жылдары Бас келісімге жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық пен кедейлікті төмендету, еңбек өнімділігін арттыру, еңбекақы жүйесін жетілдіру, еңбекті қорғау, ішкі нарықты қорғау, әлеуметтік саладағы цифрландыру мәселелері енгізілуде.
Мысал ретінде: 2018-2020 жылдарға Бас келісімге қол қойылған болатын. Қазіргі уақытта 2024-2026 жылдарға арналған келісім күшінде. Салалық деңгейде де жаңа құжаттар қабылдануда, атап айтқанда мұнай-газ саласы бойынша 2026–2028 жылдарға арналған Отраслдық келісім және денсаулық сақтау саласы бойынша 2026-2028 жылдарға арналған келісім.
Қорыта келе, Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік бүгінде барлық тараптардың мүдделерінің тепе-теңдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін тиімді институционалдық механизм болып табылады.