МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ТУРАЛЫ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1)"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін қызметті алушыға "бір терезе" қағидаты бойынша беру жұмысын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі заңды тұлға;
1-1)информатизация саласындағы уәкілетті орган – информатизация және "электрондық үкімет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
1-2) серіктестік келісім – Мемлекеттік корпорацияның мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келетін және іріктеуден өткен кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін қызметті алушыға беру бойынша қызметтер көрсету үшін жасасқан келісімі;
1-3) серіктес ұйым – осы Заңға сәйкес серіктестік келісім жасасқан кәсіпкерлік субъектісі;
1-4) "бір өтініш" қағидаты – бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтердің жиынтығын көздейтін мемлекеттік қызмет көрсету нысаны;
2) "бір терезе" қағидаты – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызметті алушының құжаттарды жинауға және дайындауға қатысуын барынша азайтуды және оның қызмет көрсетушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін мемлекеттік қызметті орталықтандырылған түрде көрсету нысаны;
2-1) жасырын мемлекеттік қызмет – мемлекеттік қызметтің критерийлеріне сәйкес келетін, бірақ мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілмеген мемлекеттік функция;
3) қызметті алушы – орталық мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;
4-1) қоғамдық маңызы бар қызмет – үздіксіз негізде жүзеге асырылатын және қоғамның заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік қызмет;
4-2) Мемлекеттік корпорацияның мобильдік қосымшасы – Мемлекеттік корпорациямен бейнебайланыс арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған ақпараттандыру объектісі;
5-1) мемлекеттік қызметке қосымша сервис – қызметті алушының қалауы бойынша мемлекеттік қызметке қосымша ретінде жеке тәртіпте көрсетілетін қызмет;
5-2) жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлер мен жекеше практикамен айналысатын тұлғаларды, заң консультанттарын қоспағанда, жеке тұлғалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қызметтер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге нысандары;
7) алынып тасталды – ҚР 14.07.2022 ж. № 141-VII Заңымен
8) мемлекеттік қызметтер тізілімі – мемлекеттік қызметтердің жіктелген тізбесі;
10-1) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жоба – мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде процестерді, тәсілдерді өзгертуді сынақтан өткізу процесі;
13) алынып тасталды – ҚР 06.04.2024 ж. № 71-VIII Заңымен
14) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – өзінің құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
15) мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру – мемлекеттік қызметті электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетушінің әкімшілік процестерін түрлендіру рәсімі;
17) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік қызметтер көрсету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
17-1) проактивті қызмет – қызмет көрсетушінің бастамасы бойынша қызметті алушының өтінішісіз көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
17-2) реинжиниринг – ұйым қызметінің тиімділігін, сапасы мен нәтижелілігін арттыру мақсатында ағымдағы жұмыс процесін қайта құру;
17-3) стационарлық абоненттік құрылғы – сымдар бойынша берілетін электр сигналдары немесе радиосигналдар көмегімен абонент белгілеген қашықтықтағы ақпаратты беру немесе қабылдауды қамтамасыз ететін байланыс құралы;
17-4) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы – қызмет көрсетілетін аумақта тұрақты географиялық орналасқан жері болмайтын, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін, абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдалану байланыс құралы;