Мемлекеттiк сатып алу туралы

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      Осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оған мыналар қосылмайды:

      1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      2) кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      3) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетiлетiн қызметтер;

      4) мемлекеттік тапсырма;

      5) жарналар (салымдар) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру;

      6) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ведомстволары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      7) "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;

      8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:

      шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А-"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;

      қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға алып келмесе, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары
бойынша жүзеге асырылады;

      10) ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары сатып алатын, ғылым саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тәртіппен бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      11) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 15.07.2025 № 207-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 30.12.2024 № 149-VIII (31.12.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.03.2025 № 172-VIII (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.06.2025 № 196-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеті

      1. Мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілетін мемлекеттік саясатқа сәйкес мемлекеттік басқарудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуді, мемлекеттің міндеттері мен функцияларын қамтамасыз ету осы Заңның мақсаты болып табылады.

      2. Мемлекеттік сатып алу субъектілері үшін осы Заңда көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары арқылы мемлекеттік қаржыны және бюджетті тиімді басқару бойынша құқықтық негіздер құру осы Заңның міндеті болып табылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) анық емес ақпарат – біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің
растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

      2) аукциондық құжаттама – аукционға қатысуға арналған өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда аукционға қатысуға арналған өтінімге қойылатын талаптар, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;

      3) әлеуетті өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      4) әлеуетті өнім берушінiң үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      5) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға арналған өтінімге қоса берілетін, аукцион нысанасының бөлінген сомасынан бес пайыздан астам төмен бола алмайтын баға;

      6) бiртектi тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдастардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      7) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттiк сатып алудың және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;

      8) жұмыстар – заттық нәтижесi бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

      9) келісу комиссиясы – тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасудан жалтаруы салдарынан мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің жолданымдарын қарау үшін құратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган;

      10) конкурстық баға ұсынысы – конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынған, конкурсқа қатысуға арналған өтінімге қоса берілетін баға;

      11) конкурстық құжаттама – конкурсқа қатысуға арналған өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа қатысуға арналған өтінімге қойылатын талаптар, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;

      12) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесi жоқ қызмет;

      13) Қазақстан Республикасының резиденттерi – шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына сол мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар азаматтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шетелде уақытша жүрген немесе оның шегiнен тысқары жерлерде мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтары;

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және оның шегiнен тысқары жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;

      Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерде орналасқан дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;

      14) мемлекеттік сатып алу – тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген ақша және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;

      15) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы (бұдан әрі – бірыңғай ұйымдастырушы) – Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдігі немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі айқындаған, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      16) мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі – веб-портал арқылы және онда қамтылған шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, өткізу, орындау және бақылау туралы ақпарат негізінде "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері жүзеге асыратын жүйелі түрде жинау, қорыту және талдау процесі;

      17) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы (бұдан әрі – ұйымдастырушы) – осы Заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе өзін құрған заңды тұлғаның атынан әрекет ететін құрылымдық бөлімше;

      18) мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      19) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      20) мемлекеттік сатып алу субъектілері – әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, бірыңғай оператор, уәкілетті орган, сарапшы, сараптама комиссиясы;

      21) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында веб-портал арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;

      22) нұсқама – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын және (немесе) оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ осы бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қабылдау үшін бақылау объектілеріне жіберілетін, уәкілетті органның орындалуы міндетті әкімшілік актісі;

      23) орнықты мемлекеттік сатып алу – тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны өмірлік циклінің бүкіл мерзімі бойында оңтайлы және тиімді жұмсауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілеріне қол жеткізу мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      24) өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда тапсырыс берушiмен жасасқан шартта оның тарапы ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      25) сараптама комиссиясы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып, бірыңғай ұйымдастырушы, ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

      26) сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы тартатын, өткізілетін мемлекеттік сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнаулы және (немесе) техникалық танымы, тәжірибесі мен біліктілігі бар жеке тұлға;

      27) тапсырыс берушілер – мүліктік кешендер ретіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;

      28) тауарлар – нәрселер (заттар), оның iшiнде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәрiздес күйдегi шикiзат, электр және жылу энергиясы, зияткерлiк меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу мен сату мәмiлелерiн жасасуға болатын заттық құқықтар;

      29) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқоры – веб-порталдың бір бөлігі болып табылатын, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қалыптасқан ең төмен, орташа және ең жоғары бағалар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық кіші жүйе;

      30) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – уәкілетті орган айқындаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;

      31) толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт – жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ жобалар мен көрсетілетін техникалық қадағалау қызметтеріне ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді қоспағанда, көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарларды беруді және қызметтер көрсетуді қамтитын, объектіні салу және оны пайдалануға беру жөніндегі кешенді жұмыстар нысанасы болып табылатын, шарт;

      32) ұлттық режим – егер мұндай режимді ұсыну туралы талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленсе, шетелде шығарылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілерге Қазақстанда шығарылатын тауарлармен, орындалатын жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілермен тең шарттарда мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беруді көздейтін режим;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      32-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 18.07.2025 № 215-VIII (01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      33) форматтық-логикалық бақылау – веб-порталда орнатылатын, веб-порталды пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық шектеулер кешені;

      34) электрондық әмиян – әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші бірыңғай оператордың шотына ақша салған кезде оның:

      мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуге;

      шарттың орындалуын қамтамасыз етуге;

      авансты қамтамасыз етуге (егер шартта аванс көзделсе);

      демпингке қарсы соманы енгізуге байланысты операцияларын көрсету үшін бірыңғай оператор пайдаланатын әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің жеке шоты;

      35) электрондық дүкен – бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын талаптарға сәйкес келетін электрондық сауда алаңдарында орналасқан деректерді агрегациялауды қамтамасыз ететін веб-порталдың кіші жүйесі;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      36) тармақшаны алып тастау көзделген – ҚР 18.07.2025 № 215-VIII (01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      36) электрондық тауарлар каталогы – мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған веб-порталдың ақпараттық кіші жүйесі.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 15.03.2025 № 172-VIII (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.05.2025 № 188-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.06.2025 № 196-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

5-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасы арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

      5) қазақстандық тауар өндірушілерге, жұмыстарды орындаушылар мен қызметтерді көрсетушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

      6) мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі;

      7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу;

      8) орнықты мемлекеттік сатып алуды дамыту.

      2. Заң ұқсастығын немесе құқық ұқсастығын қолдану процесінде мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілері осы баптың 1-тармағында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарына сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 188-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі

      1. Мемлекеттік сатып алу процесі мыналарды қамтиды:

      1) мемлекеттік сатып алуды жоспарлау;

      2) өнім берушіні таңдау және онымен шарт жасасу;

      3) шартты орындау.

      2. Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген ақша немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс берушілер даму жоспары немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейінгі сатыларда да, нақтыланғанға дейінгі сатыларда да жеке әзірленеді және бекітіледі.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін қолданылады.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына ауысады.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілген (нақтыланған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді (нақтылайды).

      Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 3), 6), 21), 22), 23) және 24) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгізілуге жатпайды.

      3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) жасаған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді біртекті түрлері және беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

      4. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтықта бюджетке (даму жоспарына), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген ақшаға немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекітуге (нақтылауға) жол берілмейді.

      5. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, оны веб-порталда орналастыруға міндетті.

      6. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.

      7. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды веб-порталда орналастыруға міндетті.

      8. Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 3), 6), 21), 22), 23) және 24) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол берілмейді.

      9. Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде бірыңғай оператор осы Заңның 15-бабы 5-тармағының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының (бастапқы бағаларының) құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      10. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, бюджетті (даму жоспарына сәйкес ақшаны), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген ақшаны немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес ақшаны басқа тапсырыс берушіге қайта бөлуге, сол сияқты мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      11. Тапсырыс беруші не ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 10-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.

      12. Мемлекеттік сатып алу процесі, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға жауапты тұлғаларды айқындау тәртібі, сондай-ақ өзге де шарттар осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      13. Бірыңғай ұйымдастырушылар орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды уәкілетті орган бекітетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі (тізбелері) бойынша, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 10.02.2025 № 164-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.03.2025 № 172-VIII (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) осы әлеуетті өнім беруші басшыларының, құрылтайшыларының, ірі акционерлерінің және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары, сондай-ақ құрылтайшының өзі, ірі акционер және олармен үлестес тұлғалар өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

      2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері тапсырыс берушіге не ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де жұмыстар, қызметтер көрсетіп жатса және (немесе) көрсеткен болса, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің қатысуын қоспағанда, мемлекеттік сатып алудың нысанасы құрылыс-монтаждау жұмыстары, техникалық қадағалауды жүзеге асыру және жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтер болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге тапсырыс беруші, бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Бұл талап толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарттар бойынша жұмыстарға, сондай-ақ халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес іске асырылатын жобаларға қолданылмайды;

      3) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері және олармен үлестес тұлғалар мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiндегі заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;

      4) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің басшысы тапсырыс берушімен үлестес заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;

      5) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болса;

      6) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылатын әлеуетті өнім беруші мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері болса;

      7) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;

      8) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның басшысы (басшылары), құрылтайшысы (құрылтайшылары) немесе ірі акционері бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаса;

      9) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының), олардың басшысының, құрылтайшысының немесе ірі акционерінің, сондай-ақ олармен үлестес тұлғалардың атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және оларды атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Осы талап осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қолданылмайды;

      10) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушісі мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса;

      11) әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлескен орындаушы) және (немесе) олардың басшысы, құрылтайшылары (акционерлері) жаппай жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілсе;

      12) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның құрылтайшылары (акционерлері) және (немесе) олардың құрылтайшыларының (акционерлерінің) үлестес тұлғалары тіркелген жері салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшор аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлғалар болып табылса;

      13) әлеуетті өнім берушіге қатысты бұрын жасалған шарттар бойынша мерзімі өткен және орындалмаған шарттық міндеттемелер бойынша заңды күшіне енген сот шешімі шығарылса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      2. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген шектеулер Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiнде және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде тұрған әлеуетті өнім берушілерге де қолданылады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің және әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасының конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір лотқа қатысуға құқығы жоқ.

      Құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

      Инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

      4. Жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын әлеуетті өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда веб-портал мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін автоматты түрде қабылдамауға тиіс.

      5. Өз мүддесінде мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тапсырыс берушінің осындай сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға құқығы жоқ.

      6. Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында осы баптың талаптарын бұзушылықтарды анықтай алады.

      7. Уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы баптың талаптарын бұзушылық фактісі анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер осындай факт шарт жасалғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер осындай факт шарт жасалғанға дейін анықталған болса, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері хабарламаға қоса берілуге тиіс.

      8. "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлері сақтандыру шартын жасасуға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 15.03.2025 № 172-VIII (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер

      1. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласында:

      әлеуетті өнім берушілердің;

      тапсырыс берушілердің;

      шарттардың;

      мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың;

      шағымдардың;

      әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесінің тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.

      Тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Тапсырыс берушілердің тізілімі өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді.

      3. Шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан шарттардың тізбесін білдіреді және шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды.

      Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 6), 12), 21), 22) және 24) тармақшаларында және 26-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер шарттардың тізіліміне енгізілуге жатпайды.

      4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

      1) анық емес ақпаратты берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

      2) жеңімпаз деп айқындалған, шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

      3) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өнім берушілердің;

      4) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда тапсырыс беруші шарт бұзылған не шарттың қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарттың талаптарын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, бұған жиынтығында мынадай:

      1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;

      2) шарттық міндеттемелерді орындау;

      3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы талаптарын қанағаттандыратын жағдайлар қосылмайды.

      5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін уәкілетті орган тапсырыс берушінің әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырады.

      Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші соттың осындай шешімін веб-портал арқылы алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін жүгінеді.

      6. Осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, әлеуетті өнім беруші өзіне осындай тізілімге енгізілгені туралы мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына өзін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.

      Келісу комиссиясы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім қабылданған жағдайда тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінеді.

      Уәкілетті орган келісу комиссиясының шешімін ескере отырып, әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім шығарады.

      Келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

      Уәкілетті орган келісу комиссиясының үлгілік ережесі мен жұмыс тәртібін бекітеді.

      7. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.

      8. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы туралы мәліметтерді алып тастауға мыналар негіз болып табылады:

      1) осы баптың 7-тармағының бірінші және екінші бөліктерде белгіленген мерзімдердің өтуі;

      2) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;

      3) уәкілетті органның әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы оның жолданымын келісу комиссиясының қарау қорытындылары бойынша қабылдаған шешімі.

      9. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.

      10. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер веб-порталда орналастырылады және төлемақы алынбастан, жалпыға бірдей қолжетімді болуға тиіс.

      11. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.

      12. Шағымдардың тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің веб-портал арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.

      13. Әлеуетті өнім берушілердің тізілімдері, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибелері мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерден алынған әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес веб-порталда қалыптастырылатын электрондық дерекқорды білдіреді.

9-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді қолдану

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға, тиісінше бейрезиденттер-әлеуетті өнім берушілер орындайтын жұмыстарға, көрсететін қызметтерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда және шарттарда ұлттық режим қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып қоюды белгілеуге құқылы.

      3. Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 188-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Дата публикации
03 сентября 2025