Су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың көпшілігі адамдардың абайсыздығынан, өз мүмкіндіктерін асыра бағалауынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және қарапайым сақтық шараларын елемеуінен орын алады.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
Суға түсер алдында су айдынының ерекшеліктерін зерттеп, тек арнайы жабдықталған демалыс орындарын таңдау қажет. Су түбінде жарақатқа әкелуі мүмкін тастар, бұтақтар, металл конструкциялар, сынған әйнектер және басқа да қауіпті заттар болуы мүмкін.
Ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған арсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру дәрісі өткізілді. Іс-шара барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, заңнама талаптары және адалдық қағидаттарын сақтау маңыздылығы түсіндірілді.
Дәріс қорытындысында қатысушылар өзекті сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Абай облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбековтің төрағалығымен 18-19 желтоқсан күндері басқарманың қалалар мен аудандардағы жұмыстарына жауапты мамандармен жоспарға сәйкес екі күндік оқу-әдістемелік жиын өткізілді.
Аталған жиынды өткізудегі негізгі мақсат – жергілікті атқарушы органдардың жауапты мамандарының сала бойынша білімін жетілдіру, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдардың үйлесімділігі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ 2025 жылы орын алған төтенше жағдайларды талдау арқылы практикалық тәжірибе алмасу болды.
Жиынның барысында азаматтық қорғаныс жүйесі бойынша «Төтенше жағдайлар», сонымен қатар, биыл болған дала және орман өрттері, су басу жағдайлары жан-жақты талқыланып, жергілікті атқарушы органдар мамандарының атқарған іс-әрекеттеріне талдау жасалды. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі бойынша тренинг өткізіліп, «Орындаушылық тәртіп» тақырыбында дәріс оқылды. Бұл бағытта тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, жұмылдыру дайындығы бойынша атқарылған жұмыстар қаралып, жоспарлау құжаттарының жай-күйі талқыланды. Қыс мезгілінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты автокөлік жолдарының жабылуы салдарынан қар құрсауында қалған адамдарды құтқару, оларды уақытша орналастыру, ыстық тамақпен, медициналық және психологиялық көмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікірталас өткізілді. Осылайша, теориялық білім мен практикалық жаттығулар ұштастырылып, төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимылдарды жетілдіруге баса назар аударылды.
2025 жылы лауазымдық міндеттерін адал атқарған, дала және орман өрттері, су басу және өзге де төтенше жағдайлар кезінде белсенділік танытқан, қойылған тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындаған мамандар мен ауылдық округ азаматтары басқарма атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
2025 жылғы 12-13 қараша аралығында облыс басқармалары және қалалар мен аудандар әкімдіктерінің қатысуымен әскери міндеттілерді броньдау бойынша 11 қарашада облыс әкімшілігінде оффлайн семинар өткізілді.
Ардақты Абайлықтар!
Құрметті жерлестер!
Бүгін сіздерге арнайы бейнеүндеу жасауды жөн көрдім.
Абай облысы ұлы тұлғаның атымен аталған, алаш арыстарының ізі қалған тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Шын мәнінде, біздің аймақ тоғыз жолдың торабында тұр. Ертістің екі жағасын жалғаған жалғыз көпірден екі алып көршімізге қарай көлік ағыны өтеді. Бұл тұрғыдан алғанда Семейіміз аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те жүктейді. Шаһарымыздың тазалығы мен аймағымыздың абыройы сыналатын да осы тұс.
Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жөнінде «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», – деп атап өткен болатын.
Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Облысымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі. Бір-бірімізге жанашырлықпен, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарамасақ, күнделікті жүретін көшелерімізді, балаларымыз ойнайтын аулаларымызды сырттан келіп ешкім тазалап бермейді.
Осы мақсатта Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біз облысымызда жалпыөңірлік сенбілікті бастағалы тұрмыз. Бірақ бұл бір реттік акция емес, жыл бойы жалғасатын жақсы дәстүрге айналуы тиіс.
Бастаманың баянды болуына септігі тиер деген ниетпен, біз арнайы байқау жариялап, «үздік аудан», «үздік ауыл», «үздік аула», «үздік университет», «үздік колледж», «үздік мектеп», «үздік балабақша», «үздік көше», «үздік мекеме» номинациялары бойынша шынайы жанашыр жандарды анықтаймыз. Әрине, жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар да тағайындалады.
Қадірлі Абай облысының тұрғындары!
Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз!
Мен осы ретте бизнес өкілдерін, іргелі оқу орындарын, патриот жастар мен еріктілерді, бірлігі жарасқан кәсіпорындар мен ұйымдарды осы игі іске белсенді атсалысуға шақырамын.
Биыл аймағымыз атын иеленген ұлы Абайдың 180 жылдығы! Президентіміз айтқандай, бұл мерейтойды лайықты деңгейде атап өтуіміз керек. Біз бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай бірігіп, бұл шараны жақсы атқаруға тиіспіз. Бірлік танытатын тұстың бірі – осы сәт, ағайын. Себебі біз еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға көркем де, таза қаламызды ұялмай көрсете алуымыз керек.
Облыс орталығы ретінде екінші тынысы енді ашыла бастаған қаламыз ешбір шаһардан кем емес. Біз еліміздің мегаполистері Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларынан үлгі алуымыз керек.
Жалпы, тазалық акцияларына ерекше мән беретін шет мемлекеттер де аз емес. Территориясы біздің облыстан бірнеше есе кіші Эстонияда басталған осындай акция «Әлемдік тазалық күніне» айналды. Ал бәріміз білетін, тазалық мәдениеті қалыптасқан Жапонияда «Тазалық күндері» іс-шарасы жиі өткізіледі.
Қоғамдық орынның тазалығы — әр адамның мәдениеті мен ұлтқа деген құрметінің айнасы. Тазалықты сақтау — тек тәртіп емес, бұл — ішкі құндылығымыз. Дінімізде «Тазалық — иманның жартысы» делінсе, дана халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп бекер айтпаған. Бұл — халқымыздың өмірлік философиясы мен бүгінгі талапқа сай ұстанымының үндесуі.
Облыс әкімдігі тазалыққа байланысты міндеттерін орындай береді. Қордаланған мәселелер рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешіледі. Биылдың өзінде облыста 400 шақырым жол жөнделіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 223 шақырым жол қайта жаңғыртылады. 77 мың түп ағаш егіледі.
Сондай-ақ, биыл Семей қаласында 22 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Оның 11-і сол жағалауда, 11-і оң жағалауда. 8 қоғамдық орын жаңартылады.
Биыл облыс орталығында 210 автобус аялдамасы орнатылады. 60 жаңа автобус аламыз. Қала жолдарын тазалау үшін мердігер компаниялар қазірдің өзінде түрлі типтегі 10 арнайы техника сатып алды. Алдағы уақытта да көше тазалайтын техникаларды алатын боламыз.
Биыл Семейдегі 10, аудандардағы 100-ге жуық көшені жарықтандырамыз.
Сондай-ақ, Семейдегі жылу жүйелерін жаңғырту мақсатында 6 жоба іске аспақ. Бұл жылу тапшылығын айтарлықтай азайтады. Демек, мектеп, балабақша, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен ірі сауда орындарын салуға мүмкіндік туады.
Қадірлі жерлестер!
Абай облысының әрбір тұрғыны туған жердің тазалығына, көркеюіне бірге үлес қосайық. Алыптар түлеген киелі топырақтың ажарына әр беру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз! Баршаңызды жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Бастаманы барлығыңыз бір адамдай қолдайды деп сенемін. Биыл күзде сіз болып, біз болып тазалық акциясының жеңімпаздарын бірге анықтайық
Ендеше, іске сәт деймін. Бастамамыз берекелі болсын!
Биылғы көктемде Абай облысындағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі – Шүлбі су қоймасында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды оқу-жаттығу өтеді.
Қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған бұл жаттығу аймақ үшін аса маңызды. Себебі, көлемі 49 шаршы шақырымды, ұзындығы 125 шақырымға дейін созылатын Шүлбі су қоймасы – өңірдегі стратегиялық маңызы зор нысан. Ол электр энергиясын өндіру, су ресурстарын реттеу және ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады. Сондықтан да мұнда кез -келген төтенше жағдайдың алдын алу және онымен күресу жолдарын үздіксіз жетілдіріп отыру қажет.
Аталған оқу-жаттығу Абай облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бастамасымен ұйымдастырылады. Басқарма басшысы Ақылжан Ақылбеков бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті: "Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, біз алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз. Бұл жаттығудың басты мақсаты – тұрғындар мен жауапты мамандардың төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру. Құтқару қызметтері мен жергілікті билік құрылымдарының үйлесімді жұмысы – төтенше жағдайлардың алдын алудағы негізгі факторлардың бірі" – деді ол.
2025 жылдың көктемінде өтетін оқу-жаттығу барысында су тасқынына қарсы іс-қимыл, апатты жағдайларда құтқару жұмыстары және төтенше оқиғаларды жою шаралары пысықталмақ. Оған жергілікті атқарушы органдар және Шүлбі су қоймасының мамандары қатысады. Сондай-ақ, жаттығу барысында жергілікті тұрғындарды да төтенше жағдайларға дайындыққа баулу жоспарланып отыр.
"Біздің басты мақсатымыз – адамдардың өмірін сақтау және нысанның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету. Жаттығу кезінде түрлі сценарийлер қарастырылып, шұғыл әрекет ету шаралары жан-жақты тексеріледі," – деп атап өтті Ақылжан Ақылбеков.
Мамандардың айтуынша, бұл оқу-жаттығудан алынған тәжірибе аймақтың төтенше жағдайларға дайындығын күшейтіп, құтқару қызметтері мен жергілікті билік органдарының өзара әрекеттесу тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Абай облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі
Абай облысында 2024 жылғы әскерге шақыру науқаны қорытындыланды
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтің жетекшілігімен 2024 жылғы әскерге шақыру науқанының нәтижелері қорытындыланды. Жиында қол жеткізілген көрсеткіштер мен туындаған мәселелер кеңінен талқыланды.
Абай облысы қорғаныс департаментінің басшысы, полковник Руслан Омаровтың мәлімдеуінше ҚР ҚК Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің тапсырмасына сәйкес 2024 жылы көктемгі және күзгі шақырулар бойынша жалпы 1402 адамға наряд берілген. Жыл соңына дейін 1422 жерлесіміз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, жоспар 101,4% орындалды.
«Облысымыз әскерге шақыру жоспарын табысты орындап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл облыс әкімшілігі мен жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бірақ әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Олар бойынша нақты шаралар қабылданып, келесі науқанда үздік нәтижелерге жету көзделуде», -деді полковник.
Жиын барысында туындап отырған мәселелер жайы да сөз болды. Ал оларды шешу үшін заманауи диагностикалық жабдықтар сатып алу, медициналық комиссияларды оңтайландыру және олардың жұмысын орталықтандыру, қаржы үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды қолдану сияқты шараларды қолға алу ұсынылды.
Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі
Абай облысында төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша комиссия отырысы өтті
2024 жылғы 27 желтоқсанда Абай облысы әкімінің орынбасары Гариков Д.А. төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыста жаңа жыл мерекесі кезінде төтенше жағдайларға коммуналдық, жол және жедел қызметтердің күштері мен құралдарының дайындығы, қауіпті аймақтардан халықты қауіпсіз аудандарға эвакуациялау және уақытша орналастыру орындарының дайындығы, басқару пункттерін жеткізу және оларды қажетті мүлікпен жабдықтау жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар зардап шеккендерге арналған далалық госпитальдер мен лагерьлерді мүлікпен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.
Жиналыс барысында жаңа жыл мерекесі кезінде ықтимал төтенше жағдайларға дайындық шаралары жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
2024 жылдың 25-26 желтоқсан аралығында хаттамалық тапсырмаға сәйкес жұмылдыру дайындығы мен азаматтық қорғауға жауапты адамдармен сабақ өткізілді, оның барысында халықты қорғау мәселелері талқыланып және өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы шығарылып, 2025 жылға арналған міндеттер қойылды.
Желтоқсанның 15-нен 16-на қараған түні күрделі ауа райына байланысты Жарма және Аягөз аудандарының төтенше жағдайлар қызметі жедел әрекет етіп, азаматтардың өміріне араша түсті.
Осы түнде Семей-Үржар бағытында жүріп, қар құрсауында қалған «Van Hool» маркалы автобустың жолаушылары Қалбатау ауылына орналастырылды. Автобуста 2011-2012 жылы туған 20 баланы қосқанда барлығы 47 жолаушы болған. Жолаушыларды орналастыру іс-шаралары Жарма ауданының жергілікті атқарушы органдары, полиция бөлімшесі және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Аягөз ауданының аумағында да ауа райының қолайсыздығына байланысты «Семей – Барлық Арасан», «Өскемен – Алматы», «Бақты – Семей» бағытында жолға шыққан жолаушылар автобустарының қозғалысы шектелді.
Жергілікті атқарушы органдардың және жол қызметінің күшімен бұл автобустардағы 83 жолаушы (68 ересек және 15 бала) Аягөз қаласындағы спорт мектебіне жеткізіліп, жылыту пунктіне орналастырылды. Жолаушылардың барлығы медициналық көмекті қажет етпеді.
Аязды күндері жолда қалған азаматтарды жылыту пункттеріне орналастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Жергілікті атқарушы органдар, полиция және төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Жағдай облыс әкімінің орынбасары Д.Гариковтың бақылауында.
Аймақ басшысының орынбасары азаматтарды ауа райы болжамын бақылауға, сапарға шығар алдында жол жағдайы туралы мәлімет алуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
«Қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бірлесе жұмыс істеу – баршамыздың ортақ міндетіміз», -дейді Димитрий Гариков.