Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде негізгі буын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, олардың туындауына ілеспе жағдайлар мен себептерді анықтау және азайту болып айқындалды.
Осыған байланысты мемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын болдырмау мақсатында алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау (сыртқы және ішкі) сияқты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу институттары енгізілді.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №307 бұйрығымен Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізудің қағидалары бекітілді, олар арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіндегі талдау жүргізу тәртібін айқындайды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидалары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы №22 бұйрығымен бекітілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының жағдайына, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, қорыту, талдау және бағалау жөніндегі қызметі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті уәкілетті орган және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қызметі; бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері; құқықтық статистика органдарының деректері зерделенеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг элементтерінің бірі сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдау және оның көріністеріне қарсы іс -мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелерін қарау болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге субъектілері жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жинақтайды. Нәтижелерді қорытындылау кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың жағдайы мен туындау себептерін сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды бағалау, қорытындылар мен жақсарту бойынша ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдайды бағалауды көрсететін талдамалық есеп қалыптастырады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша шешімдердің бірін қабылдайды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу.
Заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараларды жетілдіру үшін негіз бола алады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның бірінші басшыларының және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісінің, ал олар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқаратын не олардың лауазымдарын алмастыратын адамдардың бірлескен шешімі негіз болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бірлескен шешіммен құрылған жұмыс тобы 30 жұмыс күнінен аспайтын кезеңде жүргізеді.Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге уәкілетті орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау ақпаратты жинау, жинақтау, талдау және талдамалық анықтама жасау кезеңдерін қамтиды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің қызметіне әсер ететін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) персоналды басқару, оның ішінде кадрлардың ауысуы;
3) мүдделер қақтығысын реттеу;
4) мемлекеттік қызметтер көрсету;
5) лицензиялау функцияларын орындау;
6) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру;
7) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын басқа да мәселелер.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпаратты және анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі ұсынымдарды қамтитын екі данада талдамалық анықтама дайындалады.
Талдамалық анықтаманы жұмыс тобының мүшелері келіседі және бірлескен шешімде айқындалған уәкілетті органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің лауазымды адамдары қол қояды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықтамаға қол қойылған күннен бастап 6 ай ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды орындауына мониторинг жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау субъектісінің бірінші басшысы айқындайтын құрылымдық бөлімше, лауазымды адам (лауазымды адамдар) немесе оның шешімімен құрылатын жұмыс тобы жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау субъектісінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін, оның ішінде арнаулы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қоспағанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау субъектісінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алқалы, консультативтік-кеңесші органдарының отырыстарында жария талқылауға жол беріледі.