2026 жылға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы шеңберінде іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдан бастап республика көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Осыған сәйкес, 2026 жылғы 3 сәуір мен 31 мамыр аралығында аудан аумағында елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша екі айлық жарияланып, кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды.

2026 жылғы 4 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпы саны 17 сенбілік өткізілді. Аталған жұмыстарға аудан және ауылдық округ әкімдіктері, мемлекеттік мекемелер, жастар ұйымдары, еріктілер мен аудан тұрғындары белсенді қатысты. Сенбіліктер барысында көшелер, жол жиектері, қоғамдық орындар мен саябақтар қоқыстан тазартылып, жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Қураған және ретсіз өскен ағаштар кесіліп, ағаш түптері әктелді, елді мекендерді абаттандыру шаралары атқарылды.

Өткізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағынан 90 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, санитарлық жағдай айтарлықтай жақсарды. Сенбілік жұмыстарына 5000-нан астам тұрғын атсалысып, 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

2026 жылға жоспарланған 5000 түп ағаш отырғызу жоспарының 90 пайызы орындалып, бүгінгі күні 4500 түп ағаш егілді.

2026 жылғы 15 мамырда Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан 2385 түп қайың, күл, үйеңкі, терек және шырша көшеттері алынып, ауданның ауылдық округтеріне бөлініп берілді. Нәтижесінде барлық елді мекендерде ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 30 мамырда Қатонқарағай ауданынан жеткізілген 90 түп шырша Мақаншы ауылындағы көше бойлары мен мемлекеттік мекемелердің аумақтарына отырғызылды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде жаңа жол белгілері сатып алынып, ауылдық округтерге таратылды және орнату жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылғы 6 маусымда ECO Qadam форумы аясында 300-ге жуық жастың қатысуымен Алакөл көлі жағалауының 150 гектар аумағында ауқымды тазалық акциясы өткізілді. Іс-шара барысында жағалау аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған насихат жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл – бір реттік акция емес, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды қалыптастыратын ұзақ мерзімді жалпыұлттық қозғалыс. Әрбір азаматтың туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының маңызды кепілі болып табылады.

2026 жылға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы шеңберінде іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы
Дата публикации
07 июля 2026