GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Құжаттар
Қызметі
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
17 июля 2026
Smart City-де медиа орталықтың құрылысы басталды

Семей қаласындағы Smart City әкімшілік-іскерлік аймағында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Алматы қаласының Абай облысына тартуы ретінде медиа орталықтың құрылысы басталды.

Өңір басшысы Берік Уәли құрылыс алаңына барып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті.

Құрылыс басқармасының басшысы Серік Тлемісов медиа орталықтың құрылыс барысы туралы баяндап, нысанның ерекшеліктерімен таныстырды.

17 июля 2026
Берік Уәли бұрын соңды Семейде болмаған спорт нысаны бой көтеретінін айтты

Облыс әкімі Павлодар облысының тартуы – Үстел теннисі орталығының құрылыс алаңында да болды. Бүгін Smart City-де құрылыс жұмыстары ресми түрде бастау алды.

Жалпы ауданы 2580,61 шаршы метрді құрайтын спорт нысаны екі қабаттан тұрады. Мұнда негізгі холл, медицина және күзет кабинеттері, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар, төрешілер мен әкімшілік қызметкерлерге арналған кабинеттер, көрермендерге арналған трибуналар және өзге де қажетті үй-жайлар орналасады.

17 июля 2026
Қарағайлыда 700-ден астам пәтер салынып жатыр

Облыс әкімі Берік Уәли Қарағайлы шағын ауданында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда 13 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

2024 жылдың шілдесінде басталған жоба аясында 712 пәтер салынуда. Бүгінде ғимараттардың қаңқасы толық тұрғызылып, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жалғасуда.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

– Халықты баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Құрылыс сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс, – деді Берік Уәли.

17 июля 2026
Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Шығармашылық орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

Қазіргі уақытта Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Шымкент қаласының тартуы Шығармашылық орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Берік Уәли құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жалпы ауданы 1210,51 шаршы метрді құрайтын ғимарат үш қабаттан тұрады. Оның құрылымы оқу, жалпы мектептік және әкімшілік-шаруашылық блоктарынан құралған. Оқу бөлімі музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттарына бөлінеді. Жоба 150 оқушыға арналған. Мұнда балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жетілуіне барлық жағдай жасалатын болады.

29 января 2026
Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Ерлан Абаев қатысты.

Мемлекеттік арнаулы қордың қаражаты есебінен салынған нысан «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің аумағында бой көтерді. Аталған орталықта 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар, I және II топтағы мүгедектігі бар 400 қызмет алушыға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мұнда 1964 және 1970 жылдары салынған екі корпус бар.

Жаңа қосымша корпустың жалпы аумағы 6 281,8 шаршы метрді құрайды. Нысан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес келеді. Ғимаратта емдік-еңбек шеберханасы, медициналық кабинеттер, заманауи асхана мен буфет, шаштараз бөлмесі, кітапхана және жатын бөлмелер қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл мекеме ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді» деп әлеуметтік саланың маңызын айрықша атап өткен болатын. Жаңа ғимаратты пайдалануға беру халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес, бір адамға 5 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй алаңымен қызмет алушыларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша корпус санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қызмет алушылардың тұруы үшін де, орталық персоналының жұмысы үшін де неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайды, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырады. Облысымызда қайтарылған активтер есебінен 25 нысанның құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда үшеуінің құрылысы аяқталды. 22 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы 22 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осы игі іспен айналысқан прокуратура, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Абай облысы жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді облыс әкімі.

Нысан іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға сапалы қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша мұндай қызметке 101 адам кезекте тұр.

Облыста әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірде 23 800 мүгедектігі бар адам тұрады. 2026 жылы аймақтағы 15 мыңнан астам мүгедектігі бар жандарды техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 3,3 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 200 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып отыр. Облыста арнаулы әлеуметтік қызметтермен 6 мыңға жуық адам қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанында салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Бородулиха ауданында және Семей қаласында орналасқан қарттар үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Әлеуметтік мекемелердің қызметін арттыру мақсатында 20 автокөлікті (оның ішінде 7 инватакси) лизинг арқылы сатып алу жоспарланып отыр.

 

22 января 2026
Облыстағы ірі құрылыс жобаларының жүзеге асу барысы талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдегі құрылыс нысандары бойынша арнайы жиын өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында 16 жоба әзірленуде. Аталған акция шеңберінде облыстардан бөлек ұлттық компаниялармен де жаңа ғимараттар салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Семей қаласындағы Водный, Бобровка және Ұшақтар кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы салынуда. Облыс орталығында 18 жастан асқан азаматтарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме құрылысы аяқталды. Чиптер мен электронды қондырғылар өндіретін индустриялық парк пен 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды.

Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Жеке инвесторлардың есебінен Жаңасемей ауданында ірі ет комбинатының, Абай ауданында «Этно ауыл Жидебай» туристік кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Аймақ басшысы жиында әрбір ғимараттың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, құрылысы басталған барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, іргетасы қаланып, құрылысы кешеуілдеп жатқан ғимараттарға ерекше назар аударып, құрылыс қарқынын арттыру қажеттігін айтты. Салаға жауапты орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарының барысын қатаң бақылауда ұстап, жобалардың уақтылы іске асуын қамтамасыз етуді жүктеді.

«Бүгін кезекті рет өңірімізде салынатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайын, құрылыс барысын және туындаған мәселелерді талқылау мақсатында жиналып отырмыз. Облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және өңірді көркейту. Әр нысанның уақтылы және сапалы іске қосылуы өңірдің даму қарқынына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осындай жиынды үш аптада бір рет өткізіп тұрамыз. Әр нысан жеке бақылауымда болады», – деді аймақ басшысы.

20 января 2026
Абай облысында 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдегі 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары мен облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі және оларды қорғау шаралары қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бекжан Бапышев Мейрамбекұлы баяндады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 354 млрд теңгені құрады. 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі – 379 млрд теңге. Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар off-take келісім аясында бірнеше білім, спорт және мәдениет нысандары салынып жатыр.

2025 жылы Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында 16 жоба әзірленуде. Атап айтқанда, Достық үйі, көрме орталығы, Келешек мектебі, үстел теннисі орталығы, шығармашылық және медиа орталықтары, Ертіс өзенінің сол жағалауын абаттандыру, Жекпе-жек сарайы, Рәміздер алаңы, «Анаға тағзым» кешені, мешіт, стадион, ботаникалық парк, «Абай әлемі», руханият орталығы, желілік парк және қоғамдық кеңістігі бар мәдениет үйі жобалары қамтылған.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары мен құрылыс басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, барлық әлеуметтік нысандардың құрылысы мен off-take келісім аясындағы жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, 2026 жылға жоспарланған тұрғын үйді пайдалануға беру мен әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы пәтерлерді уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды.

«2026 жыл облысымыз үшін инфрақұрылымдық даму мен құрылыс саласында жаңа белестерге жол ашатын маңызды кезең болмақ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру – басты басымдықтардың қатарында. Осы мақсатта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу және инженерлік желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 2026 жылға арналған құрылыс жоспарлары облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың сұранысына сай қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталады», – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы
19 января 2026
Бесқарағай ауданының 3 ауылында мәдениет нысандары салынып жатыр

Бесқарағай ауданында ауылдық елді мекендердің мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында 100 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.

Айта кетейік, Беген ауылы – қазақ өнерінің көрнекті өкілдері, композитор, ақын Төлеген Мұхамеджанов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері әрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов дүниеге келген қасиетті мекен.

Жалпы, Бесқарағай ауданында 1 Мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 1 орталық кітапхана және 19 ауыл кітапханасы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Аудандық Мәдениет үйі жанында «Бесқарағай үні» ұлттық аспаптар ансамблі, «Экситон» халық би ансамблі, «Чародей» үлгілік би ансамблі және халық театры жұмыс істейді.

Аталған ауылдардағы нысандардың құрылысы биыл аяқталып, қолданысқа берілмек.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы
24 декабря 2025
Семейде заманауи Оқушылар сарайы ашылды

Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова, ВІ Group компаниясының негізін қалаушы Бауыржан Исабаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғалия Дәулетова қатысты.

Ғимараттың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа нысанның өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл нысан спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүмкіндіктері бар даму бағдарын беретін бірегей орталық болары сөзсіз. Оқушылар сарайы өңіріміздегі қосымша білім беру ұйымдары үшін әдістемелік орталыққа айналып, педагогтер мен оқушыларға арналған түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы Абай облысы құрылғаннан бергі салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан болып отыр. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-Министрдің 2024-2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс тоқтап қалған болатын. Биыл Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге қаражатты бөлдіріп, құрылысы қайта жанданды. Бүгін міне еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайының ашылуына жиналып отырмыз. Оқушылар сарайының орналасқан жеріне байланысты, балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлы кіріп-шығуы үшін арнайы жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір аталған көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.

Семей қаласында қазір қызмет атқарып тұрған Жастар сарайы 1991 жылы ашылған, одан кейін мұндай қосымша білім беру нысаны ашылмаған. Оқушылар сарайы – балалардың шығармашылығын, зияткерлік әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, білімді өмір салтына айналдыратын маңызды кеңістік. Осы игі іске үлес қосқан барлық әріптестерге, серіктестерге алғыс айтамын. Жаңа білім ордасы балаларымыздың арманына жол ашып, еліміздің болашағына қызмет етсін!», – деді облыс әкімі.

Құрылысы 2023 жылы басталған нысанның жалпы ауданы – 9 800 шаршы метр. Оқушылар сарайы 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алады.

Мұнда екі бассейн, хореография, шығыс жекпе-жегі, фитнес, үстел теннисі залдары, үстел ойындары, вокал және аспаптық музыка, дыбыс жазу, мүсін және ART студиялары, хореография, актерлік шеберлік, сәулет өнері, сондай-ақ VR технологияларын қолданатын ойындық-имитациялық оқыту кабинеттері жұмыс істейді. Ғылыми-техникалық бағыт аясында авиамодельдеу, жаңартылатын энергия көздері, аквапоника және гидропоника, нейрозертхана және нейроробототехника, 3D-басып шығару және модельдеу (M-TECH), бағдарламалау, видеография және кино, жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар, сондай-ақ астрономиялық обсерватория қарастырылған.

Гуманитарлық бағытта медиа-орталық пен көптілді лингвистика кабинеті (қазақ, орыс, ағылшын және басқа да шет тілдері) жұмыс істейді. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында психологиялық қолдау бағыты бойынша сенсорлық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті ашылған. Сонымен қатар тарихи-өлкетану бағыты шеңберінде коворкинг аймағы бар интерактивті кітапхана мен өлкетану клубы қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы
22 декабря 2025
Үржар ауданының Қабанбай ауылында медициналық пункт жұмысын бастады

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданындағы Ер-Қабанбай ауылындағы әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы елді мекендегі медициналық пункттің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда терапевт, акушер және ем-шара кабинеттері бар. Бір күнде 15 емделушіге дейін қабылдай алады.

Облыс әкімі медициналық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.   

«Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен облысымызда 2 жыл ішінде 65 нысан қолданысқа берілді. Соның жетеуі – Үржар ауданында. Бұл ауыл халқының денсаулығын жақсартуға, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы