Қазақстан Үкіметі «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын мақұлдады. Оны жүзеге асыру алдағы үш жылға – 2023 жылдың басынан 2025 жылдың аяғына дейін есептелген.
Жалпы, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысында 5700 орындық 11 мектептің (Семей қ. – 3600 орындық 5 мектеп, Аягөз ауданы – 900 орындық 2 мектеп, Ақсуат ауданы – 600 орындық 2 мектеп, Бесқарағай ауданы – 300 орындық 1 мектеп, Жарма ауданы – 300 орындық 1 мектеп) құрылысы жоспарлануда.
Ұлттық жобаның мақсаты – апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар орнының тапшылығын жою. Жаңа жайлы мектептердің концептуалды айырмашылығы – бірыңғай құрылыс нормасының сақталуы, пән кабинеттері мен зертханаларының толық жабдықталуы, 1-4 сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушылары үшін жеке блоктардың болуы, спорт залдарының саны оқушылар санын ескере отырып есептелетін болады, олар кіші және жоғары сыныптар үшін бөлек жоспарланады.
Балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Бейнекамералар, дыбыстық ескерту жүйелері, қауіп төнген кезде есіктерді автоматты түрде құлыптау мүмкіндігі – осының барлығы да жаңа мектеп ғимараттарын салуда да, пайдалануда да сақталуы тиіс стандартқа енгізілген.
Құрылысқа тапсырыс беруші ретінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы бірыңғай операторы болып отыр.
2023 жылға 5 мектептің құрылысы жоспарлануда, оның ішінде:
Екі мектеп бойынша (Семей қаласындағы Водный кентінде 600 орындық және Қарағайлы тұрғын ауданындағы 1200 орындық мектеп) мердігерлер анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Үш мектеп бойынша (Ақсуат ауылы, Бесқарағай ауылы, Аягөз қаласының Мясокомбинат шағын ауданы) конкурстық рәсімдер жүргізілуде.