Курчатов қаласының өткен кезеңге әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты баяндауға рұқсат етіңіздер.
Қала тұрғындарының саны 10 279 адамды құрайды.
Анықтама: ерлер – 5 134, әйелдер – 5 145. 0 жастан 6 жасқа дейін – 1 245, 7 жастан 15 жасқа дейін – 1 557, 16 жастан 62 жасқа дейін – 5 976, 63 және одан жоғары – 1 501.
Ағымдағы жылдың 3 айында туу көрсеткіші 34 баланы құрады (өлім көрсеткіші- 20 адам).
Жалпы Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, жекелеген көрсеткіштер бойынша өсу үрдісі байқалады.
Қала өнеркәсібі тау-кен және өңдеу салаларынан тұрады.
Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 111,8% өсу қарқынымен 1,1 млрд. теңгені құрады.
Көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындар – «ҮМЗ» АҚ байыту фабрикасы, «Азот» ӨК, «Мерусар және К» ЖШС филиалы және «КИП «Луч» ЖШС.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі - 72,5 млн. теңгені немесе 122,0% құрады.
Бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,5% өсіммен - 1,8 млрд. теңге.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі - 211,7 млн. теңге, өсу қарқыны-38,5% құрады.
Қаланың өз кірістері бойынша бюджеті 1,9 млрд. теңгені құрады, жоғары тұрған бюджеттен қосымша 501 млн.теңге сомасында трансферттер бөлінді.
Мемлекеттік кірістер басқармасымен жүргізілген жұмыс барысында жергілікті бюджетке 2,9 млн. теңге сомасында қосымша резервтер өндіріп алынды.
Азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін тұрақты негізде рейдтер жүргізіледі. Жыл басынан бері қаланың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын 344 сауда нысандарына 28 рейд жүргізілді.
Қалада бағаны тұрақтандыру үшін «Семей» ӘКК-ден төмендетілген бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері алынды.
(Бұл өнімдер қаланың 10 дүкенінде сатылды: картоп 1920 кг, сәбіз 520 кг, қырыққабат 684 кг, пияз 920 кг, күріш 550 кг, қарақұмық 200 кг, қант 600 кг, күнбағыс майы 327 литр).
Кәсіпкерлік
Ағымдағы жылдың басынан бастап жалпы 24,7 млн. теңгеге сомасына 2 жоба субсидияланды (сауда және қызмет көрсету саласындағы жобалар: 2 азық-түлік дүкені).
Тұрғын үй
Бүгінгі күні Курчатов қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 235 адам кезекте тұр.
Анықтама: мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері-119, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары – 73, көп балалы – 33, жетім балалар және ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-10.
Қалада кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарланған 8 бос көппәтерлі тұрғын үй бар. Ағымдағы жылы 4 бос тұрған үйді, одан кейін тағы 4 үйді қалпына келтіру жоспарланған, бұл кезекте тұрғандардың санын біршама азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Абай көшесі, 35 мекен-жайында орналасқан 1 көппәтерлі тұрғын үй оны қалпына келтіру шартымен жеке тұлғаға аукцион арқылы өткізілді, жұмысты бастау мамыр айында жоспарланған.
Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтерді үйде бес әлеуметтік қызметкер көрсетеді.
(Қалада мүгедектігі бар 226 адам бар: 1 топ – 24 (оның ішінде арбада отырғандар- 8), 2 топ – 76 және 3 топ – 75, мүгедектігі бар балалар – 51 адам (оның ішінде арбада отырған- 3 бала).
Әлеуметтік төлемдермен 3,6 млн. теңге сомасына 235 адам қамтылды, оның ішінде атаулы және мерекелік күндерге 229 адам – 3,1 млн.теңге, өтініш бойынша 6 адам 0,5 млн. теңге сомасына қамтылды.
Жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша 149 адам өтініш білдіріп, оның 81-і жұмысқа орналастырылды.
89 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 131 адам қамтылды (оның ішінде: 5-і әлеуметтік жұмыс орындарына; 27-сі қоғамдық жұмыстарға; 9 адам «Күміс жас» жобасы бойынша; 4 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтады, 1 отбасы (2 адам) ерікті қоныс аудару бағдарламасын пайдаланды).
Жалпы, қалада білікті мамандар жетіспеушілігінің мәселесі шешілмеген күйде қалып отыр, осы мәселе соның ішінде елдің оңтүстік өңірлерінен қоныс аудару бағдарламасының көмегімен шешіледі.
Анықтама: Құрамында 2 адамнан тұратын 1 отбасы Алматы қаласынан қоныс аударды. Сәуір айынан бастап 4 адамнан тұратын 1 отбасын көшіру жоспарланған, маусым айынан бастап оңтүстік өңірлерден 19 адамнан тұратын 3 отбасын көшіру жоспарланған.
Білім
Курчатов қаласында жалпы саны 1 618 оқушы және мектепалды сыныптарда 118 бала оқитын төрт жалпы білім беретін орта мектеп, жалпы саны 610 баладан тұратын үш балабақша және екі шағын орталық, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі-(305 бала), музыка мектебі – (120 бала) жұмыс істейді.
Жалпы білім беретін мектептерде 1-4 сыныптардың 656 оқушысы (100%) және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5-11 сыныптардың 101 оқушысы үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған.
Мектеп жасындағы 37 бала 2 елді мекеннен (Дегелен бекеті, Молдар ауылы) жалпы білім беретін мектептерге күнделікті тасымалдаумен қамтамасыз етілген.
Білім беру ұйымдарында балалар үшін қауіпсіз жағдайлар жасау мақсатында барлық мектептер, мектепке дейінгі мекемелер мен қосымша білім беру мекемелері дабыл, бейнебақылау жүйелерімен, турникеттермен, арнайы күзет қызметімен және дауыстық ескертумен жабдықталған.
Тәрбие жұмысы қазақ халқының ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделген «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» негізінде іске асырылады. Басты мақсат: жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде еңбекқор, адал, саналы азаматтарды тәрбиелеу.
Жұмыс әр оқушы өзін әр түрлі қызмет салаларында сынап байқап, өзін қоғамдық маңызы бар істер мен бастамаларды ұйымдастыруда және өткізуде бастамашы ретінде көрсете алатындай етіп құрылады.
Курчатов қаласының мектептерінде 74 үйірме (1236 бала) және 52 спорт секциясы (1167 бала) ұйымдастырылған.
Мектеп оқушылары үшін осы секциялар тегін болып табылады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары қосымша білім беру ұйымдарына (Балалар жасөспірімдер спорт мектебі, Шығармашылық үйі, Музыка мектебі) барады.
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында қалада жастар ұйымдарының жұмысы жүзеге асырылады: ҚР ҰЯО РМК жас ғалымдар мен мамандар кеңесі, Волонтерлік қозғалыстың фронт-офисі, «Amanat» партиясының Курчатов қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты, Курчатов қаласының «Жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігі, қала әкімі жанындағы кеңесші орган – Жастар ісі жөніндегі кеңес.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Курчатов қаласында бес жылдан астам уақыт бойы өткізілмеген КТК (көңілді тапқырлар клубы) өткізу қайта басталды. Ақпан айында мектеп КТК Лигасы, наурыз айында Абай облысының командалары мен қала ұйымдары өкілдерінің қатысуымен қала әкімінің кубогы үшін қалалық КТК өткізілді. Біздің құрама команда облыстық КТК қатысуды жоспарлап отыр.
Курчатов қаласының Жастар ресурстық орталығының жұмысы 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы рейтингтік жүйе бойынша Абай облысының жастар ресурстық орталықтары арасында көшбасшы орын алады.
1 маусымнан бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын бастап, әрқайсысында 50 адамнан тұратын 2 топты қосу жоспарланған.
Мәдениет
Қалада үнемі мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі (40 іс-шара).
Анықтама: Мәдениет және тілдерді дамыту мекемелерінің желісі: қалалық мәдениет үйі, қалалық кітапхана, достық үйі, тілдерді оқыту орталығы
Әр түрлі жанрларды (хор, хореографиялық, эстрадалық-вокалдық) қамтитын 12 шығармашылық ұжым (6 балалар мен 6 ересек, барлығы 200-ден астам адам) жұмыс істейді.
Қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарында республикалық, облыстық фестивальдар мен конкурстарға қатысатын 7 үйірме және 6 көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді
Есепті кезеңде мәдениет мекемелерімен 40-тан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде салтанатты жиналыстар мен мерекелік концерттер өткізілді.
Осы бағыт бойынша патриоттық, эстетикалық тәрбие жөніндегі жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі, жыл бойы өткізілетін іс-шаралар жоспарланған.
Анықтама: ағымдағы жылдың ақпан айында Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым» қалалық зияткерлік байқауы өтті; қазақ көркемөнер өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына арналған тақырыптық бағдарлама ұйымдастырылып, онда суретшінің өмірі мен қызметінің презентациясы көрсетілді, фойеде «Акварель» көркемсурет студиясының жас суретшілері мен қала мектептерінің оқушылары өздерінің үздік туындыларын қойған қалалық шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды, қалалық кітапханада «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы» диалог алаңы өткізілді.
Есепті кезеңнің мәдени-бұқаралық іс – шараларының қатарына 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана-асыл қазына» мерекелік концерті, «Наурыз Аруы» конкурстық бағдарламасы; «Ұлттық құндылықтар» театрландырылған қойылымынан басталған «Қош келдің, әз – Наурыз» бағдарламасы кірді.
Мерекеге қатысушылар қазақ халқының тұрмыстық өмірінен көріністер, мәдени мұра элементтерін, халықтық әдет-ғұрыптарды көрсетті.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше назар аударылады, наурыз айында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шаралар өткізілді.
Қалалық мәдениет үйі Курчатов қаласының «Бастау» кинотеатрының көмегімен даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Звонкая капель» ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды. Балалар мультипликациялық фильмді тамашалап, естелікке сыйлықтар алды.
Жылдан жылға қалалық кітапхананың кітап қоры артып келеді, ол қазіргі уақытта 33 831 дана кітапты құрайды.
Анықтама: ағымдағы жылы 2 847 оқырманға қызмет көрсетілді, берілген кітаптар – 9 518 кітап.
Балалар жасөспірімдер спорт мектебінің спорт секцияларында спорттың 10 түрі бойынша 600 оқушы жаттықтырылады (армрестлинг, волейбол, дзюдо, гір спорты, қазақ күресі, шаңғы жарысы, футбол, үстел теннисі, жүзу, көркем гимнастика), спорт клубына 300-ден астам адам 9 секцияға барады (хоккей, таэквондо, футбол, баскетбол, фитнес, гір спорт, ұлттық спорт түрі жекпе-жек, садақ ату).
Спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қалада барлық спорт түрлері бойынша турнирлер, біріншіліктер, жарыстар өткізіледі. Жыл басынан бері 40-тан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді, оның ішінде «Наурыз» мерекесіне арналған қалалық спорттық іс-шаралар: қазақ күресі, гір спорты бойынша жарыстар, арқан тарту, қой көтеру.
Ағымдағы жылы біздің спортшылар 23 облыстық және 6 республикалық жарыстарда 70 алтын, 67 күміс және 97 қола медаль жеңіп алды.
Денсаулық сақтау саласы.
Қалалық ауруханада 24 дәрігер мен 78 орта медициналық қызметкер медициналық көмек көрсетеді.
2024 жылдың 3 айында қала бойынша жалпы өлім-жітім 20 тұрғынды құрады (бұл көрсеткіш 1000 тұрғынға шаққанда 1,9 құрады).
Туу көрсеткіші: 2024 жылдың 3 айында 34 бала туылды (1000 тұрғынға 3,3).
Туберкулезбен алғашқы сырқаттану бойынша 1 жағдай тіркелді (100 мың. тұрғынға 9,7). Туберкулезден өлім жоқ.
Қатерлі ісіктермен алғашқы сырқаттанудың 5 жағдайы (100 мың тұрғынға 48,8) тіркелді. Қатерлі ісіктерден болған өлім-жітім тіркелген жоқ.
Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.
Қаладағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті полиция бөлімі қамтамасыз етеді. 2024 жылдың 3 айындағы жедел жағдайды талдау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстар санының өскенін көрсетеді, 2024 жылдың 3 айында барлығы 14 қылмыс тіркелді, 2023 жылы 12 қылмыс тіркелді, қылмыстың артуы 16,7% құрады.
Бұлар негізінен онлайн режимде жасалған қылмыстар, адамдар әлі күнге дейін алаяқтардың айла-амалдарына түсіп, алаяқтардың құрбанына айналуда (25% интернет-алаяқтық). Әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар саны 16,7% - ға (6-дан 7-ге дейін) өсті.
Анықтама: H3 алаяқтық, 1 ұрлық, 14 қылмыс, 5 интернет-алаяқтық, 8 Курчатов қаласының ЖПҚБ ПБ қызметкерлерімен 176 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды (2023 жылы 169).
Жедел жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала аумағында «Құқықтық тәртіп», «Учаскі», «Қаңғыбас», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Қару» жедел-профилактикалық іс-шаралары және басқа да нысаналы операциялар жүргізілді. Аталған іс-шаралар көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Курчатов қаласының полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы білім бөлімімен және мектеп психологтарымен бірлесіп тұрмысы қолайсыз отбасыларды тексереді, мектептерде дәрістер, сауалнамалар және профилактикалық әңгімелесулер өткізеді.
Белгісіз адамдармен әңгімелесу кезінде, тіпті олар өздерін банк, құқық қорғау немесе қадағалау органдарының, басқа да мемлекеттік қызметтердің қызметкерлері, әртүрлі танымал компаниялардың өкілдері ретінде таныстырса да сақ болыңыздар, өзіңізге қатысты жеке ақпаратты бермеңіз (карта нөмірі, жеке куәлік, ЖСН, SMS арқылы сіздің жеке телефон нөміріңізге жіберілген код және т.б.).
Төтенше жағдайлар бөлімі.
Қаланың өрт-құтқару бөлімшелері барлығы 12 жедел шығуды жүзеге асырды, жедел шығу кезінде дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуге жүгінулер болған жоқ.
Анықтама:
12 шығу, оның ішінде өрт – 3, өрт ретінде есепке алынбайтын жағдай – 6 және авариялық-құтқару жұмыстары – 3; іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген жоқ, жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.
Жауынгерлік даярлық жоспары бойынша жедел шеберлікті арттыру мақсатында өрт сөндіру бөлімшелері 2024 жылдың бірінші тоқсанында 2 өрт-тактикалық сабақ өткізді.
Курчатов қаласына іргелес тұрғын үй секторын (Молдар және Дегелен), сондай-ақ саяжайларды су басу қаупін азайту мақсатында 2024 жылдың басында қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірлесіп су тасқыны кезеңінде су басу қауіпі ықтимал орындарды аралап, қарауды жүзеге асырды. Су басу ықтимал орын - саяжайлар анықталды.
Анықтама:
Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу мақсатында «Курчатов-Водоканал» кәсіпорынымен қыс мезгілінің басынан бастап қала аумағынан 1003 мың. текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар, көктемгі-күзгі кезеңде қаланың жалпы ұзындығы 11 км болатын нөсер каналдары тазартылды.
«Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығуларын өткізу барысында шұғыл әрекет ететін жасақтың төтенше жағдайларға дайындығын тексеру бойынша жұмыс жүргізілді (оған жеке құрамнан 153 адам және 39 бірлік техника кіреді).
2024 жылдың бірінші тоқсанында су қоймаларында жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Суда адам өлімінің алдын алу үшін қысқы кезеңде суда (балық аулау) адамдардың өздерін ұстауы туралы жадынамалар балық аулау құралдары сатылатын жерлерде және қаланың су қоймаларында халыққа таратылады.
Қаланың балықшыларымен қайғылы жағдайлардың орын алуына жол бермей, алдын алу мақсатында Ертіс өзенінде 218 адамды қамтитын 55 рейд жүргізілді. Халықпен 5 жиын ұйымдастырылды.
ТҮКШ
Қаланы абаттандыру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланған:
Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап қала аумағын санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша жалпықалалық сенбіліктер басталды. Іс-шаралар жоспарына сәйкес қаланың ұйымдары мен мекемелері апта сайын бекітілген аумақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізеді.
ҚР ҰЯО-мен жасалған меморандум аясында ағымдағы айда қаланың басты көшелерінде, соның ішінде тұрғын үйлердің аула аумақтарында қурап қалған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6 сәуірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды, ол 11 мамырға дейін жалғасады. Осыған байланысты, қаламыздың барлық тұрғындарын осы акцияға қатысуға және үй маңындағы аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізуге шақырамыз.
Молдар және Дегелен бекетінің тұрғындарына барлық аумақта, оның ішінде жеке меншік үй иелерінің аумақтарында тазалық пен тәртіпті сақтау, ұсақ, ірі және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару қажеттілігі туралы хабарламалар таратылып, берілді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін полиция бөлімі ТҮКШ бөлімімен берілген өтініштер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес 43 жеке тұлғаны жауапкершілікке тарта отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 43 хаттама жасады.
Қаланы көгалдандыру бойынша жұмыстарды жүргізу үшін біздің климатымызға төзімді және күтімді аз қажет ететін көпжылдық және біржылдық өсімдіктерді отырғызатын орындар анықталды (гүлкекіре, түймедақ, ақкекіренің барлық түрлері, пальмалар, шегіргүл, қараот, есінекгүл, түн гүлі, қытай қалампыры, алатікен), сонымен бірге терек, көк шырша, қарағай, мамыргүл, шетен және қараған сияқты жас көшеттерді отырғызу жоспарланған.
Орталықтандырылған суаруды қажет ететін орындарды анықтап, суару жүйесінің бір бөлігін қалпына келтірдік, нәтижесінде қаланың барлық қоғамдық орындарын суару жүйесімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа «Құрылысшылар аллеясына» (120 млн.теңге) және «Ақ балконға» (30 млн. теңге) күрделі жөндеу жүргіземіз, Ертіс өзені жағалауы бөлігінің аумағын қосымша абаттандырамыз.
Қаланың орталығында орналасқан Абай көшесіндегі ағаш аялдамаға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.
Орталық саябақтағы балалар ойын алаңын абаттандырамыз және 2025 жылы «Буратино» саябағын жаңартамыз.
2023 жылы 3 субұрқақ («Жастар» саябағы) қалпына келтіріліп, іске қосылды, ағымдағы жылы жұмысты жалғастыруды, Октябрь алаңындағы тағы бір субұрқақты қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы жастардың демалыс орны болып табылатын «Жастар» саябағын көріктендіріп, онда спорттық және скейт тебуге арналған алаңдар жасап, ағаштар мен көшеттерді отырғызамыз.
Келесі жылы аумағын Ертіс өзенінің жағалауына дейін кеңейте отырып, ашық аспан астындағы саябақты жөндеуді жоспарлап отырмыз.
Қаланың 42 ауласынан 32 ауланың асфальт төсемі жақсы жағдайда, ағымдағы жылы «Казцинк» АҚ демеушісінің қаражатына 16 көппәтерлі тұрғын үйді қамтыған 8 аула аумағына жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз, осы арқылы аула аумақтарының 95% асфальт төсемімен қамтамасыз етілетін болады, қалған 2 аула 2025 жылы жолды жөндеу аясында аяқталатын болады (Малдар- Көктем және Степная көшелері, Дегелен бекеті - Железнодорожная көшесі).
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 75 млн.теңгеге 5 балалар ойын алаңын орнатамыз(Олимпийская 28, Тәуелсіздік 51, Малдар, Олимпийская 2, Абай көшесі 15), тағы бір ойын алаңын Құрылысшылар аллеясын күрделі жөндеу аясында орнатамыз, 8,5 млн.теңге сомасына 10 ойын алаңына резеңке жабын төсейміз (Абай көшесі, 22, 24, 27, 34; Рожанович, 3; Олимпийская, 10, 31, 40; Тәуелсіздік, 31; Дегелен бекеті).
2025 жылы 21 ауланы жаңа ойын алаңдарымен қамтамасыз етеміз (Абай 19, 21, 25, 28, 44, 49; Иртышская 1, 3; Тәуелсіздік 17, 21, 23, 37, 51; Олимпийская 15, 16, 21, 27, 29, 33, 38, Победа 6) және қалған 5 ойын алаңына қауіпсіз жабын төсейміз (Олимпийская 9, 17, 16, 39; Абай көшесі 47). Осы жұмыстардың нәтижесінде барлық 42 аула 100%-ға абаттандырылатын болады.
Аула спортын дамыту үшін ағымдағы жылы 3 спорт алаңын жөндеу (Тәуелсіздік 19, 33, Алексеенко 1) және шағын футболға арналған 1 алаңды салу (Тәуелсіздік 45) қарастырылған.
№1 мектептің футбол алаңына ағымдағы жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында 5 көппәтерлі тұрғын үйлердің (Абай көшесі 15, 17, 19, Иртышская 1,3) қасбеттері боялатын болады.
Теміржол көлігімен жүретін жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қазақстан темір жолы магистральдық желі дирекциясы» филиалының басшылығы аумақты абаттандырумен вокзал ғимаратын күрделі жөндеуді жоспарлап отыр, перронды қайта жаңарту бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленетін болады.
Курчатов қаласы көше жарығымен 100% қамтамасыз етілген. Алайда, электр желілерінің тозуына және жиі болатын аппаты электр энергиясының өшірілуіне байланысты жарықтандыру жүйесін қайта жаңарту қажет, оны біз ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 50 млн.теңгеге жүргіземіз.
Қала көшелері мен аулалары қаладағы 219 бейнебақылау камераларымен 95%-ға қамтылған. Қаланың бейнебақылау камераларымен қамтылмаған аймақтарын камералармен қамтамасыз ету үшін және оны 100% дейін жеткізу үшін қосымша 12 камераны (2 күмбезді, 10 стационарлық) орнатамыз.
Қаланың жол инфрақұрылымын қайта жаңарту бойынша 1,2 млрд. теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Республикалық бюджеттен қаржыландыру оң шешім тапқан жағдайда, 2 жылдың ішінде қалаішіндегі жолдар 100%-ға жаңартылатын болады. Сонымен қатар 152 жол белгілерін ауыстыру бойынша жұмыстар жоспарланған.
20 бос тұрған ғимараттардың иелерімен жұмыс жүргізілуде, 10 ғимараттың иелері ғимараттарды қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Курчатов көшесі 7/7 мекенжайында орналасқан ғимарат аумағында абаттандыру ережелерін бұзған және құрылыс қоқыстарын жинаған ғимараттың меншік иесіне қатысты шараларды қабылдау туралы «Абай облысы бойынша бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне хат жолданды. Қазіргі уақытта Бақылау басқармасымен тексеру басталды.
Қалған бос ғимараттар бойынша иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ғимараттардың иелерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда ғимараттар иесіз ретінде есепке алынатын болады.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған алаңдарды кезең-кезеңімен қайта жаңартуды жүргіземіз. Ағымдағы жылы 48 контейнерді орнатумен 18 алаң, 2025 жылы 27 контейнерді орнатумен 18 алаң қайта жаңартылатын болады.
Қала тұрғындары үшін қала ішіндегі тасымалды іске қосу қосу мәселесі елеулі мәселелердің бірі болған. 2024 жылдың 20 сәуірінен бастап Дегелен-саяжайлар бағыты бойынша автобусты іске қосу жоспарланған. Жол жүру құны үлкендерге 120 теңге, балаларға 60 теңгені құрайды.
Осы бағыттың іске қосылуына байланысты 2 қосымша аялдама орнатылатын болады(әскери бөлім, аурухана).
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың басында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жобалық сметалық құжаттама Абай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына берілді. Осы жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 50,0 млн.теңге қаражат бөлінді. Өнім беруші анықталды. Жоба екі жылдық болып табылады, жұмыстар ағымдағы жылы басталатын болады.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен биометриялық шұңқырды салуға 33,4 млн.теңге қаражат бөлінді. Жұмыстар тамыз айына дейін орындалатын болады.
ТҮКШ саласындағы негізгі мәселелер бірыңғай жылу көзін салу, кәріз тазарту құрылыстарын, сүзгі-сорғы станциясын жаңарту болып табылады. Ол үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленді, материалдар сараптамадан өтуге жолданды.
Бірыңғай жылу көзін салу үшін, № 1 және № 5 қазандықтарды қуаттарын арттыру үшін кеңейту жоспарланған. Осы мақсаттарға және 2 км. жылу желілерін ағымдық жөндеуге облыстық бюджеттен 284,9 млн.теңге қаражат бөлінді.