Жемқорлықтың алдын алу жолдары
Бүгінде сыбайлас жемқорлық мәселесі барлық әлемді алаңдатып отырған аса өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамада ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері айқындалған. Негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыттарының бірі - оның алдын алу болып табылады. Осы мақсатта Курчатов қаласының әкімі «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қала тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, кездесу барысында әр тұрғынды мұқият тыңдап, мәселелерін тиімді жолмен шешуге ықпал жасайды. Әкімнің жеке қабылдауы мен халықпен кездеулерінің уақыты мен өтетін орны https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov ресми парақшасында жарияланады.
Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттік органдарда сенім телефондары бар. Сыбайлас жемқорлықты төмендету факторының бірі – цифрландыру болып табылады. Цифрландыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, азаматтың көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмац, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықтың алдын ала отырып, барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығына кепілдік береді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады. ҚР Үкіметінің ресми www.e-gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді уақытты үнемдей отырып жылдам алуға болады. Осының нәтижесінде бұрын мемлекеттік органдарда көп уақытты қажет ететін мәселелер бүгінде портал арқылы бірнеше күнде,тіпті бірнеше минут ішінде шешімін табады. Бір жерге барып, көптеген қажетсіз қағаздарды жинаудың орнына, адам тек электронды қолтаңбасын қойып өтінімді береді, бұл дегеніміз – сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құрудағы ең жақсы қадамдардың бірі. Мемлекетіміздің жемқорлықсыз қоғам құру бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табуда. Жүйесіздік, білімсіздік, ұятсыздық, жалқаулық – жемқорлық жайлаған қоғамда пайда болатын құбылыстар. Сол себепті қоғамның дамуын тежейтін бұл жемқорлықпен бірігіп қоғам болып күресу қажет. Себебі жемқорлықсыз қоғамда өмір сүру және сол жемқорлықсыз қоғамды құру бүгінгі күннің басты талабы.