«Абай облысы Курчатов қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесі

Курчатов қаласы әкімдігінің
2022 жылғы «___» __________
№____ қаулысымен бекітілді

 

 

«Абай облысы Курчатов қаласының мәдениет,

тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімі»

 мемлекеттік мекемесінің ережесі

 

  1. Жалпы ереже

 

  1. «Абай облысы Курчатов қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) Курчатов қаласының аумағында мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  3. Бөлім мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
  4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  5. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім басшысының бұйрықтары және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдерді қабылдайды.
  7. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
  8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 071100, Қазақстан Республикасы, Абай облысы, Курчатов қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 4.
  9. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
  10. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Курчатов қаласының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
  11. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

   Егер Бөлімге  заңнамалық актілермен кіріс     әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

 

  1. Бөлімнің мақсаттары мен өкілеттіктері

 

  1. Мақсаттары:

1) мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) мәдени-ағарту, спорт мекемелерінің өнер ұйымдарының идеялық-адамгершілік, эстетикалық тәрбиелеу және тілдерді дамыту рөлін арттыруды қамтамасыз ету;

3) тұрғындарға мәдени қызмет көрсету үлгілерін одан әрі жетілдіру;

4) өнердің барлық түрлерін, халық шығармашылығын, фольклор және көркемөнерпаздар шығармашылығын дамыту;

5) шығармашылық одақтар мен ұйымдардың қызметіне жәрдемдесу;

6) мәдени және спорт ұйымдары мен мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

7) мемлекеттік тілді және Қазақстан халықтарының тілдерін дамыту;

8) дене шынықтыру және спортты дамыту, қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау;

9) дене шынықтыру  және спорт салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету

10) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану;

  1. Өкілеттіктері:

1) құқықтары:

1.1. бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қала басшыларына қарауға ұсыныс енгізу;

1.2.  Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген құзыреті шеңберінде Бөлім қызметіне қатысты мәселелерді қарау және бірлесіп атқару үшін қаланың өзге жергілікті атқарушы органдары бөлімдерінің қызметкерлерін қатыстыру;

1.3. бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңес өткізуге бастамашылық ету;

1.4. өз функцияларын орындау үшін өзге мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, ұйымдардан және олардың басшыларынан, азаматтардан Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген құзырет шегінде қажетті ақпаратты сұрау;

1.5. бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңес беру;

1.6. жеке және заңды тұлғалардың ресми сұранымы болған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен ақпаратты ұсыну;

1.7. мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;

  1. 8. бөлім құзыретіне кіретін өзге де міндеттерді орындау
  2. міндеттері:

2.1. қолданыстағы заңнамаға сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету; 

2.2.  Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс әкімі мен әкімдігінің, қала әкімінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;          қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

  1. Бөлімнің функциялары:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, қызметтік хат-хабарларды қарауды қамтамасыз етеді;

 2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етеді; 

 3) мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

4) мәдени-демалыс қызметі мен кітапхана ісі саласында қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

5) кітапхана және мәдени-демалыс қызметі саласында облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін қолдайды және үйлестіреді;

6) жергілікті маңызы бар тарих, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін есепке алу, қорғау және пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

7) қаланың сауықтық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жүзеге асырады, сондай-ақ әуесқой шығармашылық бірлестіктер арасында байқаулар, фестивальдар және конкурстар өткізуді жүзеге асырады;

8) қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізеді;

9) өз құзыреті шегінде мәдениет және спорт  саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асырады;

10) маңызы бар қаланың мәдени және спорт мақсаттағы объектілерінің құрылысы, реконструкциясы және жөнделуі бойынша тапсырысшы болады;

11) мемлекеттік мәдениет және спорт мекемелерінің  материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қолдайды және жәрдем көрсетеді;

12) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған қаланың деңгейіндегі iс-шараларды өткізеді;

13) облыстың атқарушы органдарына көшелерді атау және қайта атау, сондай-ақ олардың атауының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныс енгiзедi;

14) жеке адамдардың тұрғылықты жері бойынша және олардың көпшілік демалу орындарында спортпен шұғылдануы үшін инфрақұрылым жасайды;

15) аккредиттелген жергілікті спорт федерацияларымен бірлесіп, спорт түрлерi бойынша спорттық жарыстарды өткiзедi;

16) спорт түрлерi бойынша облыстық маңызы бар қалалық құрама командаларды даярлауды және олардың жарыстарға қатысуын қамтамасыз етедi;

17) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерiн дамытуды қамтамасыз етеді;

18) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында облыстық маңызы бар қалалық дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;

19) спортшыларға: 2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын береді;

20) бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi орта деңгейдегi екiншi санатты әдiскер, бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты нұсқаушы-спортшы, спорт төрешiсi біліктілік санаттарын береді;

21) спорттық-бұқаралық iс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтiзбесін iске асырады;

22) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында спорттық iс-шараларды ұйымдастыруды және өткiзудi үйлестiредi;

23) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің аумағында дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ақпаратты жинауды, талдауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысанда және мерзімдерде облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынады;

24) аккредиттелген өңірлік және жергілікті спорт федерацияларының ұсыныстары бойынша спорт түрлері бойынша қалалардың құрама командаларының тізімдерін қалыптастырады және бекітеді;

25) ресми дене шынықтыру және спорт іс-шараларын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

26) дене шынықтыру және спорт іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

27) қаланың аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерін үйлестіреді және олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етеді;

28) спорт ұйымдарына әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

29) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады

 

  1. Бөлім басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

 

  1. Бөлімді басқару Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшымен жүзеге асырылады.
  2. Бөлім басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Курчатов қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
  3. Бөлімде бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.
  4. Бөлім басшысының өкілеттіктері:

1)  заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

2) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін көтермелеуді және тәртіптік жазаға тартуды жүзеге асырады;

3) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттамаға қол қояды;

4) бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

5) мемлекеттік органдарда, басқа ұйымдарда Бөлім мүддесін қорғайды;

6) Курчатов қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат санының лимиті мен құрылымы шегінде Бөлімнің штат кестесін бекітеді;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша қажетті шаралар қабылдайды және оған дербес жауапты болады;

8) ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, мүмкіндіктеріне мен кәсіби дайындықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімдігін қамтамасыз етеді;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

Бөлім басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

 

  1. Бөлімнің мүлкі

 

  1. Бөлім заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
  2. Егер заңнамада және осы Ережеде өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

  1. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату

 

  1. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

  1. Мемлекеттік органның қарауындағы

                            мекемелер мен кәсіпорындар тізімі

 

  1. «Абай облысы Курчатов қаласының қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
  2. Абай облысы Курчатов қаласының «Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
  3. «Абай облысы Курчатов қаласының қалалық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
  4. «Абай облысы Курчатов қаласының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
  5. Абай облысы Курчатов қаласының «Спорттық клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

 

 

«Абай облысы Курчатов қаласының

мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт

бөлімі» ММ басшысы                                                                   А. Сулейменова

«Абай облысы Курчатов қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесі
Дата публикации
07 декабря 2022