Мереке күндеріндегі ХҚКО мен МХҚКО-лардың жұмыс кестесі
Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар дүйсенбі, 26 қазан күні жұмыс істемейді.
Бұл ретте, 24 қазан, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді. ХҚКО-лар азаматтарды сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.
Шығыс Қазақстан облысындағы ХҚКО-лардың жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып, бір сағатқа ерте аяқталатынын ескерген жөн.
27 қазаннан бастап ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы білуге болады.
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу:
төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
1) БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша төлем ретінде алуға кімдер құқылы?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады:
- зейнет жасына толған адамдар (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді));
- 55 жасқа толған, зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде өздері үшін жиынтығында кемінде күнтізбелік 84 ай бойы МКЗЖ төленген, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың және жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан адамдар;
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар.
Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтар бойынша зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері мүгедектік тобына және оның белгіленген мерзіміне қарамастан, мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте төлемдерді алу кестесін салымшы өзі дербес белгілейді.
2) Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?
Кесте бойынша зейнетақы төлемдері мынадай тәртіппен есептеледі: төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5% мөлшеріндегі зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕТК) кемінде 70%-ын құрауға тиіс.
Алушылардың жекелеген санаттары үшін, атап айтқанда, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде 60 ай бойы төленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан адамдарға қатысты Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Егер алушы жоғарыда аталған талаптардың бірнешеуіне бірдей сәйкес келсе, мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.
55 жасқа толған және өздері үшін жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген адамдарға зейнетақы төлемдерін есептеу және жүзеге асыру кезінде:
- зейнетақы төлемінің мөлшеріне қатысты ЕТК-нің кемінде 70%-ын құрауы тиіс деген ең төменгі шек қолданылмайды;
- түзету коэффициенттері қолданылмайды;
- жеке зейнетақы шотындағы ЕТК-нің 70%-ынан аз қалдық кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге төленбейді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Егер БЖЗҚ-дан төлем жүзеге асырылатын күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, жинақтар біржолғы төлем түрінде беріледі.
3) Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну қажет?
Зейнет жасына толуына байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Өтінішті зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл ретте алушы зейнет жасына толған болса, ХҚКО-да өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал егер өтініш зейнет жасына толғанға дейін берілсе, зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып саналады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін уақытылы жүгінудің маңызы ерекше. Себебі оны тағайындау кезінде алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар адамдар ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ Қордың кеңсесіне барып өтініш бере алады.
4) Қандай жағдайларда ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері автоматты түрде тағайындалады?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта және БЖЗҚ-ның зейнетақы қағидаларында айқындалған тәртіппенталаптар бойынша жүзеге асырылады. Осыған байланысты 2026 жылғы наурыз айынан бастап зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар, бірақ бұған дейін 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алу үшін Қорға өтініш бермеген адамдарға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз тағайындау тәртібі енгізілді.
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін (жинақтары болған жағдайда) өтінішсіз жүзеге асыру тәртібі мыналарды көздейді:
- азамат зейнет жасына толуына байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен төлемдер алу үшін белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде БЖЗҚ-ның ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін автоматты түрде тағайындауы;
- Мемлекеттік корпорациямен жыл сайын жүргізілетін салыстырып-тексеру нәтижелері бойынша проактивті қызмет аясында ЕЗЖ есебінен төлемдерді жүзеге асыру. Бұл ретте әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалғаны туралы мәліметтердің болуы тексеріледі.
5) Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда жүгіну қажет?
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне жүгіне алады. Сондай-ақ Қордың ресми сайтындағы (enpf.kz) немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, өтініш беруге болады.
Назар аударыңыздар! БЖЗҚ-да бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар үшін көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беріледі, оның ішінде Қор қызметтерін маманның баруынсыз, қашықтан алу мүмкіндігі де тексеріледі.
6) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімімен қайдан танысуға болады?
БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде зейнетақы төлемінің түріне және құжаттарды ұсыну тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сондай-ақ сенімхат үлгісі орналастырылған.
Сонымен қатар сайттың «Онлайн-сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі қарастырылған.
Сервистің атауы – «Төлемге арналған құжаттарды алдын ала тексеру»: https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/checkdoc.php
Бірыңғай электрондық кезек талондарын еліміз бойынша брондау
Цифрландыру жылы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алу сапасы мен қолайлылығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыруда.
Бірыңғай электрондық кезек талондарын брондау бойынша пилоттық жоба 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылып, республика бойынша ХҚКО бөлімдерінде кезең-кезеңімен енгізілді. Қазіргі уақытта пилоттық жобаның кезекті кезеңі басталып, ол қосымша 5 ХҚКО бөлімін қамтиды. Олардың қатарында Абай облысы Мақаншы ауданының, Ақмола облысы Шортанды және Жақсы аудандарының, Атырау облысы Исатай ауданының, сондай-ақ Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының бөлімдері бар. Жаңа бөлімдерді есепке алғанда, ҚР бойынша пилоттық жоба қатысушыларының жалпы саны 39 фронт-офисті құрайды.
Жаңа жоба шеңберінде азаматтар ХҚКО бөлімдерінде мемлекеттік қызметтерді алу үшін кезекті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала брондауы қажет. Брондау барысында өтініш беруші өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдай алады. Қызмет көрсету орталығына келіп, талон алу барысында жүйе өтініш берушінің жеңілдік санатына жататынын автоматты түрде анықтап, оған қызмет көрсетуде басымдық береді.
Бұл ретте дайын құжаттарды беру, өзін-өзі қызмет көрсету секторының жұмысы, сондай-ақ құжаттандыру желісі бойынша қызметтер бұрынғы тәртіппен, талонды алдын ала брондаусыз жүзеге асырылады.
Бұл ретте, жаңа бөлімдерді қосу арқылы пилоттық жобаны кеңейтудің соңғы кезеңі жүзеге асырылады. Пилоттық жоба жаңа сервистің азаматтар үшін қолайлылығын және оның практикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.
«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.
AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.
Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.
Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру және қоғамда адалдық қағидаттарын қалыптастыру әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндетімен тығыз байланысты.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі құқықтық негіздерін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілер құрайды. Аталған құқықтық құжаттар мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік міндеттерін орындауына және мүдделер қақтығысының алдын алуға қатысты талаптарды белгілейді.
Мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысында заңдылық, әділдік, ашықтық және адалдық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке басының немесе өзге де адамдардың мүддесі үшін пайдалануға, заңсыз артықшылықтар алуға, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардан қызметтік міндеттерді орындағаны үшін сыйақы немесе өзге де материалдық игіліктер қабылдауға жол берілмейді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мүдделер қақтығысын болдырмау мәселесі де ерекше орын алады. Мемлекеттік қызметші өзінің жеке мүддесі қызметтік міндеттерін объективті әрі бейтарап орындауына ықпал етуі мүмкін жағдайларды дер кезінде анықтап, заңнамада көзделген тәртіппен тиісті басшысына хабарлауы қажет. Мұндай талаптарды сақтау қабылданатын шешімдердің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдарда тұрақты түрде семинарлар, дөңгелек үстелдер, құқықтық оқыту сабақтары және ақпараттық кездесулер ұйымдастырылады. Іс-шаралар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптары, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп нормалары, сыйлықтарға қатысты шектеулер және заң бұзушылықтар үшін көзделген жауаптылық мәселелері нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда заңгерлік кеңеске жүгіну, белгіленген ішкі рәсімдерді сақтау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттілігі ескертіледі. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету, ішкі бақылауды жетілдіру және құқық бұзушылықтар туралы хабарлау тетіктерітиімдіқатар жүргізілуі керек.
Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау тек заң алдындағы міндет қана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілік екенін түсінуі қажет. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту және қызметтік шешімдерді әділ қабылдау мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, әрбір мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты, жүйелі және мазмұнды түрде жүргізілуі тиіс. Құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық мәдениетін қалыптастыру және әрбір қызметшінің жеке жауапкершілігін күшейту арқылы ғана сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, халыққа сапалы әрі әділ мемлекеттік қызмет көрсетуге болады.
Көкпекті ауданының
жергілікті атқарушы органдарының
Әдеп жөніндегі уәкілі Г. Анкебаева
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
2026 жылғы 13 қазанда сағат 18:30-даКөкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Отырыс барысында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге байланысты үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша комиссия Көкпекті аудандықмәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.
Екінші мәселе аясында сайлау инфрақұрылымының жай-күйі қаралды. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау округтері, олардың тізімдерін жариялау, сондай-ақ сайлаушыларды сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы уақтылы хабардар ету мәселелері талқыланды.
Үшінші мәселе бойынша учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесі бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Көкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған алдағы ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындады.
Көкпекті ауданының
аумақтық сайлау комиссиясы
Абай облысында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер
Жеке куәлікті жаңарту, автокөлікті тіркеу, пәтерге меншік құқығын рәсімдеу немесе жүргізуші куәлігін алу – Абай облысының тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) көбіне осы қызметтер бойынша жүгінеді. 2026 жылдың сегіз айында өңірдің ХҚКО-лары арқылы шамамен 19 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және ауыстыру. Есепті кезеңде өңір тұрғындарына паспорттар мен жеке куәліктерді беру бойынша шамамен 5,3 мың қызмет көрсетілді. Құжаттар белгіленген жасқа толуына, жеке деректердің өзгеруіне, құжаттың жоғалуына немесе жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты рәсімделіп, ауыстырылады.
Өтініштердің едәуір бөлігі көлік құралдарын тіркеуге қатысты. Сегіз ай ішінде шамамен 4,2 мың автокөлік тіркелді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда көлік құралдарын қайта тіркеу және олардың тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу қызметтері де көрсетіледі.
Тағы бір сұранысқа ие бағыт – жылжымайтын мүлік. Жылжымайтын мүлікке құқықтар мен ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу бойынша шамамен 2,8 мың қызмет көрсетілді. Бұл рәсім тұрғын үйді және өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату, сыйға тарту немесе мұраға алу сияқты мәмілелер кезінде қажет.
Жүргізушілерге арналған қызметтер де сұранысқа ие. Сегіз айда шамамен 900 жүргізуші куәлігі берілді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу бойынша шамамен 400 өтініш тіркелді.
Өтініштердің басым бөлігі Семей қаласына тиесілі. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының ішінде №2 ХҚКО ерекше сұранысқа ие. Мұнда тұрғындар ең көп таралған бағыттар бойынша мемлекеттік қызметтерді ала алады.
Бүгін Көкпекті ауданының жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілі Г. М. Анкебаева Көкпекті ауданының аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтар әкімдері және квазимемлекеттік басшыларының қатысуымен мемлекеттік қызметкерлер арасында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, іскерлік дрес-код талаптарын орындау, еңбек және атқарушы тәртіпті нығайту, сондай-ақ қызметтік автокөліктерді тиімді әрі мақсатты пайдалану мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңес барысында қызметкерлердің қызметтік әдеп қағидаларын ұстануы, жұмыс орнында іскерлік киім үлгісін сақтау, еңбек тәртібіне жауапкершілікпен қарау және қызметтік автокөліктерді белгіленген талаптарға сәйкес пайдалану мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметкерлерге белгіленген нормалар мен талаптарды қатаң сақтау, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен орындау және қызметтік мүлікке ұқыпты қарау қажеттігі қайталанып ескертілді.