Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ міндет
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамның тұрақтылығына және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне кері әсер ететін күрделі құбылыс. Сондықтан онымен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыруға, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, Көкпекті ауданында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Бұл ретте басты ұстанымымыз – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алу тетіктерін барынша күшейту.
Ауданның мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. 2025 жылғы маусым айында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кезекті ішкі талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде мүдделер қақтығысы мен тікелей сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты фактілер анықталған жоқ.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және азамат пен мемлекеттік қызметші арасындағы тікелей байланысты барынша азайту.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде 2184 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 1677-сі, яғни 78 пайызы электрондық форматта ұсынылды. Бұл – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды көрсеткіші.
Сонымен қатар бақылау барысында мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін бұзудың 3 фактісі анықталды. Атап айтқанда, қызмет алушылардың өтініштерін уақтылы тіркемеуге байланысты Биғаш ауылдық округінде – 1, Тассай ауылдық округінде 2 факт тіркелді. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты тұлғаларға заң талаптарын қатаң сақтау міндеті қойылды.
Аудан көлеміндегі жұмыстарды үйлестіруде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның рөлі маңызды. 2025 жылы комиссияның 4 отырысы өткізіліп, 10 мәселе қаралды. Отырыстар қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмалар толық орындалды. 2026 жылы да комиссия жұмысы жалғасып, осы бағыттағы өзекті мәселелер жүйелі түрде қарастырылуда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек бақылау немесе жазалау шараларымен шектелмеуі қажет. Ең маңыздысы – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және кез келген заңсыз әрекетке төзбеушілік қағидатын орнықтыру.
Осы мақсатта ауданымызда тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жыл көлемінде «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, биылғы 25–29 мамыр аралығында «Заң керуені» акциясы өткізілді. Жыл басынан бері аудан елді мекендерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 9 көрнекі-үгіт материалы орналастырылды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тақырыптық ақпараттар мен бейнероликтер тұрақты жарияланып келеді. Аудандық «Жұлдыз» газетінде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпараттық материалдар жарық көруде.
Біздің алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – мемлекеттік басқаруда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді жалғастыру, жұмыс процестеріне цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, ішкі бақылауды күшейту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтап, жою қажет.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік міндетін халық алдындағы үлкен жауапкершілік деп қабылдауы тиіс. Мемлекеттік қызметте жеке мүддеден ел мүддесі әрдайым биік тұруы керек. Әділдік, адалдық, ашықтық пен жауапкершілік – мемлекеттік аппарат қызметінің негізгі қағидаттары болуы тиіс.
Осыған байланысты аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер мен ауылдық округтердің басшыларына қарамағындағы қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасы мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізу міндеті қойылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек мемлекеттік органдардың жұмысына сеніп отыру жеткіліксіз. Бұл іске азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар және әрбір тұрғын белсенді атсалысуы қажет. Өйткені заң үстемдігі мен адалдық қағидаты орныққан қоғамды қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Көкпекті ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамда оған деген нөлдік төзімділікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Біздің мақсатымыз айқын – халыққа адал қызмет ететін, әрбір шешімі заң мен әділдікке негізделген, ашық әрі жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір күндік науқан емес. Бұл – күнделікті тәртіптен, әр қызметшінің адалдығынан және әр азаматтың заңға құрметінен басталатын ортақ міндет.
Нұрбек ҚОШҚАРБАЕВ,
Көкпекті ауданының әкімі