Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ортақ міндет
Барлық қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең маңызды мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағымымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі.
Көкпекті ауданында 2025 жылғы маусым айында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Бұл шара Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 7, 8-баптарына, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 31 шілдедегі №301/НҚ бұйрығымен бекітілген Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларының 63-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына және Көкпекті ауданы әкімінің аппарат басшысының 2025 жылғы 28 мамырдағы «Көкпекті ауданында №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытының жобалық топтарын құру туралы» №166 бұйрығына сәйкес атқарылды.
Талдау келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылды:
- Персоналды басқару
- Мүдделер қақтығысын реттеу
- Мемлекеттік қызмет көрсету
- Рұқсат беру функцияларын іске асыру
- Бақылау функцияларын іске асыру
Көкпекті ауданы әкімдігінің ішкі нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.
2025 жылы Көкпекті ауданы әкімдігінің 148 қаулысы, аудан әкімінің 18 өкімі, 4 шешімі және аппарат басшысының 192 бұйрығы қабылданды.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, аталған актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Персоналды басқару Көкпекті ауданы әкімдігінің қызметкерлерінің штаттық саны – 100 бірлік, нақты саны – 88 бірлік. Оның 5 бірлігі бала күтімі бойынша еңбек демалысында, 2 жұмысқа уақытша жарамсыз, академиялық оқудағылар жоқ.
2025 жылы біліктілігін арттыру курсатырана 9 қызметші жіберілді. Оның 6 Семей қаласына, 2 Астана қаласына және 1 Алматы қаласына.
Мемлекеттік қызметшілердің өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында әкімдіктің барлық мемлекеттік әкімшілік қызметшілері мемлекеттік қызметшілердің жеке істеріне тігілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулермен таныстырылды.
Жыл сайын аппараттың барлық мемлекеттік қызметшілері мен олардың жұбайлары табыстары туралы декларация тапсырады, бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада көзделген қаржылық бақылау шарасы.
Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында аппаратта «сенім телефоны» жұмыс істейді. «Сенім телефоны» туралы хабарландыру «Көкпекті ауданы әкімі аппараты» ММ ғимаратының стендінде орналастырылған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің мәтіні стендте орналастырылған және барлық мемлекеттік қызметшілерге кодекстің мәтінімен қол қойғызып таныстырылған.Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі Көкпекті ауданы әкімі аппаратының басшысына жүктелген.
Аталған бағытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ.
Мүдделер қақтығысын реттеу
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарына сәйкес, мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқарған адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық. Бұл ретте аталған адамдардың жеке мүдделері олардың лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін.
Бұл бағытта 1 дерек орын алды. Аталған дерек бойынша түсіндірме жұмысы жүргізіліп жауапты маманға қатысты шара қолданылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету
Көкпекті ауданы әкімдігінде барлығы 26 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін 2 заңбұзушылық орын алды. Олар:
- Тассай ауылдық округінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы (2025 жыл ақпан айы)
- Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммунадық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы (2025 жыл маусым айы)
Көкпекті ауданы әкімінің азаматтарды қабылдау кестесі 2024 жылғы 1 қазандағы 13 өкіммен бекітілген және Көкпекті ауданы әкімінің сайтында орналастырылған.
Абай облысы Көкпекті ауданы әкімінің аппаратымен уәкілетті органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында барлық қажетті жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, барлық ауылдық округ әкімдіктері, дербес бөлімдер және квазимемлекеттік секторларымен Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
- Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа «мүлде төзбеушілік» көзқарасты қалыптастыру мақсатында ауданда бірқатар ақпараттық-насихаттық жұмыстың барлық түрлері қолданылуда. Оның ішінде: дөңгелек үстелдер, семинарлар, БАҚ мен әлеуметтік желілерде тақырыптық мақалар жариялануда.
Ауданның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссиясында тоқсан сайын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары бойынша өзекті мәселелер қарастырылуда.
- Аудан тұрғындары арасында ақпараттық құралдар және сыртқы көрнекі үгіт-насихат материалдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудандық «Жұлдыз» «Новая-жизнь» газетінде арнайы айдар ашылып, жыл басынан бері 5 мақала жарық көрді. Көкпекті, Үлкенбөкен және Преображенка ауылдарында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында баннерлер ілінді.
Ай сайын аппарат басшысы мемлекеттік қызметшілерге қызметтік өкілеттіктерін орындауға байланысты сыйлықтарды қабылдауға тыйым салынатындығы, сондай-ақ, жақын туыстарының, ерлі-зайыптылардың бірлескен қызметіне жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізуде.
Аслан Танысбаев,
Көкпекті ауданы әкімінің міндет атқарушы