Осы Меморандум Көкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – 1-Тарап) атынан Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес әрекет ететін төраға Оразханов Ерасыл Ермекұлы мен «Көкпекті ауданы жастар ресурстық орталығы» КММ (бұдан әрі – 2-Тарап) атынан орталық директорының м.а. Кусаинова Айгерім Жұмагелдіқызы, орталық туралы Ережеге сәйкес әрекет ететін тараптар арасында, бұдан әрі бірлесіп «Тараптар» деп аталатын төмендегідей келісімдер негізінде жасалды:
Меморандумның мақсаты – жастар арасында құқықтық ағартуды қамтамасыз ету, олардың сайлау мәдениетін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және жас азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын ынталандыру мақсатында Тараптар арасындағы тиімді ынтымақтастықты орнату.
Сонымен қатар, бұл Меморандум Көкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубының қызметін ұйымдастыру мен дамытуға бағытталған.
Тараптар келесі бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты:
2.1. Көкпекті ауданы Жас сайлаушылар клубының қызметін бірлесіп ұйымдастыру және үйлестіру.
2.2. Клуб құрамын жастар ұйымдарының, студенттердің, жоғары сынып оқушыларының, жас мамандардың, БАҚ, ҮЕҰ және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатарынан жасақтауға жәрдемдесу.
2.3. Жастардың құқықтық мәдениетін және сайлау сауаттылығын арттыру, белсенді азаматтық ұстаным мен сайлауға қатысу мәдениетін дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу.
2.4. Клуб қызметін ақпараттық және әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, оның ішінде жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, білім беру ұйымдарын және үкіметтік емес секторды тарту.
2.5. Аудан жастарынан түскен ұсыныстар мен бастамаларды аудандық Клубқа жинақтап, оларды қарастыру, қорыту және тәжірибеге енгізу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
1-Тарап (Көкпекті ауданының аумақтық сайлау комиссиясы) мыналарды жүзеге асыруға ниетті:
Аудандық Жас сайлаушылар клубының қызметін жалпы басқаруды қамтамасыз ету;
Клуб отырыстарын тоқсанына кемінде бір рет өткізу;
Аудан жастарынан келіп түсетін ұсыныстарды жинақтау, қарастыру және жүзеге асыруды ұйымдастыру;
Клуб мүшелерінің сайлау комиссиясы мен азаматтық қоғам институттарының іс-шараларына қатысуына жәрдемдесу.
2-Тарап (Жастар ресурстық орталығы) мыналарды жүзеге асыруға ниетті:
Клуб құрамын жастар ұйымдары, колледж студенттері, ауылдық округтердегі жастар ісі мамандары және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде жасақтауға жәрдемдесу;
Клуб іс-шараларына жастар ресурстық орталықтарының мамндарын, аудан жастарының қатысуын қамтамасыз ету;
Клубтың қызметіне ақпараттық-ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсету;
Бірлескен жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу.
4.1. Осы Меморандум іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асырылады. Аталған жоспар Меморандумға қоса тіркеледі.
4.2. Тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын нақтылайтын қосымша келісімдерді әзірлеуге және қол қоюға құқылы.
5.1. Осы Меморандум Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірінің бастамасы бойынша тоқтатылғанға дейін қолданылады.
5.2. Бұл Меморандум Тараптар арасында қаржылық міндеттемелер тудырмайды және азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды.
5.3. Меморандумға кез келген өзгерістер мен толықтырулар жазбаша түрде ресімделіп, Тараптардың қол қоюы арқылы жүзеге асырылады.