2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша Көкпекті ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 785,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4%-ға артты. Жоспарлы көрсеткіш 111,3%-ға орындалды. Жалпы өнім көлемінің негізгі үлесі мал шаруашылығы саласына тиесілі.
Есепті кезеңде 412,8 тонна ет, 5 697,0 тонна сүт және 1 226,0 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда сүт пен ет өндірісінің төмендеуі байқалды. Бұл жағдай сауынды ірі қара малдың ауруға шалдығуына және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты.
Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша ауданда 71 883 бас ірі қара мал, 87 880 бас қой мен ешкі, 21 216 бас жылқы және 39 710 бас құс тіркелген. Асыл тұқымды мал саны 11 044 бас ірі қараны, 1 766 бас ұсақ малды және 58 бас жылқыны құрайды.
2026 жылы аудан бойынша 102,0 мың гектар егіс алқабын игеру жоспарланған. Оның ішінде 54,9 мың гектары – дәнді дақылдар, 41,0 мың гектары – майлы дақылдар және 5,9 мың гектары – мал азықтық дақылдар. Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізілуде және шегіртке зиянкестерінің таралуына мониторинг жасалуда. Барлығы 21,8 мың гектар алқапта зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
2026 жылдың I тоқсанында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жалпы құны 62,8 млн теңгеге 5 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Аудан бойынша 5 959 гектар суармалы жер бар. Суару «Ақтоған», «Малобуконский» және «Ворошиловский» магистралды каналдары арқылы жүзеге асырылады. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану және заманауи жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасуда.
2026 жылғы 27 сәуірдегі жағдай бойынша жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында 25 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге өтінім берген. Оның ішінде 23 өтінім бойынша 1,8 млрд теңге көлемінде қаржы мақұлданды, ал 2 өтінім қаралу үстінде.
Ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, «ТАИМ» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасын салу, «Елім-ай Көкпекті» ЖШС-нің мал сою пунктін салу, «Өрнек» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасын кеңейту және сүт өңдеу зауытын салу жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қарағандыкөл ауылында құс фермасын және Көкпекті ауылында май өңдеу зауытын салу жобалары пысықталуда.
Жалпы алғанда, 2026 жылы Көкпекті ауданының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуға, инвестициялар тартуға, саланы техникалық жаңғыртуға және ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.