Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын сақтау
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру және қоғамда адалдық қағидаттарын қалыптастыру әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндетімен тығыз байланысты.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі құқықтық негіздерін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілер құрайды. Аталған құқықтық құжаттар мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік міндеттерін орындауына және мүдделер қақтығысының алдын алуға қатысты талаптарды белгілейді.
Мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысында заңдылық, әділдік, ашықтық және адалдық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке басының немесе өзге де адамдардың мүддесі үшін пайдалануға, заңсыз артықшылықтар алуға, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардан қызметтік міндеттерді орындағаны үшін сыйақы немесе өзге де материалдық игіліктер қабылдауға жол берілмейді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мүдделер қақтығысын болдырмау мәселесі де ерекше орын алады. Мемлекеттік қызметші өзінің жеке мүддесі қызметтік міндеттерін объективті әрі бейтарап орындауына ықпал етуі мүмкін жағдайларды дер кезінде анықтап, заңнамада көзделген тәртіппен тиісті басшысына хабарлауы қажет. Мұндай талаптарды сақтау қабылданатын шешімдердің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдарда тұрақты түрде семинарлар, дөңгелек үстелдер, құқықтық оқыту сабақтары және ақпараттық кездесулер ұйымдастырылады. Іс-шаралар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптары, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп нормалары, сыйлықтарға қатысты шектеулер және заң бұзушылықтар үшін көзделген жауаптылық мәселелері нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындау кезінде күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда заңгерлік кеңеске жүгіну, белгіленген ішкі рәсімдерді сақтау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттілігі ескертіледі. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету, ішкі бақылауды жетілдіру және құқық бұзушылықтар туралы хабарлау тетіктері тиімді, қатар жүргізілуі керек.
Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды сақтау тек заң алдындағы міндет қана емес, сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілік екенін түсінуі қажет. Заң талаптарын мүлтіксіз орындау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту және қызметтік шешімдерді әділ қабылдау мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, әрбір мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты, жүйелі және мазмұнды түрде жүргізілуі тиіс. Құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық мәдениетін қалыптастыру және әрбір қызметшінің жеке жауапкершілігін күшейту арқылы ғана сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, халыққа сапалы әрі әділ мемлекеттік қызмет көрсетуге болады.
Көкпекті ауданының
жергілікті атқарушы органдарының
Әдеп жөніндегі уәкілі Г. Анкебаева
Қазақстандықтар жыл басынан бері бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеді
Сәбидің дүниеге келуі - кез-келген отбасы үшін зор қуаныш. Бұл маңызды оқиға тиісті мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу сияқты жауапты міндетпен толығады. Ата-аналар бала тууына байланысты жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алады. Биылғы жылдың 8 айында бала тууына байланысты біржолғы төлемді 200 мыңнан астам отбасы рәсімдеген.
Бұл ретте қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі болғандықтан, жәрдемақы рәсімдеу үшін ХҚКО-ға арнайы бару міндетті емес. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жолданады. Жәрдемақы алуға келісімін растап, банк шотын көрсеткеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Рәсімделген төлемдердің басым бөлігі оңтүстік өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 28 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған. Екінші орында 19 мыңнан астам төлем рәсімделген Алматы қаласы тұр. Ал үздік үштікті 17 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған Астана қаласы түйіндейді.
Мемлекеттен берілетін біржолғы қаржылай көмек мөлшері нәрестенің дүниеге келген кезегіне байланысты. 2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге берілсе, одан кейін туған балаларға берілетін жәрдемақы құны 272 475 теңгені құрайды.
Ата-аналар құжаттарды бала туған күннен бастап 18 ай ішінде рәсімдеуі маңызды. Себебі аталған мерзім өткеннен кейін, жәрдемақы алу құқығы жойылады.
Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 7 жұмыс күні ішінде, ал электронды үкімет порталы мен екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы 4 жұмыс күні ішінде рәсімдеуге болады.
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді
Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.
«АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, 1 миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.
Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамыз айында 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674-ті құрады. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды.
Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Мемлекеттік корпорация ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруда
2026 жылдың басынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендер тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат оқудан өтті.
Қазақстан Республикасында жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және оларды онлайн форматта өз бетінше алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлер арасында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында оқытылған азаматтар саны басым.
Оқу сабақтарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары еліміздің әр өңіріндегі ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Сабақ барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның негізгі құралдары мен мүмкіндіктерін меңгерді.
Еске сала кетейік, электрондық мемлекеттік қызметтерді және заманауи онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.
Тассай ауылындағы көшпелі әкімдік отырысы
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қарадық.
Атап айтқанда:
– 2026–2027 оқу жылына білім беру нысандарының дайындық барысы;
– Тассай ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар және үш жылдық жоспарға енгізілген 2026 жылғы жобалардың жүзеге асырылуы;
– өзге де өзекті мәселелер.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларының есептерін тыңдалды. Барлық жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайына тұрақты бақылау жүргізу, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жедел ден қою қажеттігін атап өтілді.
Көшпелі әкімдік отырыстарын өткізудегі басты мақсатымыз – ауылдардағы мәселелерді жергілікті жерде талқылап, олардың шешу жолдарын нақтылау және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауда ұстау.
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА
Отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,35 трлн теңгеге жетті
Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 тамызына 28,35 трлн теңге болды. 12 айдағы өсім – 3,50 трлн теңге немесе 14,1%. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) қалыптасқан. 2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жарнаның бұл түрінің есепті күндегі көлемі – 26,31 трлн теңге, 12 айда 2,69 трлн теңгеге немесе 11,4% өсті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 6,6%-ға ұлғайып, 751,56 млрд теңгеден асты. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 тамызға оның көлемі 10,41 млрд теңге болып, 12 айда 14,9% өсім көрсетті.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да айтарлықтай ұлғаюда. 12 ай ішінде 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 тамызына 1 273,93 млрд теңге болды.
Түсімдер
Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың алғашқы 7 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2 127,27 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,7%-ға (немесе 289,09 млрд теңгеге) артық.
МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 тамызға дейін 1 630,80 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 8,1%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 87,69 млрд теңге (өсім – 11,0%), ЕЗЖ – 1251,28 млн теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.08.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 407,53 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.08.2026ж. жағдай бойынша 1233,05 млрд теңгені құрады.
Төлемдер мен аударымдар
2026 жылғы қаңтар-шілде айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 1083,51 млрд теңгені құрады.
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 170,95 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 38 9993 теңге.
2026 жылдың басынан бастап 01.08.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 435,20 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 63,06 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 28,13 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 2,05 млрд теңге, жерлеуге – 5,56 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 378,56 млрд теңге аударылды.
ЖЗШ саны
2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 18,89 млн бірлік (12 айдағы өсім – 1,12 млн бірлік немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 тамызында 12,84 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,39 млн - МЗЖ бойынша, 789,48 мыңы - МКЗЖ бойынша, 463,69 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,39 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді.
БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 6,06 млн бірлік.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Сайлау күні дауыс берушілерге бір күндік тіркеу рәсімі
қолжетімді болады
23 тамыз, Құрылтай сайлауы күні, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ қазақстандықтар дауыс беру үшін сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша бір күнге тіркеуге тұра алады. Бұл қызметті сайлау учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көрсетеді.
Дауыс беру күні еліміз бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Соның 221 учаскесінде ХҚКО қызметкерлері азаматтардың бір күндік тіркеуін рәсімдейді. Бұл өз кезегінде олардың сайлау құқығын жүзеге асырып, дауыс беруге қатысуына мүмкіндік береді.
Тіркеу тек дауыс беруге қатысу мақсатында бір күнге рәсімделеді. Келесі күні тіркеу автоматты түрде жойылады. Егер сайлау учаскесі мектепте, колледжде, университетте немесе басқа да мекемеде орналасса, азамат сол нысанның мекенжайы бойынша тіркеледі.
ХҚКО қызметкерлері сайлау учаскелерінде сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайына сәйкес сайлау учаскесінде дауыс береді.
Сайлау учаскелерінің толық тізімімен және тиесілі учаске туралы ақпаратпен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан онлайн режимде танысуға болады.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ИПБ-ға БЕРУ
БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР
Қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ), сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ға бере алады. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді. Салымшыларға ИПБ-ны таңдау кезінде қолайлы болуы үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz интернет-платформасында ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады. Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізілімінен қажетті ИПБ-ны таңдауы қажет. Бұл туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға беру – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Одан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш беру қажет. Мұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтаруға қатысты өтініштерім» бөлімінен бақылауға болады.
ИПБ-ға беру туралы өтініштерді қабылдау, сондай-ақ оларды БЖЗҚ-да өңдеу үрдістері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, ИПБ-ға аудару мүмкіндікке ие болды. Сонымен қатар, егер сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, МЗЖ және/немесе МКЗЖ бойынша жинақтардың бүкіл сомасын аударуға болады.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді.
Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына беру салымшыларға ИПБ-лардың көрсеткіштері мен инвестициялық стратегияларын зерделеу негізінде, өздерінің жеке қалауларын ескере отырып, капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді.
Зейнетақы активтерін басқаруға, қолданылатын стратегиясына қарамастан, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізіліміне енгізілген компанияларға ғана рұқсат беріледі.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ИПБ-ларға арнайы талаптар әзірлеген. Атап айтқанда, олардың инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда табысты жұмыс тәжірибесі, соңғы бірнеше жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің оң нәтижелері, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды өтеуге жеткілікті меншікті капиталы және т.б. болуы тиіс.
Сонымен қатар, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуы, сондай-ақ БЖЗҚ және кастодиан-банкпен үшжақты кастодиандық шарт жасасуы қажет.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген. Олар:
«Halyk Global Markets» АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда БЖЗҚ-ға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ бастамасымен шартты бұзу туралы хабарлады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды. Компания тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын, нарықтағы ИПБ-лардың қолданыстағы тізімімен мұқият танысып, олардың БЖЗҚ сайтында орналастырылған инвестициялық декларацияларын зерделеуді ұсынамыз. Сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштерін, сонымен бірге ИПБ-ға қатысты реттеуші орган — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар және ықпал ету шаралары туралы ақпаратты (егер олар болған жағдайда) талдау қажет.
ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі.
БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz порталында әртүрлі ИПБ қызметінің тиімділігін сипаттайтын маңызды көрсеткіштерді салыстыруға болады. Олардың қатарында: кірістілік, УЕ (зейнетақы активтерінің инвестициялау нәтижесінде өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтері құнының үлестік шамасы, оның бағамы есептелген инвестициялық кіріске (залалға) байланысты болады), портфельдің құрылымы және ИПБ-ның қаржылық көрсеткіштері бар.
Инвестициялық басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық интернет-платформа — салымшыларға зейнетақы инвестицияларын онлайн режимде талдауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс.
Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:
Осылайша, invest.enpf.kz бірыңғай интернет-платформасы зейнетақы жүйесіндегі цифрлық сервистерді дамытудың маңызды элементіне айналып, салымшылардың зейнетақы капиталын басқаруға неғұрлым саналы түрде қатысуына және өздерінің қаржылық болашағын қалыптастыруына ықпал етеді.
Сондай-ақ таңдалған ИПБ инвестициялық портфелі бойынша өзекті ақпаратпен БЖЗҚ сайтындағы тиісті бөлімнен (Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға аудару) танысуға болады.
БЖЗҚ-ның әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өз ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Осыған сәйкес, БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелері ИПБ-мен өзара іс-қимыл барысында барлық деректерді есепке алуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте БЖЗҚ барлық салымшылар үшін бірыңғай есептік және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚР Ұлттық Банкі және/немесе ИПБ), олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы болып қала береді.
Мемлекеттік қызметтер үйде көрсетіледі: қазақстандықтар дербес менеджер сервисін таңдауда
Мемлекеттік қызметтер азаматтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсуде. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ алуға болады. Осы мақсатта «Дербес менеджердің үйге баруы» сервисі жұмыс істейді. Оның аясында маман өтініш беруші көрсеткен мекенжайға барып, қажетті қызметтерді үйде көрсетеді. 2026 жылдың жеті айында бұл мүмкіндікті шамамен 1,5 мың қазақстандық пайдаланған.
Салыстырмалы түрде қарасақ, 2025 жылы дербес менеджер қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінген. Өткен жылы аталған сервис Қызылорда облысында ең көп сұранысқа ие болып, оны 540 адам пайдаланған. Алматыда - 477, ал Павлодар облысында 435 адам осы сервистің көмегіне жүгінген.
Ал биылғы жылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша көшбасшылар үштігі өзгерді. Дербес менеджердің үйге баруы бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді, онда бұл сервисті 296 рет пайдаланған. Екінші орында Атырау облысы - 277 рет, ал Қызылорда облысы - 259 рет аталған сервиске жүгінген.
Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтініш беріп, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтініш бойынша фронт-офис маманы азаматтың үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі. Мұндай формат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және қандай да бір себептермен ХҚКО-ға өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы.
«Үйге баратын дербес менеджер» тарифінің құны - 7 447 теңге. Бұл сома мемлекеттік бажға жатпайды, яғни тек сервистің қызмет көрсету құны болып табылады.
Үйге баратын дербес менеджердің көмегімен мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын алуға болады. Алайда паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтер бұл тізімге кірмейді. Себебі аталған қызметтерді алу үшін азаматтың жеке қатысуы керек және тиісті рәсімдерден өтуі қажет.
Маманның үйге келуіне өтінішті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға көрсетілетін қызметтер» «Дербес менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, өтінішті 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да рәсімдеуге мүмкіндік бар. Өтініш беру кезінде қажетті ақпаратты толтырып, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті.
Азаматтар енді өз өтінімдерінің орындалу барысын «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерісі аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «ЦОН» мобильді қосымшасына жаңа мүмкіндік қосты. Енді азаматтар мемлекеттік қызметке берген өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде көре алады.
Өтінім мәртебесін көру үшін қолданушы қосымшадағы «ХҚКО қызметтері» немесе «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімін таңдап, өтінім нөмірін енгізуі керек. Бұл жаңашылдық қызмет көрсету процесін барынша ашық етіп, азаматтарға өтінімнің қай сатыда тұрғанын және нәтижені қашан алуға болатынын нақты білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – енді өтінім мәртебесін білу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.
Жаңа функция азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерге деген сенімді арттырады. Әр қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін көріп, кез келген өзгеріс туралы жедел хабардар бола алады.
«Өтінім мәртебесін бақылау жүйесін енгізу – мемлекеттік қызметтерді жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл шешім ашықтықты арттырып, халыққа қызмет көрсетудің қолайлылығын күшейтеді. Мұндай цифрлық бастамалар Президент Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттерімен үндесіп, мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді», – деді Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы.
Қосымшада сонымен бірге электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігі іске қосылған. Бұл қолхат – өтінімнің қабылданғанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжат. Ол автоматты түрде «Тапсырыс тарихы» бөлімінде сақталады.
Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта жылдам әрі ыңғайлы түрде ұсынуға бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырады.