Ұлттық оюмен өрнектелген бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қолдан тігілген киімдер мен ағаштан, былғарыдан жасалған туындылар. Семейде Республика күніне орай өткен «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі қазақ қолөнерінің байлығын паш етті. Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылған шара дәстүрлі өнерді дәріптеп, оны жаңа қырынан танытуға арналды.
Фестивальге Семей қаласы мен облыс аудандарынан келген қолөнер шеберлері, зергерлер, этнодизайнерлер және ұлттық киім тігетін мамандар қатысты. Астанадан арнайы шақырылған дизайнерлер де өз тәжірибесімен бөлісті. Қонақтар ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалап қана қоймай, шеберлік сағаттарына қатысып, қолөнердің қыр-сырын үйренді.
Шара барысында Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева ұлттық өнерді сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
– Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қолөнердің қадірін арттыруға бағытталған. Көрмеге қойылған әрбір бұйымның артында шебердің маңдай тері, төзімі мен сүйіспеншілігі, сондай-ақ ұлтқа және мемлекетке деген құрметі жатыр. Осындай игі бастамаға қолдау білдіріп, өнерін ортаға салған облыс аудандары мен еліміздің өзге қалаларынан келген барша шеберге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Гүлнұр Ыдырышева.
Салтанатты шара барысында шеберлерге Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлының алғыс хаттары табысталды. Марапаттарды Гүлнұр Ыдырышева тапсырды.
Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы» директорының міндетін атқарушы Самат Карибжанов фестивальдің өңірде алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар ұлттық қолөнерді жаңғыртып, шеберлердің өзара тәжірибе алмасуына жол ашады.
– Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, атадан балаға мұра болып қалған қолөнерімізді қайта жаңғырту. Фестивальге Семей қаласы мен аудандардан келген шеберлермен қатар, Астанадан арнайы шақырылған, халықаралық деңгейде танылған дизайнерлер қатысты. Олар жергілікті шеберлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті, – деді Самат Карибжанов.
Ұлттық өнер фестивальдің мәдени бағдарламасында да көрініс тапты. Көрермендер «Бәйге» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлерді тыңдап, домбырашылар ансамблінің өнерін тамашалады. Халық әндері шырқалып, «Тұмар» бишілер ансамблі батырлар биін ұсынды. Ал Астанадан келген «Zeken-MoDa» сән студиясының этно-fashion көрсетілімі ұлттық нақыштың сән әлеміндегі орнын көрсетті.
«ABAI ШЕБЕР FEST» атадан қалған асыл мұраны бүгінгі өнермен ұштастырып, ұлттық қолөнердің жаңа мүмкіндіктерін танытты. Фестиваль шеберлердің басын қосып қана қоймай, қазақы өнердің келешек ұрпақпен бірге жасай беретінін көрсетті.
1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай Семей қаласында салтанатты қабылдау шарасы өтті. Қарияларға құрмет көрсетуге арналған жиынға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдің қала-аудандарынан ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен сіңірген еңбегіне құрмет білдірді.
«Баршаңызды Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта: «Қарты бар үйдің қазынасы бар», – дейді. Расында, үлкенді сыйлап, ақсақалды төрге шығарып, ақ жаулықты ананы ардақтаған аталы жолды бүгінде жалғастырмақ ниетіміз бар. Сондықтан бүгінгі басқосуымыздың «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Сіздердің елге сіңірген қызметтеріңіз бен өмірден түйген тәжірибелеріңіз кейінгі буын үшін үлгі-өнеге, баға жетпес қазына. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буынға деген құрмет пен олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. «Ардагерлер туралы» заң осы бағыттағы мемлекеттік қолдауды жүйелеуге берік негіз қалады. Президентіміз қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән береді. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруде сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіздің орны бөлек. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақындарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін», – деді Берік Уәли.
Шара барысында өңірдің әр саласында еңбегімен еленген ардагерлер «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, республикалық Ардагерлер ұйымының «Құрмет» төсбелгісімен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жылы рәуіште өткен кездесуде ардагерлер елдің береке-бірлігі, жастардың болашағы туралы ойларын ортаға салды.
Абай облысында ардагерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл Ұлы Отан соғысының ардагеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жеңіс күні қарсаңында 1 146 адамға 158 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді.
Бүгінде аймақта 2 639 зейнеткер арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қарт жандардың белсенді өмір салтын жалғастыруына да жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облысымызда 395 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.
Өңірде 2 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмыс істейді. Биыл олардың қатарына Курчатов қаласында ашылған жаңа орталық қосылды. Семей қаласындағы орталықтың 3 филиалы бар. Қазіргі таңда бұл орталықтарда 608 зейнеткер түрлі қызметтермен қамтылып отыр.
Кездесу барысында қоғамдық келісімді нығайту, этномәдени бірлестіктер мен «Қоғамдық келісім» КММ арасындағы өзара іс-қимылды дамыту және алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары талқыланды.
Кеңестің күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды: Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы туралы – Халық кеңесінің жұмысы, негізгі бағыттары және азаматтық қоғам институттарының қатысуы туралы ақпарат берілді;
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы – деструктивті діни ағымдардың алдын алу, діни сауаттылықты арттыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы сөз болды;
Этномәдени бірлестіктерді қайта тіркеу қорытындылары туралы – қайта тіркеу нәтижелері және этномәдени бірлестіктер қызметін одан әрі ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кеңес барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы кезеңдегі бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындады.
Этномәдени бірлестіктердің белсенді өзара іс-қимылы – қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.
Абай облысында III облыстық «Мың бала» мәдени-ағартушылық байқауының өңірлік іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Биылғы байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен 33 өнерпаз қатысып, «Әлеуметтік желілердегі мәнерлеп оқу» және «Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациялары бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігін, шығарманы көркем жеткізу мәнерін, қазақ тілін меңгеру деңгейін және шығармашылық ерекшелігін бағалады.
Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы байқаудың мемлекеттік тілді дамыту мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы жастардың қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтауда, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Осы тұрғыда «Мың бала» жобасы да өз нәтижесін көрсетіп отыр. Жобаға қатысқан жастар мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танып, өз өнері мен қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Бүгінде олардың арасынан түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар бар. Бұл – жобаның нақты нәтижесі. «Мың бала» мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды алаң, – деді басқарма басшысы.
Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша Семей қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы №2 мектептің 5-сынып оқушысы Соловьёва София жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ол алдағы байқауда Абай облысының намысын қорғайды.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік желілердегі мәнерлеп оқу» номинациясында Мальцев Руслан І орынға ие болса, Тлекұлы Дінмұхамед ІІ орын, Сулейменова Аяулым ІІІ орынды иеленді. Ал «Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациясында Соловьёва София жеңімпаз атанса, Ашимова Камилла ІІ орынға, Загидуллина Наима ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алакөл жағалауы бірнеше күн бойы Қазақстанның әр өңірінен жиналған белсенді жастардың басын қосты. Абай облысы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және еліміздің басқа да өңірлерінен келген қатысушылар Мақаншы ауданында өткен LakeCamp Abai жастар лагерінде бас қосты. Олар көл жағасында демалып қана қоймай, медиа контент жасауды, әлеуметтік жобалар әзірлеуді үйреніп, азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады, ұлттық құндылықтармен танысып, экологиялық акцияға қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылған LakeCamp Abai жастар лагері Абай облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен және облыстық Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жоба мемлекеттік құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, заманауи медиа мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстыру, көшбасшылық пен жобалық қызметті дамыту, сондай-ақ экология мен жастар туризмін насихаттау бағыттарын бір арнаға тоғыстырды.
Лагерьдің алғашқы күнінен-ақ ұйымдастырушылар жастардың өзара танысып, еркін араласуына ерекше көңіл бөлді. Қатысушылар бағдарлама барысымен танысып, ортақ жұмысқа белсенді кірісті. Сонымен қатар жағалау мен судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қажетті ақпарат берілді.
Бағдарламаның негізгі алаңдарының бірі «Тіл. Дәстүр. Домбыра. AI» деп аталды. Мұнда ұлттық мәдениет заманауи технологиялармен ұштастырылды. Жастар қазақ тілін меңгеруге арналған тапсырмаларды орындап, командалық ойындарға қатысты, домбыраның үнімен танысып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Бұл формат ұлттық дәстүрлерді сақтаумен қатар, оларды қазіргі цифрлық ортада жаңа мазмұнмен дамытуға болатынын көрсетті.
Азаматтық жауапкершілік мәселелері Legal Talk «Заң және тәртіп – жастар таңдауы» пікірталас алаңында талқыланды. Мемлекеттік органдардың өкілдері жастарға азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптары және құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы айтып берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Лагерь бағдарламасында медиа шығармашылыққа да ерекше орын берілді. MediaLab аясында қатысушылар фото және бейнетүсірілім, мобильді монтаж, сторителлинг және копирайтинг негіздерін меңгерді. Ал алған білімдерін «LakeCamp – қатысушылар көзімен» байқауында іс жүзінде сынап көрді. Бейнероликтер, фотосуреттер, стористер мен мәтіндік жарияланымдар арқылы жастар лагерь тынысын өз көзқарастарымен көрсетті.
«LakeCamp Abai лагерін өткізудің негізгі мақсаты – мемлекеттілікті, ұлттық дәстүрлерімізді және Алакөл жағалауының туристік әлеуетін насихаттау. Бағдарлама аясында жастар ұлттық құндылықтармен танысып қана қоймай, заманауи медиа контент жасауды және гранттық жобалар әзірлеуді үйренді», – деді «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Самат Кәріпжанов.
Ұлттық құндылықтар бағыты тоғызқұмалақтан өткен шеберлік сабағы мен этноквиз арқылы жалғасты. Ал жауапкершілік туралы әңгіме «Таза Қазақстан» акциясы барысында нақты іске ұласты. Қатысушылар Алакөл жағалауына шығып, аумақты тазарту жұмыстарына атсалысты.
Әр өңірлерден келген жастардың басын қосқан тағы бір маңызды алаң – «Жастар бастамасы – ел болашағы» атты IDEALAB болды. Қатысушылар командаларға бөлініп, өзекті мәселелерді талқылады және шағын жобалар әзірледі. Жобалардың қатарында экология, мемлекеттік тілді дамыту, волонтерлік, жастар кәсіпкерлігі, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллект, білім беру, жұмыспен қамту және ауыл жастарын дамыту бағыттары қамтылды.
Осылайша LakeCamp Abai жай ғана жазғы лагерь емес, өңіраралық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды. Еліміздің әр түкпірінен келген жастар бір-бірімен танысып, пікірлес адамдарын тауып, жаңа бағыттарда өздерін сынап көрді және лагерьден кейін де жалғасын табуы мүмкін бастамаларды бірге талқылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, оған еліміздің барлық өңірлерінен белсенді жастарды көбірек тарту жоспарланып отыр. Бұл ретте Алакөлдің туристік әлеуетін танытуға да басымдық берілмек. Яғни көл жағалауы демалыс орны ғана емес, жастардың білім алуына, тәжірибе алмасуына және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін тартымды алаң ретінде қарастырылады.
Лагерь қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, үздіктерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бағдарлама Мақаншы ауданы өнерпаздарының концерттік кеші және жастардың мәдени-шығармашылық бағдарламасымен түйінделді.
Бірнеше күнге созылған LakeCamp Abai ұлттық мәдениет пен жасанды интеллектті, экология мен туризмді, медиа шығармашылық пен азаматтық белсенділікті бір ортаға біріктірді. Жобаның басты мәні де осында – жастарға жаңа білім беріп қана қоймай, өзара араласуға, жаңа идеялар ұсынуға және сол идеяларды нақты бастамаға айналдыруға мүмкіндік беру.
Бүгін Семейде өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі болып жүрген отбасыларды ұлықтауға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
«Мерейлі отбасы» байқауы – адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға бағытталған маңызды жоба. Байқау елімізде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде Абай облысында 198 526 отбасы бар. Оның 18 983-і – көпбалалы отбасылар. Өңірдегі әр шаңырақтың өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі бар. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына облыстың қала-аудандарынан 129 отбасы өтініш білдіріп, олардың 24-і облыстық кезеңге жолдама алды.
Марапаттау рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталып, байқауға қатысқан барлық жанұяларға ризашылығын білдірді.
«Бүгін біз отбасы құндылығын дәріптеп, өнегелі әулеттің мерейін асырып, тағылымды шаңырақтың шырайын келтірген айтулы шарада бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады» – деп ерекше атап өткен болатын. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облысымызда бесінші рет өткізіліп отыр. Бес жыл ішінде бұл байқау өнегелі отбасылардың басын қосып қана қоймай, қоғамға жақсыны көрсетуге, ізгілікті дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға арналған маңызды дәстүрге айналды. Бүгінгі марапатты – Отанның бір бөлігі болған отбасына тәрбиенің тұнығын беріп, барын бақытым деп бағалаған кең пейіл, бала көңілдеріңізге облыс жұртшылығының көрсеткен құрмет деп білерсіздер. Ынтымағы мен ырысы артқан әр шаңыраққа бақ қонып, баланың күлкісі, сәбидің сыңғыры үзілмесін. Мерейлі отбасылардың мерейі үстем болып, абыройы арта берсін!», – деді Берік Уәли.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Бесқарағай ауданының Қайдаровтар отбасы, II орынды Абай ауданының Мақаевтар отбасы, III орынды Ақсуат ауданының Каржиковтар отбасы және Жарма ауданының Құмаровтар отбасы иеленді. Байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Қайдаровтар отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.
«Бүгінгі байқауға қатысып, жүлделі болған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Шыны керек, осындай марапатқа ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпағымызды тәрбиелеп келеміз. Бұл марапат – біздің отбасымызға көрсетілген үлкен құрмет. Алғысымды білдіремін», – деді білім саласының ардагері, байқау жеңімпазы Жұмағазы Қайдаров.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, сондай-ақ, ақшалай сертификаттар табысталды.
Семейде №31 мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен экологиялық акция өтті. Іс-шара барысында қатысушылар қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинап, кітап алмастырып, қалдықтарды дұрыс сұрыптау қағидаларымен танысты. Сонымен қатар «4 Лапы» жануарларға арналған панасына қолдау көрсетті.
Акция балалар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болды. Абай облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаевтың айтуынша, мұндай бастамаларды тұрақты түрде, соның ішінде мектептер мен колледждерде дамыту және өткізу маңызды. Ол қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті ерте жастан қалыптасып, тек практикалық әрекеттерден ғана емес, әр адамның жеке көзқарасынан басталуы қажет екенін атап өтті.
- Бүгін осындай ауқымды шараға келген баршаңызды қуана қарсы алып отырмын. №31 мектептің педагогы Шынар Қайырбаева менің қабылдауыма жазылып, осындай ауқымды акция өткізу мәселесін талқыладық. Бүгін оның 20 оқушысы бүкіл қала айтып жатқан осындай іс-шараны өткізіп отыр. «Таза Қазақстан» ең алдымен өзіміздің санамыздан, ойымыздың тазалығынан және осындай құндылықтарды бала кезден бойға сіңіруден басталады. Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Соған орай біз тағы бір іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған барлық экологиялық белсенділерді шақырамыз, – деді Олжас Бейсенбаев.
Сонымен қатар басқарма басшысы іс-шара барысында экологиялық бағыттардың қаншалықты кең қамтылғанына тоқталды.
- Мұнда буккросинг, қолдан жасалған бұйымдар ұсынылған. Акция барысында «4 Лапы» жануарларға арналған панасына қолдау көрсетуге, сондай-ақ қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйренуге болады. Бұл өте маңызды. Өйткені осылайша біз экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын түсіндіре аламыз. Меніңше, мұндай тәжірибені басқа мектептер мен колледждерде де енгізуіміз керек. «Таза Қазақстан» – бұл тек көшелерді тазалау емес, ең алдымен ойымыздың тазалығы, – деп қосты Олжас Бейсенбаев.
№31 мектептің педагогы, акцияны ұйымдастырушылардың бірі Шынар Қайырбаева оқушыларының «Taza club» экоклубы аясында іс-шараны ұйымдастыруға үлкен қызығушылықпен кіріскенін атап өтті.
- Бүгінгі қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинауға арналған экологиялық акцияның мақсаты – қалдықтарды сұрыптау арқылы қоқыс көлемін азайту. Барлығы отбасынан басталады. Егер балаларымызды қалдықтарды сұрыптауға, оларды жай ғана лақтырмай, қайта өңдеуге үйретсек, бұл өте маңызды әдетке айналады. Іс-шара – біздің экоклубтың бастамасы. Біз үшін ең қиыны – алғашқы шарамызды өткізу, балаларға қалдықтарды сұрыптаудың негізгі қағидаларын үйрету болды. Қайта өңдеуге болатын қалдықтарды қабылдау аймағынан бөлек, кітап алмасу аймағы да жұмыс істеп тұр. Акция барысында жиналған барлық кітапты әлеуметтік мекемелерге тегін беруді жоспарлап отырмыз, – деді Шынар Қайырбаева.
Ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларды одан әрі жалғастырып, оларға мектеп оқушыларын, педагогтер мен экологиялық белсенділерді көбірек тартуды жоспарлап отыр. Акция барысында жиналған кітаптар әлеуметтік мекемелерге табысталады, ал қайта өңдеуге болатын қалдықтар одан әрі кәдеге жаратуға жіберіледі.
Мұндай іс-шаралар экологиялық әдеттерді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға ықпал етіп, қаланың тазалығына әр адамның қарапайым әрекеттер арқылы үлес қоса алатынын көрсетеді.
Семей қаласында Абай күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген Рәміздер алаңы – қоғамдық-мәдени кеңістігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Рәміздер алаңының ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейге Рәміздер алаңының салынуына себеп болған Солтүстік Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Ғауез Нұрмұхаммедовке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.
«Бүгін, ұлы ақынның туған күнінде Солтүстік Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашқалы тұрмыз. Ерекше атап өтерлігі, бұл – акция аясында пайдалануға беріліп отырған алғашқы нысан. Күллі Абай өңірінің тұрғындарын қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, Рәміздер алаңы қысқа мерзім ішінде, небары алты айға жетпейтін уақытта Бейбітшілік (Түйемойнақ) аралында бой көтерді. Бұл аралда қырық жыл бойы даламызға уын шашқан атомдық сынақтардың тоқтауына орай биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылса, ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толғанда биіктігі 25 метр болатын Бейбітшілік стэлласы бой көтерді. Енді, міне, Абай облысы қайтадан шаңырақ көтерген тұста, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы салынды. Биыл жазда менің тапсырмаммен «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стэлласына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылып, абаттандырылды. Бұл үш таған қасиетті Бейбітшілік аралына енді толық мағына беріп, қаланың көркін ашып, тарихын байытып, қала тұрғындары мен қонақтары демалатын тамаша саябаққа айналады деп сенеміз. Баса назар аударып айта кететін бір жайт, бүгінгі күнге дейін ресми ту көтеру рәсімі әр тұста орындалып келді. Дәл осы сәттен бастап мұндай мәртебелі жиындар өзіміз тұрған әсем алаңқайда өтетін болады. Бұл алаңның ашылуын «Абай күнімен» тұспа-тұс жоспарлаған едік. Міне, бүгін біз айтқан сөзімізде тұрып, Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашып отырмыз», – деді Берік Уәли.
«Рәміздер алаңы» – Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранды біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа қоғамдық кеңістік. Алаңның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Композицияның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метрлік мемлекеттік Ту тұғыры. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Алаңда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік, демалыс орындары, орындықтар мен көгалдандырылған гүлзарлар қарастырылған.
Алдағы уақытта Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес қала тұрғындарының қолайлылығы үшін көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынбақ.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау тілегін жеткізді.
«Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы – жай ғана жаңа нысан емес. Бұл – ұлы Абайға деген тағзымның, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің және өңіраралық достықтың жарқын белгісі. Бүгін біз мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесін асқақтататын Рәміздер алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл алаң – елдік рухты нығайтатын, жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке деген адалдықты сіңіретін тағылымды орын. Бүгінгі тарту – Ертіс пен Есілдің арасын жалғаған достықтың, Шығыс пен Солтүстіктің арасындағы бауырластықтың және тұтас еліміздің бірлігінің көрінісі», – деді ол.
Шара барысында Рәміздер алаңының бой көтеруіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Абай облысы әкімі мен СҚО әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, салтанатты шарада белгілі әншілер Ибрагим Ескендір мен Қуандық Рахым өнер көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталық, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы бой көтеруде. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.
Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.
Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. Жеке қоғамдық қор есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Семейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тартуы – Инклюзивті спорт орталығы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бері 10 тамыз Абай күні ретінде елімізде кең көлемде аталып өтіліп келеді.
Бүгін Семейде Президенттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы - Рәміздер алаңы ашылды.
Облыс әкімі Берік Уәли Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бастаған делегациямен бірге Семейдегі Абай музейінің алдындағы «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.
Айта кетейік, Абай облысында Абай күніне орай 200-ге жуық іс-шара өтеді.
Бүгін Семей қаласының Отбасын және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығында Абай облысы Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған семинар-тренинг өтті.
Жиынға педагогтер, білім саласының өкілдері, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және қала мен аудандардан келген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Шараның басты мақсаты - қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, осы бағытта жұмыс істейтін мамандар арасында тәжірибе алмасу және қажетті ақпарат ұсыну.
- «Бүгінгі семинар-тренингтің негізгі мақсаты-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыс істейтін мамандардың басын қосып, тәжірибе алмасу. Мұндай кездесулер барысында сала мамандары өзекті мәселелерді талқылап, тиімді жұмыс тәсілдерімен бөлісе алады»,- деді Абай облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттесу және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Айтуар Қапасов.
Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, оңалту жұмыстары, әкімшілік-құқықтық шаралар, отбасылық құндылықтарды нығайту және агрессордың заң алдындағы жауапкершілігі мәселелері талқыланды.
Тренингке қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтіп, сала мамандарының кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.