
Күн салқындап, пеш жағатын кезең келді. Әрине қазір көпшілік көп ретте көгілдір отынды тұтынуда. Алайда пешті пайдаланатындар қатары әлі де аз емес. Ал пеш жағатындар ең алдымен қауіпсіздік ережелеріне мән беру қажет екенін біледі. Ал пештегі басты қауіп түтіндіктің ысқа толып қалуы. Ыстың қақтанып тұрып қалуынан жаққан оттың түтіні сыртқа шыға алмай кері қарай, яғни үй ішіне ұрады, от жанбай, үй салқындап, біраз әбігерге салатыны тағы бар. Қазір ысқа толған түтіндікті тазартатын арнайы құрылғылар бар. Алайда бұл біріншіден қаражатты талап етеді, екіншіден тазалаушыны күтіп уақытыңыз жоғалады.
Негізі пешті жаңадан пайдалана бастағаннан кейін түтіндікті алғашқы тазалау жұмыстары 1,5 – 2 жылдан кейін жүргізілуі керек. Осы уақыт ішінде түтіндікке кем дегенде 2мм ыс жиналады. Ал ары қарай түтіндікті жылына екі рет тазалау қажеттілігі туындайды. Мұндай тазарту жұмыстары негізінен көктем мен күзде жасалғаны дұрыс. Түтіндікті тазалаудың 3 түрі бар: биологиялық, хмимиялық және механикалық. Биологиялық тазарту тәсілдері. Биологиялық тәсілмен тазарту түтіндікте ыстың қақталып жиналуынан сақтайды. Картоп қабықтары, крахмал, ағаш отын т.б арқылы түтіндікті ыстан тазарту жолдары биологиялық болып есептеледі. Қарапайым және қажетті заттардың оңай табылатыны үшін Мұндай тәсілдер халық арасында кеңінен тараған. Картоп қабықтары ыс жиналуынан сақтайды. Жарты шелек кеуіп қалған картоп қабықтары. Жанып жатқан от үстіне құрғап кеуіп қалған қалдықтарды салу керек. Бірден жанған картоп қабықтарынан үлкен көлемдегі крахмал бөлініп, түтіндіктегі ысты жібітеді. Егер ыс қақталып жинақталып қалған болса, онда картоп қабықтарын жаққан соң, түтіндікті механикалық әдіспен тазартып жіберу қажет.