Қазақстан Республикасы Патент заңының 22-бабының 13-1-тармағына сәйкес өтінім берушінің өтінішхаты бойынша өнертабысқа патент беруге арналған өтінімге сараптама, егер мәлімделетін өнертабыс патенттеудің қолайлы шарттары көзделген объектілерге жататын болса, алты ай ішінде жеделдетілген түрде жүргізіледі.
Жеделдетілген сараптама жүргізу үшін өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерге сараптама жүргізу қағидаларының 88-тармағына сәйкес патенттеудің қолайлы шарттары көзделген объектілерге мыналар жатады:
- электр және жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын және қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға бағытталған жаңартылатын энергия көздері саласындағы өнертабыстар;
-ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өнертабыстар;
- пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық ауруларды, сондай-ақ онкологиялық ауруларды диагностикалау, алдын алу және емдеу саласындағы өнертабыстар.
Өнертабысқа патент беруге сараптаманы жеделдетіп жүргізу он жұмыс күні ішінде формальды сараптаманы жеделдетіп жүргізуді, екі ай ішінде ақпараттық іздестіруді жеделдетіп жүргізуді, үш ай ішінде мәні бойынша сараптаманы жеделдетіп жүргізуді қамтиды.
Өнертабысқа патент беруге арналған өтінімге жеделдетілген сараптама жүргізу туралы өтінішхатты өтінім беруші өтінім берген кезде береді. Өтінішхатпен бір мезгілде сараптама үшін ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылады. Жеделдетілген формальды сараптамаға, мәні бойынша сараптамаға ақы төленгенін растайтын құжат ұсынылмаған кезде өтініш берілмеген болып есептеледі, бұл туралы өтініш берушіге өтініш берілмеген деп танылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама жіберіледі.
Өтінімнің жеделдетілген сараптамасын есептеу мерзімі сараптаманың хабарламалары мен сұрау салуларына жауаптарды, тиісті төлемді растайтын құжаттарды қоса алғанда, өтінім берушіден қажетті құжаттарды алғанға дейін тоқтатыла тұрады.