Жармада Наурыз тойы басталып кетті

Жармада Наурыз тойы басталып кетті

Бүгін Жарма ауданында он күнге жоспарланған Наурыз мерекесі «Амал күнінен» бастау алды.

- Наурыздың алғашқы жаршысындай Амал мерекесі – өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі. Күн мен теңелетін жаңару күні қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірін құттықтап, дастархан жайылып, ізгі тілектерін жолдаған, - деді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аудандық Мәдениет үйінде жаңаша мазмұнда ұйымдастырылған мерекелік шара көпшіліктің көңілінен шықты. Аудан әкімі халықты береке-бірлікке, татулыққа үндейтін мұндай мерекенің төл дәстүріміз бен қастерлі құндылықтарымызды жаңғыртуда елеулі маңызы бар екендігін атап өтті.

Мерекелік іс-шарада жұртшылық бір-бірімен амандасып, ілтипат танытып, жасы үлкендерге құрмет көрсетті.

Өнерпаз қауым ән-жырдан шашу шашса, аға буын өкілдері ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.

Адамгершіліктің игі қасиеті көрініс тапқан, ата салтымыздың асыл діңгегіндей Амал мерекесі жиналған жұртшылыққа жарқын көңіл-күй сыйлады.

Айдан айға, жылдан жылға аман-есен жетейік, еліміздің береке-бірлігі арта берсін.