Бүгін Жарма ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданның екі ірі елді мекені – Үшбиік және Аршалы ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Үшбиік ауылының тұрғындарымен кездесу алдында дәрігерлік амбулатория мен орта мектептің жұмысымен танысты. Электр энергиясының қымбаттауына байланысты аудан басшысы өзінің орынбасары Талғат Мұратовқа қазір электр қазандығы арқылы жылытылатын дәрігерлік амбулаторияны мектептің қазандығынан жылумен қамтамасыз етуге ауыстыру бойынша тиісті есептерді дайындау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Үшбиік ауылының тұрғындарымен кездесуде аудан басшысы Н.Сақтағанов ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштерімен қысқаша таныстырды. Кездесу барысында ауыл ақсақалдары, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл активінің мүшелері өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді, олар ауылды сумен және электрмен жабдықтау, Ащысу өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу мәселелеріне және тұрғындардың басқа да өзекті проблемаларына қатысты болды. Олардың барлығы бақылауға алынды.
Аршалы ауылының тұрғындары су құбыры құрылысын жүзеге асыратын мердігерлік ұйымның толық жұмыс істемеуі, көшені жарықтандыру шамдарын ауыстыру қажеттілігі, ауыл көшелерін қардан тазарту және өз шешімін міндетті түрде табатын басқа да мәселелер туралы сөз қозғады.