Ұлттық халық санағының 1-кезеңі басталды

Ұлттық халық санағының 1-кезеңі басталды

«Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті»

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санақтары раундының дүниежүзілік бағдарламасы бойынша БҰҰ ұсынымына сәйкес, Бішкек қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі -ТМД) Мемлекеттерінің Басшылары Кеңесінің 2016 жылғы 16 қыркүйектегі отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде кезекті халық санағын барынша жуық арада 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы кезекті ұлттық халық санағын 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында өткізу жоспарланған іс-шаралар Жоспарымен, «2021 жылы ұлттық халық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысы қабылданды.

Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұранымен өтеді.

Ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады – дайындық және негізгі.

1 маусымнан 30 маусым аралығында дайындық кезеңі басталады, дайындық барысында интервьюерлер тұрғын үй және тұрғын емес жайлар мен құрылыстардың мекенжайларын және онда тұрып жатқан тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекен бойынша аралайды. Дәл осы кезеңде аудандастыруға, яғни өңірдің әрбір елді мекенін нұсқаушы және есеп учаскелеріне бөлу дайындығы өтеді.

Ұлттық санақты 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта   sanaq.gov.kz. арнайы сайтында, онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, санақ парақшаларын түсініктемеге және виртуальды көмекке сүйене отыра толтыра алады.  

1 қазаннан 30 қазан аралығында интервьюерлермен мәліметтерді жинау үшін бір уақытта халық арасында жаппай сауалнама өткізіледі. Интернет арқылы мәліметтер ұсынған респонденттерден интервьюерлермен сауалнама алынбайды. Халық арасында сауалнама өткізген кезде респонденттің сәйкестендіру нөмірі ретінде сауалнама алынған адамның ЖСН қолданылады.

Деректер сапасының жоғары деңгейін және халықтың барынша көбін санаққа тартуды қамтамасыз ету үшін бақылау мақсатында 10% таңдамалы аралау өткізіледі.

Бұл маңызды мемлекеттік іс-шараны жариялауға мүдделі БАҚ-ты Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Берік Серікқанұлы Терлікбаевтың қатысуымен 2021 жылғы 2 маусым сағат 11.30-да  К.Либкнехт 19 даңғылы,  606 кабинетте  өтетін брифингке шақырамыз. Қосымша ақпаратты 8(7232)25-27-82 телефоны бойынша ала аласыздар.