“Сапалы тұқым болашақ өнімнің кілті”

“Сапалы тұқым болашақ өнімнің кілті”

Көктем күндерімен бірге ауыл шаруашылығы саласында қарбалас істер басталады. Әр ауыл шаруашылық тауарын өндіруші шаруа қожалықтар көктемгі егіс алдында болашақта мол өнім алу үшін егілетін тұқым сапасымен өсімдік зиянкестерімен ауруларына қарсы іс-шараларды талапқа сай атқару жөнінде ойлану керек. Сондықтан осы бастан жоғары репродукциялы сапалы тұқым сеуіп, мол өнім алу қамына кірісу керек. Өсімдіктерде өз түрлеріне бейімделген зиянкестері мен аурулары болады. Оған қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу шарт. Соның бірі тұқымды дәрілеу. Тұқым дәрілеу профилактикалық іс-шара болып табылады. Кейбір шаруа қожалықтары дәрілейтін арнаулы техника жоқтығынан тұқымды химиялық жолмен өңдеуді машина қорабында, трактор тіркемесінде, қоймалардың ішінде қолмен атқарады. Тұқымды осындай жолмен дәрілегенде тұқым өсімдік ауруларына қарсы толық залалсыздандырылмайды. Соның әсерінен түрлі өсімдік аурулары кездеседі және аталған жұмысты атқарған жұмысшылардың да денсаулығына зиян келтіріледі. Аталған жұмысты атқару барысында химиялық қорғаныш құралдарын қолдану ісінде санитарлық ережелер мен нормаларды сақтау қажеттігін ешқашан ойдан шығармау керек.

          Дәнді дақылды өсімдіктер ауруларының ішінде қара күйе ауруы ерекше орын алады. Оның егіс өнімділігін 15-20 пайызға дейін төмендететінін ескерсек, тұқымды дәрілеген кезде оның уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне жете назар аудару қажет. Тұқымдық материалды өсімдік ауруларына қарсы химиялық жолмен өңдеу тек қана қара күйе ауруы ғана емес, басқада көптеген аурулар мен зиянкестерден сақтап, өсімдіктердің өсуіне және дамуына жақсы әсер етеді. Тек соның есебінен әр гектардан 3-4 центнерден қосымша өнім алуға болады. Қазіргі препараттардың химиялық әсерінен бөлек құрамында өсімдікке қажетті микроэлементтердің қоспалары болады. Дәнді дақылдар ауруларына қарсы тиімді химиялық дәрі-дәрмектер қатарына Сабақтас 6 % с.е.к -0,4 л/га, Скарлет м.э 0,3-0,4 л/т, Премис двести 20% с.к 0,125-0,2 л/т Максим  XL 035 c.к, Табу с.е.к 0,4-0,5 л/т, ВИАЛ с.е.к 0,4-0,5 л/т, Витавакс 200 ФФ34% с.е.к ,Олимп к.с 0,5-0,6 л/т, Раксил 6% сюс.к 0,4 л/т   т.б.   кіреді.

Осы аталған дәрі-дәрмектер өсімдік ауруларына төтеп беріп өнімін арттырады.

ҚР АШМ АӨК МИК Жарма аудандақ  аумақтық инспекция басшысы С.Нагыметжанова