Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат

Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат

«Жарма ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі аудан тұрғындарын жергілікті атқарушы органмен жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттандыру мақсатында келесіні хабарлайды:

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет – бұл көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары шеңберінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес, «Жарма ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі келесі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді:

  1. Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту;
  2. Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру;
  3. Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу;
  4. Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;
  5. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру;
  6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру;
  7. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру.

Мемлекеттік қызметтер жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.

Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызмет «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту» болып табылады. Аталған мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 272 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер Кодексінің 43-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін ресімдеу азаматтардың құқықтарын іске асыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды көздейтінін хабарлаймыз, ол келесідей тәртіппен жүргізіледі:

1) жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті (өтінімді) қарауға қабылдау;

2) сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау;

3) жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде);

4) жер комиссиясының қорытынды дайындауы;

5) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;

6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы;

7) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;

8) жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;

9) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.

Осылайша, жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту жер учаскесін ресімдеудің бір кезеңі екенін көруге болады, ол мынадай жағдайларда: мемлекет меншігіндегі жерлерден жер учаскесін берген кезде, жер учаскелерін бөлу, қосу (біріктіру) кезінде, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын (конфигурациясын, шекарасын, алаңын) өзгерту кезінде және жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою немесе сатып алу жағдайларында жүргізіледі.

«Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту» мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қызмет алушы:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО);

2) «Электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы өтініш беруге және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін алуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері Мемлекеттік корпорацияға немесе порталға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнін құрайды.

Мемлекеттiк қызметті көрсету нәтижесі жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі бекітілген жерге орналастыру жобасы немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап болып табылады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу мақсатында қызмет алушылар (не сенімхат бойынша оның өкілдері), оның ішінде жеңілдіктері бар адамдар, Мемлекеттік корпорацияға келесідей құжаттар топтамасын ұсынады:

1) белгіленген нысан бойынша жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын бекiтуге өтініш;

2) жеке басты куәландыратын құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

3) жерге орналастыру жобасы;

4) мұнай мен газды кейiннен сақтау және көлiктiң басқа түрлеріне аударып тией отырып, магистральды мұнай құбырларымен тасымалдауға байланысты, мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымы объектiлерiнің құрылысы үшiн жер учаскесі сұралған жағдайда Қазақстан Республикасының мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органымен келiсу туралы құжат.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алу үшін қызмет алушының электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы шарт және жоғарыда аталған құжаттар топтамасын электрондық түрде ұсынуы қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері, сондай-ақ порталда туындаған техникалық мәселелер бойынша ақпарат алу үшін 1414 нөмірі бойынша ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.

Сондай-ақ, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша «Жарма ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне Қалбатау ауылы, Достық көшесі, 98/2 үй (ХҚКО ғимараты), 2-қабат, 4-кабинет мекен-жайы бойынша жүгінуге немесе 8 (72347) 65-875 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.

«Жарма ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің басшысы С. Сатпеков