Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
 
      1. Қоса беріліп отырған бекітілсін:
 
      1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары);
 
      2) Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже.
 
      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
 
      3. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
 
     
      Президент
Қазақстан Республикасы Н. Назарбаев
 
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен
2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
(Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары)
1. Жалпы ережелер
 
      1. Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.
 
      Қоғам мемлекеттік қызметшілер өздерінің барлық күш – жігерін, білімі мен тәжірибесін өздері жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өз Отаны-Қазақстан Республикасына бейтарап және адал қызмет етеді деп сенеді.
 
      Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс.
 
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді-ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
 
 
      2. Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың мінез-құлқының базалық стандарттары.
 
      Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепті емес мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
 
      3. Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда-орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайларда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекстің талаптарының орындалуын, осы Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында жалпыға бірдей көруге болатын орындарда орналастыруды қамтамасыз етеді.
 
      4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін үш күн мерзімде осы Кодекстің мәтінімен жазбаша нысанда танысуға тиіс.
 
2. Жалпы мінез-құлық стандарттары
 
      5. Мемлекеттік қызметшілер:
 
      1) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
 
      2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
 
      3) олар қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге міндетті;
 
      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті;
 
      5) мемлекет мүдделеріне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеуіне кедергі келтіретін немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
 
      6) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға міндетті;
 
      7) өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себеп бермеуге, сын үшін қудалауға жол бермеуге, кемшіліктерді жою және өз қызметін жақсарту үшін сындарлы сынды пайдалануға;
 
      8) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілердің және өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
 
      9) шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;
 
      10) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, автокөлік құралдарын қоса алғанда, сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;
 
      11) қызметтік тәртіпті мүлтіксіз сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы орындауға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;
 
      12) Мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толығымен бағдарлана отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауға міндетті;
 
      13) заңда тәртіптік, әкімшілік не қылмыстық жауаптылық көзделген теріс қылықтар мен өзге де құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеуге міндетті.
 
      14) іскерлік этикетті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті.
 
      Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның сыртқы келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, ресми, ұстамдылық пен дәлдікпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік стильге сәйкес келуі тиіс.
 
      Ескерту. 5-тармаққа қазақ тілінде өзгеріс енгізілді, орыс тіліндегі мәтін ҚР Президентінің 24.01.2019 № 828 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен өзгертілмейді.
 
 
      6. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүддесі үшін, оның ішінде оларға деген көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
 
      Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшылық лауазымдарды атқаратын қызметшілер ұжымда өздерінің діни сенімдерін ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
 
3. Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары
 
      7. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:
 
      1) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;
 
      2) қарапайымдылық танытуға, тиісті қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;
 
      3) өз тарапынан қоғамдық имандылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғумен ұштасатын заңнама талаптарын бұзуға жол бермеуге және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттер жасауға тартпауға міндетті.
 
4. Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары
 
      8. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қатынастарда:
 
      1) ұжымда іскерлік және достық қарым-қатынастар мен сындарлы ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға ықпал етуге;
 
      2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың жолын кесуге не оларды болдырмау жөнінде өзге де шаралар қолдануға;
 
      3) әріптестердің ұжымдағы ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан бас тартуға;
 
      4) әріптестерінің лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.
 
      9. Бағынысты қызметшілермен қарым-қатынастағы басшылар:
 
      1) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі ретінде қызмет ету;
 
      2) меритократия қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке берілгендік белгілері бойынша артықшылық бермеуге;
 
      3) олардың қызметінің нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік танытуға;
 
      4) Еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет үшін қауіпсіз және қажетті жағдайлар жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне кемсітушілік пен қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық атмосфера құруға бағытталған шаралар қабылдауға;
 
      5) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
 
      6) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес келмейтін құқыққа қарсы іс-әрекеттерді, сондай-ақ іс-әрекеттерді жасауға мәжбүрлемеуге;
 
      7) оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және дұрыс емес мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге міндетті.
 
      10. Төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер:
 
      1) басшылардың тапсырмаларын орындау кезінде тек объективті және анық мәліметтерді ұсынуға міндетті;
 
      2) өздеріне белгілі болған қызметтік әдеп нормаларын бұзу жағдайлары және Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылық пен әдеп жөніндегі уәкілдің назарына дереу жеткізілсін;
 
      3) басшының заңды тапсырмаларын орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге;
 
      4) басшылыққа қатысты жеке адалдық, олардың лауазымдық мүмкіндіктері есебінен пайда мен артықшылықтар алуға ұмтылу көріністеріне жол бермеуге міндетті.
 
5. Көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттары,
оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында
 
      11. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
 
О мерах по дальнейшему совершенствованию этических норм и правил поведения государственных служащих Республики Казахстан
Дата публикации
29 декабря 2015