Абай облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандарымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлері, сержанттары және психологтарына оқыту семинары өткізілді. Кездесу барысында медиа сауаттылықты арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, діни мазмұндағы ақпаратты дұрыс қабылдау және интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтану мәселелері талқыланды. Мамандар әскери қызметшілерге әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни ақпаратты ажырату, манипуляциялық контентке ермеу және радикалды идеялардың ықпалына қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастырудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ психологтар үшін жастармен және әскери қызметшілермен профилактикалық жұмыстар жүргізудегі психологиялық тәсілдерге қатысты өзекті мәселелер қозғалды.
Абай облысының Дін істері басқармасы ұйымдастыруымен діни бірлестік өкілдері арасында Қазақстан тарихы мен дін саласындағы заңнаманы білуге арналған зияткерлік сайыс өтті. Іс-шараның мақсаты – қатысушылардың Қазақстан тарихы, ұлттық құндылықтар және дін саласындағы мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заңнама жөніндегі білімдерін арттыру, сондай-ақ конфессияаралық өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайту. Зияткерлік сайыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша өз білімдерін сынға салып, тарихи деректер, еліміздің мәдени-рухани мұрасы және дін саласындағы заңнамаға қатысты сұрақтарға жауап берді. Іс-шара қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды. Мұндай іс-шаралар түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара құрмет пен сындарлы диалогты дамытуға, құқықтық және тарихи сауаттылықты арттыруға бағытталған.
Абай облысы Дін істері басқармасымен діни бірлестіктер басшыларының кезекті клуб отырысы ұйымдастырылды. Іс-шараға Абай облысының Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Маратұлы Кобжасаров қатысып, діни бірлестіктер өкілдерімен пікір алмасты. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдегі конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ өзекті қоғамдық мәселелерді шешуде діни бірлестіктер арасындағы әріптестік пен өзара іс-қимылды дамыту. Отырыста қоғамдағы діни келісімді сақтау, өзара түсіністік пен толеранттылықты арттыру, сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мұндай кездесулер діни бірлестіктер арасында ашық әрі сындарлы диалог орнатып, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
10 қыркүйек күні Абай облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай діни бірлестік өкілдері арасында шахмат және дойбыдан турнир өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, зияткерлік қабілеттерді дамыту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру.
Шахматтан:
1.Бауыржанов Бейбарыс
2. Нығметжан Нұржан
3. Меңдібаев Ибраһим
Дойбыдан:
1. Арғынов Ербол
2. Кожекбаев Нығметжан
3. Мырзаханов Дамир
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен, ал белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
25 тамызда Абай облысында «Бір экран – бір үндеу» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында Семей қаласында, сондай-ақ облыстың басқа да қалалары мен аудандарында орналасқан 40 LED-экран мен телеэкранда, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарында, әуежайда, сауда нысандарында және басқа да қоғамдық орындарда терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру бейнероликтері көрсетілді. Акцияның жалпы қамту көрсеткіші 160 мыңға жуық адамды құрады.
Аймақ басшысы Берік Уәли Қазақстандағы Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Кездесуге Өскемен және Семей епархиясының архиепископы Амфилохий де қатысты.
«Абай облысы – бейбітшілік пен өзара құрмет, конфессияаралық келісім дәстүрлері берік қалыптасқан өңір. Православие шіркеуімен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Біз өзара татулық пен келісім жағдайында өмір сүріп, бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған қоғамдық, мәдени және қайырымдылық іс-шараларды бірлесе өткізіп келеміз. Сіздің Абай еліне сапарыңыз мемлекет пен Православие шіркеуі арасындағы өзара сенім мен рухани бірлікті нығайтып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Астана және Қазақстан митрополиті Александр жылы қабылдағаны үшін аймақ басшысына алғысын білдіріп, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты нығайту жөніндегі жұмысы және қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауға бағытталған жобаларды қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді.
Кездесу барысында Семей епархиясы мен Абай облысы әкімдігінің қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды сақтау мен нығайту ісіндегі өзара ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.
Семей қаласында «Қоғамдық тұрақтылықтың басты шарты – заң және тәртіп» атты форум өтті. Жиынға діни бірлестіктердің өкілдері мен дін қызметкерлері қатысып, қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтардың алдын алу және діни нысандардағы тәртіп мәселелерін талқылады.
Форум барысында заң талаптарын сақтау, діни нысандардағы қауіпсіздікті күшейту және келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша өзекті мәселелер көтерілді.
«Мешіттер немесе шіркеулер – қоғамдық орын. Сондықтан ол жердегі тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы өте маңызды. Бүгінгі форумда келушілер арасында болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу және сондай жағдай орын алған кезде дін қызметкері орындауы тиіс алгоритмдер талқыланды» - Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы.
Сондай-ақ Полиция департаментінің өкілі А. Қаскенов қоғамдық қауіпсіздік пен діни экстремизмнің алдын алу бағытында баяндама жасады. Ал Дін істері басқармасының бас маманы Ж. Амангелдіұлы діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат берді.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Форумда заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негізі екені атап өтілді.
31 шілде күні Семей қаласында, сондай-ақ Абай облысының барлық қала-аудандарында балаларды, жастарды және өңір тұрғындарын бейбітшілік, өзара құрмет, қоғамдық келісім мен бірлік идеялары төңірегіне топтастырған «Бейбітшілікті бірге бейнелейік» облыстық стрит-арт фестивалі өтті.
Фестиваль аясында 14–35 жас аралығындағы жастар арасында облыстық стрит-арт эскиздерінің байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің авторлық жұмыстарын ұсынып, шығармашылық көзқарастары мен бейбітшілік пен қоғамдық келісім тақырыбындағы өзіндік идеяларын таныстырды. Ұсынылған эскиздер облыстық конкурстық комиссияның қарауына жолданды. Үздік жұмыстар алдағы уақытта облыстың қала-аудандарындағы арнайы белгіленген орындарда муралдар мен стрит-арт туындылары ретінде жүзеге асырылады.
Фестиваль жастар арасында агрессияны, зорлық-зомбылықты, діни радикализм мен экстремизмді, сондай-ақ өзге де құқық бұзушылықтарды қабылдамау мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ шығармашылық арқылы бейбітшілік, өзара құрмет, қоғамдық келісім және бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Сондай-ақ қала тұрғындарына әлеуметтік сауалнамалар мен діни радикализмнің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық материалдар таратылды
Осындай іс-шаралар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қоғамда бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Шараға өңірдің 3000 астам жастары қатысты.
Абай облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен 29-30 маусым күндері өңірдің ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған екі күндік оқыту курсы өткізілді.
Курстың мақсаты – дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту.
Курсқа дәріскер ретінде республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, сарапшы-дінтанушы Әбдіхамитов Бақдәулет Халиуллалұлы мен дінтанушы Шоманов Болат Шаймолданұлы арнайы шақырылды.
Оқыту курсының алғашқы күні Бақдәулет Әбдіхамитов дін саласындағы заңнаманың негізгі талаптары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа форматтары, тәуекел топтары арасында профилактикалық жұмыстарды жетілдіру, медиасауаттылықты арттыру, ақпараттық кеңістіктегі діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қазіргі заманғы коммуникациялық тәсілдерді тиімді пайдалану тақырыптарында дәріс оқыды.
Курстың екінші күні Болат Шоманов радикалдандырудың негізгі себептері мен оған ықпал ететін факторлар, радикалды идеологияның таралуының алдын алу жұмыстарының басым бағыттары, діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты баяндады. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің мақсатты аудиториямен тиімді коммуникация орнату тәсілдері, профилактикалық жұмыстың заманауи әдістері және өңірдегі діни ахуалға қатысты тәжірибелік мәселелер талқыланды.
Оқыту барысында қатысушылар мен дәріскерлер арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылардың өзекті сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді.
Екі күндік оқыту курсы ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, дін саласындағы профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтуге және өңірдегі діни қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелік білім мен дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.
Абай облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Noextremism, noterrorism» атты акция өткізілді.
Іс-шара барысында қатысушылар экстремизм мен терроризм ұғымдары, олардың қоғам мен жеке тұлғаға төндіретін қауіптері туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, адам құқықтарын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті нығайту және әр азаматтың өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы түсіндірілді.
Акция барысында жастармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, танымдық және интерактивті іс-шаралар, флешмоб ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушыларға экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған тақырыптық ақпараттық материалдар таратылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, экстремистік идеологияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік пен қауіпсіз өмір салты мәдениетін насихаттау болды.