Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы ауқымды инвестициялық келісімді іске асыру шеңберінде, бүкіл ел бойынша 3 000-нан астам ауылдық елді мекендер жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады.
Аталған жоба шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін Абай облысының 179 ауылдық елді мекені жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Интернетке қосылу негізінен оптикалық-талшықты байланыс желілері арқылы қамтамасыз етіледі. Ал географиялық орналасуына байланысты қолжетімсіз немесе қиын жағдайдағы елді мекендер спутниктік байланыс арналары арқылы қамтылады.
Жобаның әлеуметтік маңыздылығы ерекше: интернет алдымен мектептерге, медициналық мекемелерге, әкімшілік ғимараттарға, бюджеттік ұйымдарға, сондай-ақ қоғамдық қолжетімділік нүктелеріне жеткізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу пункті де сапалы байланыспен қамтамасыз етілмек.
Ұялы байланысты дамыту – жобаның тағы бір маңызды бағыты. Ауылдық жерлердегі базалық станцияларға талшықты-оптикалық желі тарту арқылы мобильді интернеттің жылдамдығы мен сапасы артып, заманауи байланыс қызметтері барша тұрғынға қолжетімді болады.
Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі 2026 жылдың соңына дейін, ал а спутниктік қамту 2027 жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.