1. Осы Заңның күші:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде реттелмеген бөлігінде жергілікті өкілді органдар тағайындайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге;
3) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктері бар құқық қорғау қызметін өткеріп жүрген мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады.
2. Осы Заңның күші:
1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарға;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері мен техникалық қызметшілеріне;
3) келісімшарттық қызметшілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негізінде қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның ішінде мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.03.2023 № 214-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Мемлекеттік қызмет саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу осы Заңның мақсаты болып табылады.
Осы Заңның міндеттері:
1) мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық негіздерін белгілеу;
2) мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, негізгі құқықтары мен міндеттерін, құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерін, мемлекеттік органдардағы өзге де адамдардың қызметін реттеу;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды – ҚР 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.