Адвокатура

Адвокатура

Жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады.

Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған не заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адам адвокат бола алмайды.

Мыналар:

    қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған адам – осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;

    теріс себептер бойынша мемлекеттік және әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам – шығарылған (босатылған) күннен бастап үш жыл бойы;

    әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам – осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;

    осы Заңның 44-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адам – сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл бойы;

    теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам – шығарылған күннен бастап үш жыл бойы адвокат бола алмайды.

"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" ҚР Заңына сәйкес адвокаттардың көмекшiлерi мен тағылымдамадан өтушiлерi болуы мүмкiн.

Адвокаттың көмекшiлерi еңбек шарты негiзiнде заң консультациясында, адвокаттық кеңседе немесе адвокаттық қызметпен жеке-дара айналысатын адвокатта жұмыс iстей алады.

Адвокаттың көмекшiлерi адвокаттың нұсқауы бойынша және жауапкершiлiгiмен оның тапсырмаларын орындауға құқылы.

Адвокаттық қызметтің кәсіптік білімдері мен практикалық дағдыларын меңгеру мақсатында адвокаттар алқасымен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасқан, жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматы адвокаттың тағылымдамадан өтушісі болып табылады.

Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарға сай келетін және тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам адвокаттар алқасының төралқасына тізбесі уәкілетті органмен келісу бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiшпен жүгiнедi.

Адвокаттар алқасының төралқасы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:

  -  тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;

  - тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

Тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiш бойынша шешім өтініш берушінің өтініші адвокаттар алқасының төралқасына келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданады.

Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлер санының көп жинақталуы себепті тағылымдамадан өтуге жiберуден бас тартуға жол берiлмейдi.

Тағылымдама кемiнде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінді құрайды.

Тағылымдама кезеңi заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледi.

Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамадан өтуші еңбек шарты бойынша адвокаттың көмекшісі ретінде жұмысқа қабылдануы мүмкін.

Тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруды уәкілетті органмен келісу бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге сәйкес адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.

Тағылымдаманың нәтижелері бойынша тағылымдамадан өтушінің жетекшісі қорытынды жасайды және оны бекіту үшін адвокаттар алқасының төралқасына береді.

Адвокаттар алқасының төралқасы тағылымдама материалдарын қарау қорытындылары бойынша тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекіту не тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Тағылымдамадан ойдағыдай өткені туралы қорытынды адвокаттар алқасының төралқасы бекіткен күннен бастап үш жыл бойы жарамды болады.

Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс және оған Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Тағылымдамадан өтпеген адам тағылымдамаға жалпы негіздерде қайта жіберіледі.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.

Адвокаттың көмекшісі мен тағылымдамадан өтушісі адвокаттық қызметпен дербес айналысуға құқылы емес.

Адвокаттар алқасының Жарғысында тағылымдама барысында орындайтын жұмысы үшін тағылымдамадан өтушілерді материалдық көтермелеу шаралары көзделуі мүмкін.

Адвокаттар келесі заң көмегін көрсетеді:

    Ауызша да, жазбаша да құқықтық мәселелер бойынша кеңестер мен анықтамалар береді;

    Өтініштер, шағымдар және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасайды;

    Азаматтық сот ісін жүргізуде клиенттің өкілі ретінде қатысады;

    Қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде қорғаушы немесе клиенттің өкілі ретінде қатысады;

    Медиацияны жүргізу кезінде, төрелікте және дауларды шешудің өзге де органдарында істерді қарауға клиенттің өкілі ретінде қатысады;

    Мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде және басқа да ұйымдарда клиенттің мүддесін білдіреді;

    Егер шет мемлекеттердің заңнамасында, халықаралық сот органдарының және өзге де халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарында, соттарында және құқық қорғау органдарында, халықаралық сот органдарында, шет мемлекеттердің мемлекеттік емес органдарында клиенттің мүдделерін білдіреді;

    Атқарушылық іс жүргізуге клиенттің өкілі ретінде, сондай-ақ қылмыстық жазаны орындау кезінде қатысады;

    Бітімгерлік рәсімдерін жүргізеді.

Көмек сұрап келген адам, егер қорғалушы өзіне адвокатты таңдамаса немесе таңдай алмай қалса, оның қатысуы міндетті қылмыстық істер бойынша қорғаушы ретінде тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, адвокат таңдауға еркін.

Адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және бітімгерлік рәсімдерді жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшері адвокаттың көмек сұраған адаммен жазбаша шартымен белгіленеді.

Шарт жасасу міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Адвокаттың немесе адвокаттық кеңсенің заң көмегіне, оның ішінде ауызша заң консультациясына ақы төлеу есебіне қолма-қол ақшаны және тапсырманы орындауға байланысты шығыстарды тиісті қаржы құжатын бермей алуына жол берілмейді.

Адвокатура
Дата публикации
17 октября 2024