Ономастика – географиялық, әкімшілік-аумақтық және басқа да нысандардың атауларын зерттеу, жүйелеу және реттеу мәселелерімен айналысатын ғылым саласы. Ол мемлекеттің тарихи, мәдени және ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Абай облысында 2 облыстық маңызы бар қала, 10 аудан, 139 ауылдық округ, 343 елді мекен, 7044 құрамдас бөлік бар.
Абай облысы әкімдігінің 2022 жылғы 11 қазандағы № 46 қаулысымен облыстық ономастика комиссиясы құрылды. Сонымен қатар қалалар мен аудан әкімдіктері жанында ономастика мәселесі бойынша жұмыс топтары құрылған.
Этносаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында облыстағы ономастикаға қатысты мәселелерді қарайтын облыстық комиссия мен қалалық, аудандық жұмыс топтарының құрамында депутаттар, ҚХ Ассамблеясы мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері және т.б. енгізілген. Аталған комиссия мен жұмыс топтарының мүшелері облыс аумағындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелерді, объектілерді қайта атау жұмыстары бойынша пікірлерін білдіріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына қатысады.
Ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық база:
1) «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы;
2) «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңы;
3) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығымен бекітілген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидалары»;
4) Қазақстан РеспубликасыҮкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да
объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидалары».