GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн-приемная
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
16 октября 2026
Абай облысында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер

Жеке куәлікті жаңарту, автокөлікті тіркеу, пәтерге меншік құқығын рәсімдеу немесе жүргізуші куәлігін алу – Абай облысының тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) көбіне осы қызметтер бойынша жүгінеді. 2026 жылдың сегіз айында өңірдің ХҚКО-лары арқылы шамамен 19 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және ауыстыру. Есепті кезеңде өңір тұрғындарына паспорттар мен жеке куәліктерді беру бойынша шамамен 5,3 мың қызмет көрсетілді. Құжаттар белгіленген жасқа толуына, жеке деректердің өзгеруіне, құжаттың жоғалуына немесе жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты рәсімделіп, ауыстырылады.

Өтініштердің едәуір бөлігі көлік құралдарын тіркеуге қатысты. Сегіз ай ішінде шамамен 4,2 мың автокөлік тіркелді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда көлік құралдарын қайта тіркеу және олардың тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу қызметтері де көрсетіледі.

Тағы бір сұранысқа ие бағыт – жылжымайтын мүлік. Жылжымайтын мүлікке құқықтар мен ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу бойынша шамамен 2,8 мың қызмет көрсетілді. Бұл рәсім тұрғын үйді және өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату, сыйға тарту немесе мұраға алу сияқты мәмілелер кезінде қажет.

Жүргізушілерге арналған қызметтер де сұранысқа ие. Сегіз айда шамамен 900 жүргізуші куәлігі берілді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу бойынша шамамен 400 өтініш тіркелді.

Өтініштердің басым бөлігі Семей қаласына тиесілі. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының ішінде №2 ХҚКО ерекше сұранысқа ие. Мұнда тұрғындар ең көп таралған бағыттар бойынша мемлекеттік қызметтерді ала алады.

16 октября 2026
Бірыңғай электрондық кезек талондарын еліміз бойынша брондау

Цифрландыру жылы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алу сапасы мен қолайлылығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыруда.

Бірыңғай электрондық кезек талондарын брондау бойынша пилоттық жоба 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылып, республика бойынша ХҚКО бөлімдерінде кезең-кезеңімен енгізілді. Қазіргі уақытта пилоттық жобаның кезекті кезеңі басталып, ол қосымша 5 ХҚКО бөлімін қамтиды. Олардың қатарында Абай облысы Мақаншы ауданының, Ақмола облысы Шортанды және Жақсы аудандарының, Атырау облысы Исатай ауданының, сондай-ақ Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының бөлімдері бар. Жаңа бөлімдерді есепке алғанда, ҚР бойынша пилоттық жоба қатысушыларының жалпы саны 39 фронт-офисті құрайды.

Жаңа жоба шеңберінде азаматтар ХҚКО бөлімдерінде мемлекеттік қызметтерді алу үшін кезекті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала брондауы қажет. Брондау барысында өтініш беруші өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдай алады. Қызмет көрсету орталығына келіп, талон алу барысында жүйе өтініш берушінің жеңілдік санатына жататынын автоматты түрде анықтап, оған қызмет көрсетуде басымдық береді.

Бұл ретте дайын құжаттарды беру, өзін-өзі қызмет көрсету секторының жұмысы, сондай-ақ құжаттандыру желісі бойынша қызметтер бұрынғы тәртіппен, талонды алдын ала брондаусыз жүзеге асырылады.

Бұл ретте, жаңа бөлімдерді қосу арқылы пилоттық жобаны кеңейтудің соңғы кезеңі жүзеге асырылады. Пилоттық жоба жаңа сервистің азаматтар үшін қолайлылығын және оның практикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Сайлау
14 октября 2026
Мәслихаттар депутаттарының сайлауы - 2026
14 октября 2026
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.

«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.

AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.

Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.

Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.

Мәслихаттар депутаттарының сайлауы - 2026
13 октября 2026
Мәслихаттар депутаттарының сайлауы - 2026

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

2026 жылғы 13 қазанда сағат 18:00-де Бородулиха ауылдық Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырыс барысында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге байланысты үш мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша комиссия Бородулиха ауылдық Абай облысы мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.

Екінші мәселе аясында сайлау инфрақұрылымының жай-күйі қаралды. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау округтері, олардың тізімдерін жариялау, сондай-ақ сайлаушыларды сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы уақтылы хабардар ету мәселелері талқыланды.

Үшінші мәселе бойынша учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесі бекітілді.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды. Бородулиха ауылдық Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған алдағы ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындады.

 

Бородулиха ауылдық  Абай облысының

аумақтық сайлау комиссиясы

01 октября 2026
Классикалық зейнетақы аннуитетінен – жаңа мүмкіндіктерге

2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласында сақтандыру, қаржы және зейнетақы нарығының өкілдерін бір алаңға жинаған Kazakhstan Insurance Forum 2026 өтті. Форум аясында «Жоспардан тыс өмір:болашақты сақтандырудан неге қорқамыз?» атты панельдік пікірталас ұйымдастырылып, онда өмірді сақтандыруды дамыту, ұзақмерзімді қаржылық жоспарлау және азаматтардың болашақ табысын қамтамасыз етудегі жаңа мүмкіндіктер мәселелері талқыланды. 

Пікірталасты сақтандыру нарығының сарапшысы, Centras Group негізін қалаушы Елдар Абдразаков жүргізді. Талқылауға «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов, KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, «BCC Life» ӨСК» АҚ Басқарма төрағасы Гүлжан Жақсымбетова, Bank CenterCredit вице-президенті Анастасия Овсянникова, «Халық-Life» АҚ Басқарма төрағасы Гаухар Бурибаева және AJR Finance Ltd исламдық қаржытех-компаниясының негізін қалаушы Мұрат Қылышбай қатысты.

 

Пікірталас барысында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру құралдарының бірі ретінде зейнетақы аннуитетін дамыту мәселесі де сөз болды. Бұл бағыттың келешегі туралы «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов айтып берді. Ол Қазақстанның сақтандыру нарығы жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын және оның одан әрі өсу әлеуеті зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, сақтандыру индустриясының ауқымы әзірге экономиканың даму қарқынына толық сәйкес келе бермейді.  

«Өмірді сақтандыруды дамытуға ықпал ететін бағыттардың бірі – зейнетақы аннуитеті нарығы. Зейнетақы жинақтарын зейнетақы аннуитетін сатып алуға пайдалану мүмкіндігі зейнетақы жүйесіне бастапқыдан-ақ азаматты зейнет жасындағы табыспен қамтамасыз етудің бір нұсқасы ретінде енгізілген. Бүгінде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қазақстандықтардың оларды алудың әртүрлі тәсілдерін таңдауға мүмкіндігі бар: БЖЗҚ-дан қаражат толық таусылғанға дейін белгіленген кесте бойынша төлемдер алу, сақтандыру компаниясы арқылы өмір бойы төлемдер алу немесе осы екі нұсқаны үйлестіру.

 Өмірді сақтандыру нарығы инвестициялық нарықпен тығыз байланысты. Классикалық өнімдермен (шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен зейнетақы аннуитеттері) қатар инвестициялық құрамдас бөлікке байланысты жаңа мүмкіндіктер де пайда болуда. Бұл – заңды құбылыс, өйткені бүкіл әлемде өмірді сақтандыру инвестициялық нарықпен тығыз байланысты, ал сақтандыру компаниялары ірі институционалдық инвесторлар ретінде әрекет етеді.

Сондықтан зейнетақы аннуитетін «сатып алдым, ұмыттым» деген қағидатпен қабылдамаған маңызды. Азаматтар бұл қаржы құралының қандай қосымша артықшылықтар беретінін, оның ішінде ұзақмерзімді қаржылық жоспарлау және инвестициялық құрамдас бөлік тұрғысынан түсінуі қажет. Нарықтың одан әрі дамуы сақтандыру қорғанысын, тұрақты дивидендтер мен инвестициялық мүмкіндіктерді ұштастыратын жаңа, оның ішінде гибридті өнімдердің пайда болуына алып келуі мүмкін», – деп түсіндірді Жанат Құрманов.

Жанат Құрманов халық арасында ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін одан әрі қалыптастыру қажеттілігін де атап өтті. Пікірталас барысында айтылғандай, бұл мәселе әсіресе қысқамерзімді қаржылық мақсаттарға басымдық беруге бейім жастар үшін өзекті.

 

Қазақстандықтарға зейнетақы аннуитетінің қандай түрлері қолжетімді

 

Еске сала кетейік, зейнетақы аннуитеті – азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасында жасалатын шарт. Оған сәйкес сақтандыру компаниясы өмір бойы немесе шартта белгіленген белгілі бір жасқа дейін ай сайын зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға міндеттенеді. Қазақстанның өмірді сақтандыру нарығында зейнетақы аннуитетінің бірнеше түрі ұсынылады.

 

Шұғыл зейнетақы аннуитеті шарт жасалғаннан кейін оның талаптарына сәйкес төлемдердің басталуын көздейді.

Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті төлемдердің шартта белгіленген белгілі бір кезең өткеннен кейін басталуын көздейді. Кейінге қалдырылған кезеңде қаражат шарт талаптарына сәйкес инвестициялануы мүмкін, бұл болашақ төлемдердің мөлшеріне оң әсер етеді.

Бірлескен (ерлі-зайыптылардың) зейнетақы аннуитеті екі адамның зейнетақы жинақтарын біріктіріп, шарт талаптарына сәйкес өмір бойы төлемдер алуға мүмкіндік береді. Қатысушылардың бірі қайтыс болғаннан кейін төлемдер екінші қатысушының пайдасына жалғаса береді.

Осылайша, зейнетақы аннуитеті нарығының дамуы азаматтардың ұзақмерзімді зейнетақы табысын қалыптастыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, зейнетақы жинақтарын пайдаланудың қосымша нұсқаларын ұсынады. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-дан алу немесе зейнетақы аннуитетін сатып алу арасындағы таңдау – азаматтың өмірлік жағдайына, жинақтарының мөлшеріне және зейнетақыны жоспарлау мақсаттарына байланысты жеке қаржылық шешім.

 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

01 октября 2026
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды

Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.

2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.

Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелгеназаматтар құқылы.

Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.

Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.

01 октября 2026
Елімізде 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар

1 қазан - Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Бұл айтулы дата - аға буынның өмірлік тәжірибесі мен атқарған еңбегін ұлықтайтын күн. Бүгінде олардың басым бөлігі - зейнеткерлер. Қарттардың әрқайсысының артында адал еңбек, пен еліміздің қалыптасу кезеңдеріндегі тарихи үлесі жатыр

Қазіргі таңда республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Гендерлік құрылымға сүйенсек, зейнеткерлердің 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды. Осылайша, зейнетақы төлемдерін алатындардың жалпы санының үштен екісі әйелдер қауымына тиесілі.

Бұдан бөлек, еліміз бойынша 44 зейнеткер жүз жасты алқымдағандар қатарында. Олардың арасында өмір жолы өнегеге толы азаматтар аз емес. Әйел адамдар ішінде еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер Шымкент қаласында тұрады. 106 жастағы кейуана бүгінде өнегелі отбасының ортасында, жақындарының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп отыр.

Ал ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер - Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны - Зұлқарнай Сейітов. Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Сейітов Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі майдан жолын басып өткен. Соғыстан кейін өмірін ғылым мен педагогикаға арнап, ондаған жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Ардагер «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Қазақстандық  ғасыр куәгерлерінің тағдыры - замандар сабақтастығы мен ұрпақтар байланысының айқын көрінісі. Олардың жылдар бойы атқарған еңбегі, төзімділігі мен кәсіби жетістіктері мемлекетіміздің бүгінгі дамуына берік негіз болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін барша аға буын өкілдеріне құрметі мен алғысын білдіріп, барша отандастарымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық береке тілейді.

23 сентября 2026
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарын басқарудың кеңейтілген мүмкіндіктеріне ие болды

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер[1]күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Бұл ретте МЗЖ және ЕЗЖ есебінен жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ олар үшін МКЗЖ және ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар өздерінің сенімгерлік басқаруға берілетін жинақтарының көлемін дербес айқындауға, сондай-ақ қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше ИПБ-ны және бір немесе бірнеше инвестициял         ық портфельді таңдауға құқылы.

Заңнамаға сәйкес, ИПБ үш инвестициялық портфельге дейін қалыптастыра алады: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімдері бойынша ерекшеленеді. Әртүрлі инвестициялық портфельдерді таңдау мүмкіндігі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 37-1-бабында бекітілген. Оларды қалыптастыруға қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына беру тәртібі және инвестициялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтында және invest.enpf.kz платформасында қолжетімді.

Осылайша, зейнетақы жүйесі салымшы пассивті рөл атқаратын модельден адамның өзінің ұзақмерзімді зейнетақы жинақтарын басқаруға саналы түрде қатысуын көздейтін жүйеге біртіндеп ауысуда. Инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен кеңеюі және зейнетақы активтерін басқару туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру салымшылардың болашақ зейнетақы табысын қалыптастыруға қатысты шешімдер қабылдауға белсендірек қатысуына жағдай жасайды.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

 



[1] "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 шілдедегі № 334-VIII Заңы 

18 сентября 2026
Қазақстандықтар жыл басынан бері бала тууына байланысты 200 мыңнан астам біржолғы мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеді

Сәбидің дүниеге келуі -  кез-келген отбасы үшін зор қуаныш. Бұл маңызды оқиға тиісті мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу сияқты жауапты міндетпен толығады. Ата-аналар бала тууына байланысты жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алады. Биылғы жылдың 8 айында бала тууына байланысты біржолғы төлемді 200 мыңнан астам отбасы рәсімдеген.

Бұл ретте қызметті проактивті түрде алу мүмкіндігі болғандықтан, жәрдемақы рәсімдеу үшін ХҚКО-ға арнайы бару міндетті емес. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жолданады. Жәрдемақы алуға келісімін растап, банк шотын көрсеткеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.

Рәсімделген төлемдердің басым бөлігі оңтүстік өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларға тиесілі. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 28 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған. Екінші орында 19 мыңнан астам төлем рәсімделген Алматы қаласы тұр. Ал үздік үштікті 17 мыңнан астам отбасы жәрдемақы алған Астана қаласы түйіндейді.

Мемлекеттен берілетін біржолғы қаржылай көмек мөлшері нәрестенің дүниеге келген кезегіне байланысты. 2026 жылы бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге берілсе, одан кейін туған балаларға берілетін жәрдемақы құны 272 475 теңгені құрайды.

Ата-аналар құжаттарды бала туған күннен бастап 18 ай ішінде рәсімдеуі маңызды. Себебі аталған мерзім өткеннен кейін, жәрдемақы алу құқығы жойылады.

Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 7 жұмыс күні ішінде, ал электронды үкімет порталы мен екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы 4 жұмыс күні ішінде рәсімдеуге болады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы