
Қазақстан Республикасының 30 жылдығын мерекелеудің қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Бородулиха ауданының Коростели ауылында «Creative» клубының ашылу салтанаты өтті. «Жергілікті өзін-өзі басқару ұйымын дамытуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру» атты жобаны іске асыру барысында жастар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға бағытталған аула клубын ашу идеясын ШҚО ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Жүнісов Данияр Базаралыұлы бастап, аталған мектептің ұстаздары жоба авторлары Айгүл байгужинова мен Халида Сармановалар бұл идеяны жүзеге асыруға атсалысты. Ашылу салтанатына «ШҚО Жастар ресурстық орталығының» директоры Есімбекова Арайлым Керімбекқызы, «ШҚО Жастар мен балалар ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры О.А. Бобрышева, округ әкімі Э.С.Бергенев, мектеп директоры Г.М. Морозкина, Бородулиха аудандық жастар ресурстық орталығның директоры Д.Хасенова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.М.Жайдарбеков, мектеп ұстаздары мен демеушілер қатысты. Аталған аула клубында оқушылар «Intellectum» зияткерлікті дамыту студиясы, «Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ», «Кубик рубик» және «Сабын жасау» студиялары ашылды. Аталған клубтың негізгі мақсаты шағын ауылдардың оқушыларының зияткерлік және шығармашылық машықтарын дамыту, жастар мен оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру, олардың белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру. Шекара шебінде жатқан шағын ауылдың балалары үшін бұл клуб алдағы уақытта білімді, білгір, ой-өрісі дамыған, жан-жақты алғыр балаларды тәрбиелеп шығарады деген сенімдеміз.
Ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырушылар мен атсалысқан демеушілерге Аудан әкімінің және ШҚО Жастар ресурстық орталығы директорының Алғыс хаттары табысталды. Кәсіпкерлермен үш жақты меморандум жасалды.