Бородулиха ауданының мемлекеттік мекемелерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлық тек құқықбұзушылық қана емес, сонымен қатар мемлекет тиімділігіне деген сенімді әлсірететін және қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер екені атап көрсетілген. Аудан әкімдігі құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдауда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысында жариялылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар туралы халықты хабардар ету үшін ауданның мемлекеттік мекемелерінде «сенім телефондары», ақпараттық стендтер, жеке және заңды тұлғалардың хаттары мен өтініштеріне арналған жәшіктер орнатылған. Аудан әкімі, оның орынбасарлары мен аппарат басшысы, дербес бөлімдер басшылары және аумақтық бірліктердің әкімдері азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдайды.
Аудан әкімінің ресми сайтындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бөлімінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар орналастырылған. Бородулиха ауданы әкімдігінің жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Комиссия отырыстары тоқсан сайын бекітілген жоспарға сәйкес өткізіледі, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы туралы басшылардың есептері тыңдалады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері заңнамаға сәйкес қаралады.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың анықталуы мен жолын кесу мақсатында комиссиялық қызметтік тексеру жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларда алдын алу шараларының жаңа кезеңі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, мемлекеттік мекемелерде қолайлы жағдай жасауға, мемлекеттік қызметтерді алу барысында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалар болуда. Арнайы фронт-офистер ашылып, олар қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілердің тікелей байланысын мемлекеттік мекемеде толығымен болдырмауға мүмкіндік береді.
Осылайша, атқарушы билік органдарының қызметіндегі басым бағыттар қылмыстық көріністерден азаматтардың және жалпы қоғамның құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауды үйлестірумен қатар, алдын алу және сақтық шараларын жүзеге асыру болып қала бермек.
А. Ибраев, Бородулиха ауданының әкімі