Авторлық құқық
Авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары, автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға.
Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған: жазбаша, ауызша , үнжазба немесе бейнежазба, бейнелеу, көлемдi – кеңiстiктi, өзге де нысанда жария болған да, жарияланбаған да туындыларға қолданылады.
Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.
Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар: әдеби туындылар, драмалық және музыкалық-драмалық туындылар, сценарий туындылары, хореография және пантомима туындылары, мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар, дыбыс-бейнежазу туындылары, кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары, қолданбалы өнер туындылары, сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары, суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар, карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар, ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар, өзге де туындылар.
Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар: ресми құжаттар -заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер, сондай-ақ олардың ресми аудармалары, мемлекеттiк нышандар мен белгiлер, халық шығармашылығы туындылары, оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.
Зияткерлік меншік саласындағы ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының қойылымдарын, фонограммаларын, хабарларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастар (сабақтас құқықтар) Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңымен реттеледі.