GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Все материалы
18 декабря 2025
2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізіледі
1 қаңтардан бастап сақтандырылған мәртебесі бар азаматтар міндетті сақтандыру аясында көптеген медициналық қызметтерді жоспарлы түрде ала алады. Бұл туралы Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков баяндады.
- Сақтандыру жүйесі отбасылардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, медицина саласының тұрақтылығын нығайтады және мемлекетке денсаулық сақтау жүйесін сапалы жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың денсаулығын нығайтуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер күшіне енеді. Статистикалық деректерге сәйкес, облыс халқы 596 646 адамды құрайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қазірдің өзінде шамамен 499 мың адам сақтандырылған, бұл халықтың 84 пайызына жуық. Олардың ішінде 355 мыңнан астам адам жеңілдікті санаттарға жатады, ал тағы 15,9 мың адам жарналарды өздері төлейді. Біздің міндетіміз – бұл тізімді кеңейту, - деді басқарма басшысы.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының Абай облысы бойынша филиалының директоры Ельмира Рахимбаеваның айтуынша, жаңа жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді. Оған қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы сияқты созылмалы аурулар енгізіледі. Енді бұл науқастар дәрігерлердің кеңесін, қажетті дәрі-дәрмектер мен емді толықтай міндетті сақтандыру шеңберінде алады.
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы да сақтандыру пакетіне енгізіліп, сақтандырылған азаматтар үшін “тегін” қолжетімді болады. Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар 11 аурудан басқа, созылмалы аурулардың басым бөлігі енді сақтандыру жүйесі арқылы толық қамтылады. Бұл 11 ауру бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шенберінде қаржыландырылады, - деп түйіндеді филиал директоры.
Спикердің айтуынша, ауыл халқы да бүгінгі таңда міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толыққанды енгізілген. Ауыл тұрғындарының едәуір бөлігі жеңілдік санатына жатады, олар үшін жүйеге жарналарды мемлекет төлейді.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті сақтандыру туралы заңның жаңа нормасына сәйкес, ДЕ санатындағы табысы төмен азаматтар жергілікті атқарушы орган есебінен сақтандырылып, диагностика мен емдеуді кедергісіз ала алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жүйеге жұмсақ кіру қарастырылған. Айына небәрі 4250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлей отырып, олар аз ғана сомаға қымбат медициналық көмекті де ала алады.
26 ноября 2025
Абай облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына қатысты профилактикалық жұмыстардың аралық қорытындылары жарияланды
Абай облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының өтуіне байланысты профилактикалық жұмыстардың аралық қорытындылары жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз маслихатында Абай облысы ТЖД азаматтық қорғау басқармасының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Асет Туинбаев мәлімдеді.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген өрттің алдын алу жоспарына сәйкес жүргізілуде. 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өңірде өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылып, оның аясында үйлерді аралау, пештерді, электр жабдықтарын тексеру және тұрғындарды нұсқама беру шаралары өткізілді.
– Жылыту маусымы басталғалы бері облыста 74 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға аз. Өрттердің негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр: пешті пайдалану ережелерін бұзу, электр сымдарының ақауы және отты абайсыз қолдану. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да бар: бес адам жарақат алып, үш адам көз жұмды, олардың арасында бір бала бар, – деді Асет Туинбаев.
Спикердің айтуынша, ерекше назар әлеуметтік осал топтағы отбасыларға аударылуда. Биыл облыста бұл санатқа жататын 6 733 отбасы тіркелген. Олардың үйлерінің барлығы ТЖД қызметкерлерімен тексеріліп, өрт қауіпсіздігіне қатысты 2 951 бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа кірмейтін 12 656 үй тексеріліп, 2 986 бұзушылық тіркелді.
– Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл санаттағы үйлердің барлығы толықтай көмірқышқыл газы датчиктерімен жабдықталған. 2022 жылдан бері облыста 15 мыңнан астам датчик орнатылды, оның 1 800-і – биыл. Осы құрылғылардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 21 адам, оның ішінде 10 бала құтқарылды, – деп атап өтті Асет Туинбаев.
Құтқарушылар өңір тұрғындарын мұржаларды уақтылы тазалап отыруға, жанған пешті қараусыз қалдырмауға, тұтатуға тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбауға және жылыту құрылғыларының жарамдылығын тұрақты тексеруге шақырады.
24 ноября 2025
Аягөз қаласының 10 көшесіне асфальт төселді
Аягөз қаласында 10 көшеге асфальт төселіп, жолдардың сапасын арттыруға басымдық берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров толығырақ баяндады.
- Биыл аудан бойынша жол инфрақұрылымын жақсартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 40 шақырым жол жөндеу жұмыстары іске асырылуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Айғыз, Ақшатау, Баршатас және Тарбағатай ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен Акшаулі–Мыңбұлақ–Нарын–Шыңғожа автомобиль жолының 15 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ақтоғай–Перещеек бағытындағы 10 шақырымдық жолға ағымдағы шұңқырлы жөндеу жұмыстары атқарылып, Ақтоғай кентінде 2 мың текше метр шұңқыр қалпына келтірілді, - деді спикер.
Айбек Нұғымаров Аягөз қаласының ішінде де ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Қаладағы 10 көшеге асфальт төселіп, жолдардың сапасын арттыруға басымдық берілді. Сонымен бірге, ішкі жолдарды тегістеу, шұңқырларды бітеу, жолақтарды сызу, жол белгілерін орнату және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бағдаршам қою жұмыстары толық орындалды.
- Жылдың аяқталуына 1 ай қалуын және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, қосымша жобалар жоспарға енгізілді. Атап айтқанда, Тарлаулы ауылындағы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын Н.Құнанбаев, Қ.Ахметов, Д.Жантасов, Ж.Қожағапанов және Н.Ибрайұлы көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған. Сондай-ақ, Қосағаш ауылындағы 3,1 шақырымдық Н.Әубәкіров, Шақантай Батыр, Р.Тлеуберлин, Т.Тілеуханов және Дос Әулие көшелерін орташа жөндеуге қаражат бөлініп, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деп атап өтті аудан әкімінің міндетін атқарушы.
18 ноября 2025
Резервтік қызметке үш жылдық қабылдау ашылды
Өңірде азаматтарды үш жылдық келісімшарт бойынша резервтік әскери қызметке қабылдау басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Шығыс» өңірлік әскерлер қолбасшылығы басқармасының заң басқармасы бастығы, подполковник Бейбіт Танцаров баяндады.
- Қабылдау ағымдағы жылдың 18 наурызында қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүргізілуде. Резервтегі әскери қызметке 18 бен 57 жас аралығындағы, әскери билеті бар, моральдық және кәсіби талаптарға сай, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады, - деді спикер.
Жаңа форматты енгізу Қарулы Күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге және қажет болған жағдайда мобилизациялық ресурсты жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы басқармасының кадр бастығы, подполковник Бахыт Жұмабеков кеңінен тарқатты.
- Үш жылдық келісімшартқа отырған азаматтар жыл сайын 30 күндік далалық оқу-жаттығуларға, сондай-ақ ай сайын 3 күндік жауынгерлік дайындық сабақтарына қатысады. Осылайша, әрбір резервист жылына 60 күндік дайындықтан өтеді. Жұмыс істейтін резервистерге – орташа айлық жалақысы, ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы төленеді. Дайындық кезеңінде медициналық қамтамасыз ету бюджет есебінен жүргізіледі», – деді кадр бастығы.
Резервтік әскери қызметке қабылдау жергілікті әскери басқару органдары арқылы жүзеге асырылады
03 ноября 2025
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енбек
Елімізде келесі жылдан бастап салық жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ержан Қаңғалақов баяндады.
* Жаңа Салық кодексі аясында салық есептілігін тапсыру көлемі 30 %- ға қысқарады. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі бұрынғыдай 20 % деңгейінде сақталады. Сонымен қатар жекелеген салалар үшін жаңа ставкалар белгіленді: банк секторы мен ойын бизнесі үшін – 25 %, қаржы лизингі үшін – 10%. Әлеуметтік салада, атап айтқанда, білім беру мен медицинада алдағы жылы 5 %, ал 2027 жылдан бастап 10 % мөлшерлеме қолданылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 % ставка сақталады, – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, келер жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 % деңгейінде белгіленеді. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында есепке жатқызылатын қосылған құн салығының үлесі 70 % - дан 80 %- ға дейін арттырылып, ал тіркеу шегі бұрынғы 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді.
- Келер жылдан бастап акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 % өспек. Алғаш рет энергетикалық сусындарға да акциз енгізіліп отыр: оның көлемі литріне 100 теңге болып белгіленіп, бес жыл ішінде кезең-кезеңімен 240 теңгеге дейін жететін болады, - деді басқарма басшысының орынбасары.
03 ноября 2025
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржарда 14 шақырым жол жөнделді
Үржар ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Ағымдағы жылы Жоғарғы Егінсу ауылына кіреберіс 3,5 шақырымдық жол орташа жөндеуден өтті. Бұл туралы Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 14 шақырым болатын 18 көшеге орташа жөндеу жүргізуге 480 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жобаға Ақжар, Жаңа тілек, Қарақол және Жанай ауылдары қамтылды. Оның ішінде 10,3 шақырым жолға жаңа асфальт төселді. Ал Қарақол ауылындағы 3,7 шақырымдық учаске өтпелі жоба ретінде 2026 жылы толық аяқталады, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Таскескен–Бақты тас жолының 19 шақырымында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл аудан жолдарындағы жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 13 ауылда жол белгілері орнатылды (17,8 млн теңге). Бұған қоса, Үржар, Ақжар және Науалы ауылдарында бейнебақылау жүйелері жаңартылды. 7 млн теңге қаражатқа Науалыда – 16, Ақжарда – 15 жаңа камера орнатылып, Үржар ауылындағы құрылғылар саны 110-ға жетті, – деп түйіндеді Ақылбек Башимбаев.
31 октября 2025
Абай еліне тарту еткен 14 нысан өркениет өрісін кеңейтпек

Семей – Алаштың алтын бесігі, Абайдың рухы мен ел мұраты тоғысқан киелі мекен. Бүгінде облыс орталығына ерекше назар аударылып, қала жаңаша тыныс алып, заман талабына сай жаңғыртылуда. Берік Уәлиұлының қолдауымен Абай облысында инвестиция тарту мен жаңа өнеркәсіптік база қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып, өңірдің экономикалық және мәдени келбеті бұрын-соңды болмаған өзгерістерге бет алды. Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың айтуынша, қазіргі таңда аймақта индустриялық инфрақұрылымды кеңейту мен өндірістік әлеуетті арттыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. – Бүгінде аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағын 186 гектарға дейін кеңейту шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, шағын өнеркәсіп паркін құруға дайындық басталды. Инвесторлардың жоғары қызығушылығы жаңа индустриялық аймақтардың қажеттілігін көрсетеді. Осыған байланысты Семейдің өнеркәсіптік аймағында арнайы экономикалық аймақ құру үшін 500 гектар жер бөлу жоспарланған. Бұл бастама шетелдік және отандық инвестицияны тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға жол ашады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Сонымен бірге, облыста Мемлекет басшысы бастамашы болған «Абайға құрмет» республикалық акциясы қарқынмен жалғасуда. Бұл игі шара еліміздің 14 өңірін ұлы Абай рухы астында біріктіріп, Семейдің әлеуметтік және мәдени бейнесін жаңартуға бағытталған. – Қазіргі таңда 14 өңір Семей қаласында жаңа нысандардың құрылысын қолға алды. Нысандардың басым бөлігі қаланың жаңа бөлігінде салынады. Бұл аймақта әкімшілік және мәдени ғимараттармен қатар, 300 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлер, 7 мектеп, 10 балабақша және заманауи емханалар бой көтермек. Нәтижесінде аталмыш аумақ Семейдің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына айналады, – деді Ербол Садыр. Спикердің мәліметінше, бүгінде жобаларды сапалы іске асыру үшін қаланың бас жоспары қайта қаралып, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленіп жатыр.

29 октября 2025
Абай облысында 183 нысанға тексеру жүргізілді
Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы биыл аймақ ішінен түскен мыңдаған өтініш пен шағымды мұқият қарап, әрбір нысанның сапасына жіті назар аударып отыр.
Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан түскен 2477 өтініш қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұл жайында басқарма басшысы Сайлауғалы Байназаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен баяндады.
– Электронды лицензиялау мен аттестаттау үдерісі бүгінде толық цифрландырылған. Құрылыс-монтаждау саласында екінші санаттағы – 2, үшінші санаттағы – 11 лицензия берілді. Жобалау бағыты бойынша тағы екі лицензия рәсімделді. Ал техникалық сараптама саласында 124 өтініш қабылданып, соның 36-сы оң шешімін тапты, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бақылау-тексеру шаралары дәлелді дерек пен нақты құқық бұзушылық тіркелген жағдайда ғана жүргізіледі.
Биылдың өзінде 38 заңбұзушылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 20,3 миллион теңге айыппұл өндірілді, соның 1,6 миллионынан астамы сот шешімі арқылы.
Бұған қоса, басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 183 нысанда кешенді тексеру жүргізген.
Атап айтқанда, облыстық прокуратура – 14, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – 11, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті – 25, сондай-ақ аудандық және көлік прокуратуралары – 133 нысанда тексеру өткізген.
Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарына рұқсат беретін 631 талон-хабарлама рәсімделіп, оның 586-сы тіркелсе, 45-і кері қайтарылған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы мен Ұлттық экономика министрлігінің №86 бұйрығына сәйкес, өңірде бюджеттік құрылыс сапасына мониторинг жүргізілуде. Бұл бақылауға Off-take келісімшарттары аясындағы тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар және жолдарды орташа жөндеу жұмыстары енгізілген. Нәтижесінде, 11 аудан мен Семей қаласында 124 нысан қамтылып, бірқатарында кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілген.
29 октября 2025
Семей мектептерінде тамақ сапасы тексерілді
Оқушылардың денсаулығын сақтау және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында қала мектептерінде ас блоктарының жағдайы мен тамақтануды ұйымдастыру жүйелі түрде тексерілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
– Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Кей мектептерде жабдықтардың ескіргені және оларға уақытылы жөндеу мен күтім жасалмауы байқалды. Мұндай жағдайлар тағам дайындау кезіндегі санитариялық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, азық-түлік жеткізуге қатысты келісімшарттар рәсімдеу кезінде кей қызметкерлердің медициналық тексеруден толық өтпегені белгілі болды, – деді Шыңғыс Чокушев.
Анықталған олқылықтарды жою мақсатында білім бөлімі, мектеп әкімшіліктері және тамақтандыру операторларымен бірлескен шаралар қолға алынған. Санитариялық нормалар мен талаптарды сақтау бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, орындалуы тұрақты бақылауда.
Басқарма басшысының айтуынша, ас блоктарының санитариялық-гигиеналық жағдайына және оқушыларға ұсынылатын тағам сапасына бақылау – мекеменің басты бағыттарының бірі. Бұл жұмыс жыл бойы үздіксіз жүргізіліп отырады.
– Әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады, бұл жөнінде әлеуметтік желілерде де жазылып жүр. Біздің басқарма әрдайым ашық, халықпен кері байланыс орнатуға дайын. Барлық сұрақты E-otinish сервисі арқылы немесе тікелей басқармаға келіп қоюға болады. Тексеру барысында анықталған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді, – деді ол.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы білім беру ұйымдарындағы тамақтану нысандарында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Басқарма бөлім басшысы Асия Жарылғапованың айтуынша, биыл білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген.
– Жаңа стандарт салауатты тамақтанудың халықаралық талаптарына негізделген. Онда тұз, қант және май мөлшерін азайту, көкөніс пен жеміс-жидек тұтынуды көбейту қарастырылған. Ас мәзірі ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен микроэлементтер теңгеріміне сай жасалған. Қазір қаладағы 61 жалпы білім беретін мектептің ас блоктары кезең-кезеңімен санитариялық қабылдаудан өтуде. Бұл жұмыс асханалардағы санитариялық-гигиеналық нормалардың орындалуын, жабдықтардың техникалық жай-күйін және персоналдың санитариялық даярлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
23 октября 2025
Абай облысында 610 спорт нысаны жұмыс істейді
Биыл Көкпекті ауылындағы жүзу бассейні, Алғабас ауылындағы спорт кешені және Ауезов ауылындағы модульдік спорт залы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Курчатов, Бесқарағай, Бородулиха, Қопа, Көкбай ауылдарында спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекбосынов кеңінен тарқатты.
- Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында облыста 610 спорт нысаны жұмыс істейді. Демеушілер мен инвесторлардың қолдауымен Үржар ауданында жаңа спорт залы, Семей қаласында жабық футбол манежі салынуда. Алдағы жылдары Семей қаласында 25 мың көрерменге арналған заманауи стадион, мұз сарайы және жекпе-жек орталығының құрылысы жоспарланған, - деді спикер.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 2025 жылы облыс бойынша 5469 бала 91 спорт секциясымен қамтылды.
- Жалпы алғанда, өңірде бұқаралық спортты дамыту мен спорт инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда халықты спортпен жүйелі қамту деңгейін 48%-ға, спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету көрсеткішін 61%-ға жеткізу көзделіп отыр. 2026 жылға қарай облыс көлемінде 500-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған, - деп түйіндеді Бақыт Бекбосынов.
Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы