"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Мемлекеттік мүлік туралы

      Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікке және жарғылық капиталдағы мемлекетке тиесілі акциялар мен үлестерге, мемлекеттің ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен стратегиялық объектілерге ықпалының аясын айқындайды. Заң мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесі және өзге де құқықтарды иеленуші ретінде құқықтарды тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге; мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құзыретінің аражігін айқын ажыратуға және осы органдар мен олардың басшыларының мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттің саясатын жүргізуге жауапкершілігін арттыруға; ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін белгілеуге, олардың мемлекеттік органдармен нақты өзара іс-қимылын және олардың мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттің саясатын жүргізуін қамтамасыз етуге жауапкершілігін айқындауға бағытталған.

1-бөлім. Мемлекеттік мүлік туралы негізгі ережелер

1-тарау. Мемлекеттік мүлікті басқару туралы жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттік мүлік - Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бірліктердің мүлкі;
      2) республикалық мүлік - коммуналдық мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының мүлкі;
      3) коммуналдық мүлік - әкімшілік-аумақтық бірліктердің мүлкі;
      4) облыстық коммуналдық мүлік - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мүлкі, оның ішінде облыстық бюджет және облыстық қазынаны құрайтын облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілген мүлік (аудандық коммуналдық мүлікті қоспағанда);
      5) аудандық коммуналдық мүлік - ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мүлкі, оның ішінде ауданның бюджеті және аудандық қазынаны құрайтын аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілген мүлік;
      6) мемлекеттің мүліктік құқықтары - мыналарды қамтитын мемлекеттің мүлікке құқықтары:
      мемлекеттік меншік құқығы;
      мемлекеттің өзге де заттық құқықтары (сервитуттар, жалға алу, мүлікті өтеусіз пайдалану және басқалары);
      мемлекеттің міндетті құқықтары (талап ету құқықтары);
      мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтар;
      мұрагерлік құқықтар;
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де мүліктік құқықтар;
      7) мемлекеттік мүлікті басқару - мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің) мемлекеттік меншік құқығын және басқа да мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;
      8) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) - республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мемлекеттік мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітілген мүлікті қоспағанда, стратегиялық объектілерді жекешелендіру және мемлекеттік меншік мониторингі саласында өз құзыреті шегінде басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      9) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - тиісті саланың уәкілетті органы) - мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыратын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарын өзге де орталық атқарушы органдарға берген жағдайда осы Заңның тиісті саланың уәкілетті органы туралы ережелері осындай орталық атқарушы органға қолданылады;
      10) мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою - жер учаскесін немесе өзге де мүлікті өтемін төлеп мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім негізінде және алып қойылатын мүлік иесімен мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің құны мен өтемі төленетін шығындардың мөлшері туралы келісім негізінде, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда осы Заңға сәйкес, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау және ұлт меншігіне алу соттың шешімі негізінде жүзеге асырылатын азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың иелігіндегі мүлікті мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) меншік құрамына мәжбүрлеп өтемін төлеп иеліктен шығару;
      11) мүлікті реквизициялау - дүлей зілзала, авариялар, эпидемия, эпизоотия жағдайында, соғыс жағдайы күшінде болған кезеңде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаты бар өзге де мән-жайлар кезінде мемлекеттік органдардың шешімі бойынша меншік иесінен қоғам мүддесі үшін мүлікті меншік иесіне мүліктің құнын төлей отырып алып қою;
      12) ұлт меншігіне алу - осы Заңға сәйкес қабылданатын мүлікті ұлт меншігіне алу туралы Қазақстан Республикасы Заңының негізінде жүзеге асырылатын, азаматтарға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті Қазақстан Республикасы мүлкінің құрамына мәжбүрлеп өтемін төлеп иеліктен шығару;
      13) мемлекет мұқтажы - мемлекеттің функциясынан туындайтын және қоғамдық маңызы бар мақсатты көздейтін мемлекет мүддесін қанағаттандыру үшін жеке меншіктегі мүлікті мемлекет меншігіне ауыстыру қажеттігінің болуы;
      14) жекешелендіру - мемлекеттің осы Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті азаматтарға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;
      15) мемлекеттік заңды тұлғалар мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер;
      16) республикалық заңды тұлғалар - мүлкі республикалық меншіктегі республикалық кәсіпорындар және республикалық мекемелер;
      17) коммуналдық заңды тұлғалар - мүлкі коммуналдық меншіктегі коммуналдық кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелер;
      18) облыстық коммуналдық заңды тұлғалар - облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелер;
      19) аудандық коммуналдық заңды тұлғалар - ауданның жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелер;
      20) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын - мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауапты коммерциялық ұйым;
      21) қазыналық кәсіпорын - мемлекет жедел басқару құқығында берген мүлкі бар коммерциялық ұйым;
      22) мемлекеттік мекеме - мемлекет құрған және бюджет қаражатынан және (немесе) басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де көзден қаржыландырылатын коммерциялық емес ұйым;
      23) шаруашылық жүргізу құқығы - меншік иесі ретінде мемлекеттен мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген шекте осы мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы;
      24) жедел басқару құқығы - мемлекеттен мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген шекте өз қызметінің жарғылық мақсаттарына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес осы мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заттық құқығы;
      25) ұлттық компания - акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық холдингке, ұлттық басқару холдингіне тиесілі және қызметін ұлттық экономиканың негізін құрайтын салаларда жүзеге асыратын немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылатын (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған акционерлік қоғам;
      26) ұлттық басқару холдингі - ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы үлестерін) тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      27) ұлттық холдинг - ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      28) стратегиялық маңызы бар мүлік (стратегиялық объектілер) - қазақстандық қоғамның тұрақты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оған құқықтарды жүзеге асыру Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне ықпал ететін мүлік;
      29) Қазақстан Республикасының стратегиялық объектіні басымдықпен сатып алу құқығы - Қазақстан Республикасының стратегиялық объекті тиесілі азаматтардан немесе заңды тұлғалардан, осындай тұлға стратегиялық объектіні иеліктен айыру бойынша мәміле жасауды ниет етіп отырған жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіден өндіріп алу немесе конкурстық (тарату) массасының құрамында стратегиялық объектіні иеліктен айыру жағдайында стратегиялық объектілерді нарықтық құны бойынша сатып алудың үшінші тұлға алдындағы басым құқығы;
      30) мемлекеттік мүлік тізілімі - мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;
      31) есепке алу объектісі - мемлекеттік мүлік тізілімінде есепке алуға жатқызылатын мемлекеттік мүлік;
      32) мемлекеттік мүлікті есепке алу - осы Заңның 14-тарауында көзделген ережелерге сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімін қалыптастыру үшін есепке алу объектісі туралы ақпаратты жинау мен қорытындылаудың ретке келтірілген жүйесі;
      33) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор - өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген, Қазақстан Республикасының шешімімен айқындалатын заңды тұлға.

       2-бап. Мемлекеттік мүліктің түрлері

      1. Мемлекеттік мүлік республикалық мүлік және коммуналдық мүлік деп бөлінеді.
      2. Республикалық мүлік құрамына:
      1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:
      республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы ұлттық қорының қаражаты;
      республикалық заңды тұлғаларға бекітілмеген, өзге де мемлекеттік мүлік;
      2) республикалық заңды тұлғаларға бекітілген мүлік кіреді.
      3. Коммуналдық мүлік құрамына:
      1) жергілікті қазынаның мүлкі:
      жергілікті бюджеттің қаражаты;
      коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілмеген өзге де коммуналдық мүлік;
      2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілген мүлік кіреді.

      3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік
             туралы заңнамасы

      1. Мемлекеттік мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен айқындалады.
      2. Осы Заңның қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік мүлікке таратылады.
      3. Республикалық мүлік Қазақстан Республикасынан тыс жерде, ал коммуналдық мүлік - осы әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерде немесе халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген негіздемелер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуы мүмкін.
      4. Қазақстан Республикасынан тыс жердегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлкінің құқықтық режимі, егер халықаралық шарттарда немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы мүлік тұрған шетел мемлекеттерінің заңнамасымен айқындалады.
      5. Осы Заңның күші мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ өздері көздеген жағдайларда - азаматтарға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға қолданылады.
      6. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

       4-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы

      1. Осы Заң мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін айқындайды, мемлекетке меншік құқығында тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және билік етуді қоса алғанда, мемлекеттің мемлекет мүлкіне құқықты жүзеге асыруының тәртібін, мемлекеттік мүлікке құқықтардың, оның ішінде мүлікті мемлекет иелігіне алған және жекешелендірген кездегі оны иелену мен тоқтату құқықтарының, сондай-ақ азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иеленуінің және (немесе) пайдалануының тәртібін белгілейді.
      2. Осы Заң мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті, акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі үлестерін және мемлекеттік мүлікті құрайтын өзге де мүлікті басқару тәртібін айқындайды.
      3. Стратегиялық маңызы бар мүліктің (стратегиялық объектінің) құқықтық режимінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен айқындалады.
      4. Мемлекеттің бюджет пен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатына құқықтарын жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актілерімен реттеледі. Осы Заңда көзделген мемлекеттік мүлік ұғымы Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында пайдаланылатын мемлекет активтері ұғымына қолданылады.
      Мемлекеттің мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға жатқызылған өзге де мүлікке мемлекеттік құқықтарды жүзеге асыру ерекшелігі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленеді.
      5. Мемлекеттің мәдени және тарихи құндылықтарға құқықтарын жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен белгіленеді.
      6. Мемлекеттің зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарын жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттеледі.
      7. Егер Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңнамалық актісінде өзгеше көзделмесе, осы Заңның ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекет немесе ұлттық холдинг бақылайтын өзге де заңды тұлғалар туралы ережелері ұлттық басқару холдингіне және оның құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен оның бақылауындағы өзге де заңды тұлғаларға қолданылады.
      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және олар құрған заңды тұлғалардың мүлкін иелену, пайдалану және билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық Банкі туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен айқындалған тәртіппен реттеледі.
      9. Осы Заңның күші республикалық маңызы бар қала, астана, арнайы экономикалық аймақтар, мемлекеттік материалдық резерв туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін, арнайы экономикалық аймақтардың, мемлекеттік материалдық резервтің мемлекеттік мүлкін басқару бойынша қатынастарға қолданылады.

       5-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару принциптері

      Мемлекеттік мүлікті басқару мынадай принциптерге сәйкес жүзеге асырылады:
      1) заңдылық;
      2) есеп беру және бақылауда болу;
      3) жариялылық;
      4) мемлекет мүлкін тиімді пайдалану;
      5) бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.

       6-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару субъектілері

      1. Мемлекеттік мүліктің түрлеріне байланысты мемлекеттік мүлікті басқаруды Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес республикалық мүлікті басқарады.
      3. Коммуналдық мемлекеттік мүлікті басқаруды әкімшілік-аумақтық бірліктің атынан жергілікті атқарушы органдар, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, осы органдардың мәртебесін айқындайтын ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

       7-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару

      1. Республикалық мүлікті басқару кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 2-тарауында және осы органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, ережелерінде және өзге де актілерінде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде республикалық мүлікке Қазақстан Республикасының құқықтарын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      2. Коммуналдық мүлікті басқару кезінде жергілікті өкілді және  атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 2-тарауында және осы органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, ережелерінде және өзге де актілерінде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде коммуналдық мүлікке құқықтарын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің коммуналдық мүлікке қатысты құзыреті осы Заңның 10-бабымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен айқындалады.
      3. Республикалық және коммуналдық мүліктің сақталуына бақылауды тиісті мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметі жүзеге асырады. Мемлекеттік мүліктің сақталуына бақылауды мемлекеттік қаржылық бақылаудың өзге де органдары жүзеге асыруы мүмкін.
      4. Мемлекеттік мүлік мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілуі мүмкін.
      5. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік) акционерлік қоғамдардың (акционері, қатысушысы), жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтайшысы болуы мүмкін.
      Мемлекеттің Қазақстан Республикасының коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, салымшысы, мүшесі), өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда болуына жол берілмейді.
      6. Мемлекет коммерциялық ұйым болып табылмайтын мемлекеттік қордың құрылтайшысы болуы мүмкін. Мемлекеттік қорды құру мен оның қызметі Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамалық актісімен реттеледі.
      7. Мемлекетке ғана тиесілі болуы мүмкін мүлік Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен айқындалады.

       8-бап. Мүлікті мемлекеттік мүліктің бір түрінен
             екіншісіне беру

      1. Мүлікті Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлкінің (республикалық мүліктің) құрамынан әкімшілік-аумақтық бірліктің (коммуналдық мүліктің) мемлекеттік мүлкі құрамына немесе керісінше беру, мүлікке мемлекеттің құқығының тоқтатылуына әкеп соқпайды, бірақ республикалық мүлікке Қазақстан Республикасының құқығын тоқтатуға және әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық мүлікке құқығын иеленуге немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық мүлікке құқығын тоқтатуға және Қазақстан Республикасының республикалық мүлікті иеленуіне негіз болып табылады.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік мүліктің бір түрінен бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      9-бап. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік
             басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру

      1. Коммуналдық мүлік жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі бойынша облыстық коммуналдық мүлікке және аудандық коммуналдық мүлікке бөлінеді.
      Аудандық коммуналдық мүліктің құрамына, атап айтқанда, осы Заңның 21, 22, 24, 28, 29, және 30-баптарында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке түскен мүлік кіреді.
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі облыстың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқарудың деңгейімен теңестіріледі. Республикалық маңызы бар қалада және астанада коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың аудандық деңгейі бөліп көрсетілмейді және құрылмайды. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлікті басқарудың осы Заңда көзделген ауданның атқарушы органының құзыретін республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
      Облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлік деңгейі аудан мүлкінің деңгейіне теңестіріледі.
      2. Мемлекеттік мүлікті коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен жүзеге асырылады.
      3. Коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілген мемлекеттік мүлікті коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) облыстық коммуналдық мүліктің деңгейіне жатқызылатын облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің үлестері, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының өтініші негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      2) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының өтініші негізінде аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі
      3) коммуналдық мүліктің аудандық деңгейіне жатқызылатын аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің үлестері ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімі және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      4) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі облыстың жергілікті атқарушы органымен келісілген ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы шешімінің негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі.
      4. Мемлекеттік мүлікті коммуналдық мүліктің бір деңгейінен екіншісіне беру туралы шешім қабылданғаннан кейін отыз күндік мерзімде тапсыратын және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды тұлғалары қол қоятын және облыстың және ауданның жергілікті атқарушы органдарының басшылары бекітетін беру актісі ресімделеді.
      Беру актісі ресімдеуге қатысатын тараптардың әрбірі үшін екі данадан, мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт дана етіп жасалады.
      5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ережелер белгіленбесе, осы баптың ережелері мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілмеген коммуналдық мүлікті беруге қолданылады.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі құзыреті

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік
              мүлікті басқару саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерін іске асыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
      3) мемлекет оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын республикалық заңды тұлғаларды, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, сондай-ақ өзге де акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешімдер қабылдайды;
      4) стратегиялық объектілерді үшінші тұлғаларға кепілге қою немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалдау (жалға беру), сенімгерлік басқаруға беру нысанында ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы шешім қабылдайды;
      5) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер), мемлекеттік кәсіпорындардың даму стратегияларын, даму жоспарларын (қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларын) және олардың орындалуы бойынша есептерді әзірлеу тәртібін айқындайды;
      6) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер), мемлекеттік кәсіпорындардың даму стратегияларының, даму жоспарларының (қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларының) нысаналы көрсеткіштерінің орындалуын бағалау тәртібін айқындайды;
      7) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың (мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер), мемлекеттік кәсіпорындардың даму стратегияларының, даму жоспарларының (қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларының) нысаналы көрсеткіштерінің орындалуына бағалау жүргізудің тәртібін айқындайды;
      8) мемлекеттің мұқтаждарын қанағаттандыру үшін мүлікті алып қою рәсімінің басталғаны, оның тоқтатылуы немесе мүлікті алып қою туралы
қаулы қабылдайды;
      9) нарықта үстем (монополиялық) жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мүліктік кешендері немесе мемлекетке тиесілі акциялар мен жарғылық капиталдағы үлестер ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      10) республикалық мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      11) акционерлік қоғамның акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестерін республикалық мүлік құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
      12) мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде ұлттық компанияларды, ұлттық холдингтерді басқаруға қатысу құқығын жүзеге асырады немесе осындай құқықты өздері уәкілеттік берген орталық атқарушы органға береді; мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде өзге де акционерлік қоғамдарды және мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді басқару құқығын жүзеге асырады немесе осындай құқықты тиісті саланың уәкілетті органына береді;
      13) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі бірінші кезектегі жұмыстарды қамтамасыз ету, гуманитарлық көмек көрсету және нарыққа реттеуші ықпал ету үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын пайдалану туралы шешім қабылдайды;
      14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       11-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық
              уәкілетті органның құзыреті

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен белгіленген құзыретке сәйкес республикалық мүлікті  басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) мемлекеттік мүлікті басқару саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
      3) мемлекеттік мүлік объектілерін басқаруға талдау жасауды және бағалауды жүзеге асырады;
      4) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың даму стратегиялары бөлімдерінің құрылымын, көрсеткіштерінің нысаны мен тізбесін, жылдық бюджеттерінің даму жоспарларының орындалуы туралы есебін ұсынады;
      5) мемлекеттің бақылауындағы акционерлік қоғамның және  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бөлімдерінің құрылымын, нысанын және даму стратегиясы көрсеткіштерінің тізбесін ұсынады;
      6) мемлекеттік мүлікті басқарудың айқын және объективті талдануы үшін қажетті ақпаратты мемлекеттік органдардан, акционерлік қоғамдардан, мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестерден сұратады және алады;
      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      12-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік мүлікті басқару
              жөніндегі құзыреті

      Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган):
      1) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен белгіленген құзыретке сәйкес республикалық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) республикалық мүліктің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
      3) республикалық мүліктің жекешелендірілуін жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды жүзеге асырады, жекешелендіру объектісін сату-сатып алу шарттарын дайындау мен жасасуды және сату-сатып алу шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының атынан субъекті құқығының республикалық заңды тұлғаларға қатысты республикалық меншік құқықтарын жүзеге асырады;
      5) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша республикалық кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу немесе қазыналық құқығындағы) айқындайды және республикалық кәсіпорындардың жарғысын, оған енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді бекітеді;
      6) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша республикалық заңды тұлғаға берілген немесе өзінің меншікті шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
      7) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті ұстау мерзімін және кейіннен баланс есебінен шығара отырып оны басқа тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамсыз етуді белгілейді;
      8) республикалық мүлікті жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе өтеусіз негізде кейіннен беру құқығымен мүліктік жалға (жалға алу), сенімгерлік басқаруға береді;
      9) тиісті саланың уәкілетті органына республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;
      10) республикалық кәсіпорынға оған бекітілген мүлікті (өзі өндірген мүлікті сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық қарызды беруге және есептен шығаруға келісім береді;
      11) мүлікті мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алып қойған кезде меншік иелерімен өзге мүлікпен (ақшадан басқа) өтеу туралы келісім жасайды;
      12) республикалық мүлік мәселелері бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік етеді, мемлекетке тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады;
      13) республикалық заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті мүліктік жалға беруге (жалға алу) талдау жүргізеді;
      14) мемлекетке тиесілі акцияларға дивидендтердің уақтылы және толық есептелуіне және олардың төленуіне, сондай-ақ жарғылық капиталындағы үлестері мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатысушылары арасында таза табыстың бөлінуіне бақылауды жүзеге асырады;
      15) экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншікке және стратегиялық объектілерге мемлекеттік мониторинг жасау туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес мемлекеттік мониторинг жасауды жүзеге асырады;
      16) мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың жұмыс істеуіне және оларды басқарудың тиімділігіне мониторинг жасауды ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      17) мемлекеттік кәсіпорынның жұмыс істеуіне және оларды басқарудың тиімділігіне мониторинг жасауды ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
      18) сенімгерлік басқарушының мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ республикалық кәсіпорындардың құрылтайшысы болады;
      20) акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құрған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша орналастырылатын акцияларға төлем жасауды және республикалық мүлікті, оның ішінде акциялар мен ақшаны енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым енгізуді жүзеге асырады;
      21) мемлекеттің акционер (қатысушы) ретіндегі құқықтары тиісті саланың уәкілетті органына берілмеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттің акционер (қатысушы) ретіндегі акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқықтарын жүзеге асырады;
      22) жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің тиісті директорлар кеңесінің және қадағалау кеңесінің құрамына өз өкілін тағайындайды, ал мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде - директорлар кеңесіне немесе қадағалау кеңесіне кандидатураларды акционерлік қоғамның жалпы жиналысына немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушыларына бекітуге ұсынады;
      23) республикалық бюджет қаражаты есебінен акцияларға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталға салымына төлем жасауды жүзеге асырады;
      24) осы Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда реквизицияланатын мүлікке ақшалай өтем жасайды;
      25) осы Заңның 5-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекет иелігіне алынатын мүлікке ақшалай өтем жасайды;
      26) осы Заңның 6-тармағында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекеттік мұқтаждықтар үшін мүлікті алып қою кезінде өтем жасайды;
      27) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу ережелерін әзірлейді;
      28) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізеді және тізілімді пайдаланушыларға ақпарат ұсынады;
      29) тізілімде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есебін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді және ұйымдастырады;
      30) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалық актілеріне сәйкес республикалық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарды жариялау үшін мерзімдік басылымды айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
      31) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       13-бап. Тиісті саланың уәкілетті органының құзыреті

      Тиісті саланың уәкілетті органы:
      1) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен белгіленген құзыретіне сәйкес республикалық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) мемлекеттің тиісті салада мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі саясатын іске асырады;
      3) бюджеттен қаржыландырылатын республикалық кәсіпорын қызметінің басым бағыттарын және жұмыстарының (қызмет көрсетулерінің) міндетті көлемін айқындайды;
      4) республикалық мекеме қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындайды;
      5) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық) айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;
      6) республикалық кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды және бекітеді;
      7) республикалық заңды тұлға мүлкінің сақталуына және осы мүліктің мақсатына сәйкес тиімді пайдалануына бақылауды жүзеге асырады;
      8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық заңды тұлғаға берілген немесе өзінің меншікті шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүліктің алып қойылуына немесе қайта бөлінуіне келісімін береді;
      9) республикалық заңды тұлғаларға басқаруды жүзеге асырады;
      10) республикалық мемлекеттік мекемелердің жарғысын (ережесін) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітеді;
      11) республикалық заңды тұлғаның жылдық қаржы есебін бекітеді;
      12) республикалық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) баға белгілейді;
      13) республикалық мемлекеттік мекемелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарын бекітеді;
      14) республикалық мемлекеттік мекемелердің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      15) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
      16) Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыру туралы шешімінің жобасын әзірлейді;
      17) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқығын жүзеге асырады;
      18) акционер (қатысушы) ретіндегі мемлекеттің құқықтары өзіне берілген жағдайларда, жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын, акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің және қадағалау кеңесінің құрамына өз өкілін тағайындайды, ал мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде - директорлар кеңесіне немесе қадағалау кеңесіне кандидатураларды акционерлердің жалпы жиналысына немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыларға бекітуге ұсынады;
      19) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілін тиісінше мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің немесе мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қадағалау кеңесінің құрамына енгізуді қамтамасыз етеді немесе қажетті шаралар қабылдайды;
      20) мәліметтер дайындайды, оның ішінде өзінің басқаруындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың және осы мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізілімінде көрсету үшін оларға қатысты мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын жүзеге асыратын мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесін дайындайды;
      21) ұлттық холдингті басқару жөніндегі оған қатысты акционер ретінде мемлекет құқығын жүзеге асыратын ұлттық холдинг қызметінің негізгі принциптері туралы Меморандум әзірлейді;
      22) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      14-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың), ауданның (облыстық маңызы бар
              қаланың) мәслихатының коммуналдық меншікті
              басқару жөніндегі құзыреті

      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты:
      1) коммуналдық мемлекеттік мүлікті басқару саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдайды;
      2) коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынасты реттейтін нормативтік құқықтық актілердің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық мүлкін дамытуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлейді;
      4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      15-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) жергілікті атқарушы органының
              құзыреті

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:,
      1) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының жұмысын үйлестіреді;
      3) облыстық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
      4) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалық актісіне сәйкес коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттықты өткізу туралы хабарды жариялау үшін мерзімді басылымды анықтау жөнінде конкурс өткізеді;
      6) облыстық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу, оларды құру немесе олардан шығу туралы шешімдер қабылдайды;
      7) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін), оған өзгертулер мен толықтырулар енгізуді бекітеді немесе осыған мемлекеттік мүлік жөніндегі облыстық уәкілетті органға уәкілдік береді;
      8) коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітеді;
      9) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      10) облыстық коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      11) акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестерді облыстық коммуналдық мүлік құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
      12) осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларда және тәртіпте облыстық коммуналдық мүлікті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық мүлік деңгейіне беру туралы шешім қабылдайды;
      13) мәдени және тарихи құндылықтардың пайдалану жай-күйі мен ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді, мәдени және тарихи құндылықтарды меншік иесінен мемлекеттің сатып алуы немесе оларды жария сауда-саттықта сату жолымен алып қою туралы талаппен сотқа шағымдану туралы шешім қабылдайды;
      14) облыстық коммуналдық мүлікті пайдалану, оның ішінде оны кепілге, жалға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдайды;
      15) төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген шарттармен мүлікті реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
      16) осы заңның 4-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда реквизицияланатын мүлікке ақшалай өтем төлейді;
      17) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде өтем төлейді;
      18) мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою рәсімінің басталғаны, оның тоқтатылуы немесе мүлікті алып қою туралы шешім қабылдайды;
      19) орман қоры жерлерін қоспағанда, осы Заңның 72-бабында көзделген жағдайларда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою туралы шешім қабылдайды;
      20) мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қойған кезде өтемді ақшалай немесе өзге де мүлікпен төлеу туралы келісім жасайды;
      21) облыстық коммуналдық мүліктің пайдаланылуына және сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді;
      22) коммуналдық мүліктің есебін ұйымдастырады, оның тиімді пайдалануын қамтамасыз етеді;
      23) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Осы Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқарудың деңгейі облыстың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқарудың деңгейіне теңестіріледі.

      16-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)
              жергілікті атқарушы органының құзыреті

      1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:
      1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық мүлкін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
      3) жекешелендіру облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімімен жүргізілуі мүмкін аудандық коммуналдық мүлік объектілері тізбесіне қосылған аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру жөнінде облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімін алады;
      4) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) коммуналдық мүлкін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалық актісіне сәйкес коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттықты өткізу туралы хабарды жариялау үшін мерзімді басылымды айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
      6) азаматтарға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, кейіннен сатып алу құқығымен немесе шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен беру құқығымен аудандық коммуналдық мүлікті мүліктік жалға алуға (жалға), сенімгерлік басқаруға береді;
      7) аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ акционерлік қоғамдарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысу, оларды құру немесе олардан шығу туралы шешімдер қабылдайды;
      8) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін) бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді немесе осыған мемлекеттік мүлік жөніндегі аудандық жергілікті атқарушы органға уәкілеттік береді;
      9) аудандық коммуналдық мүлікті аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітеді;
      10) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      11) аудандық коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      12) аудандық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалға алуға (жалға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
      13) төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген шарттармен мүлікті реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
      14) осы заңның 4-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда реквизицияланатын мүлікке ақшалай өтем төлейді;
      15) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекеттік мұқтаждықтар үшін мүлікті алып қою кезінде өтем төлейді;
      16) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған, мұрагерлік құқық бойынша мемлекетке өткен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени және тарих ескерткіштерге жатқызылатын зат жоқ мұраның үлесін аудандық коммуналдық мүліктің есебіне алынуын, сақталуын, бағалануын және одан әрі пайдалануын ұйымдастырады;
      17) мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою рәсімінің басталғаны, оның тоқтатылуы немесе мүлікті алып қою туралы шешімдер қабылдайды;
      18) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қойған кезде өтеуді ақшалай немесе өзге де мүлікпен төлеу туралы келісім жасайды;
      19) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Осы Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарына осы баппен жүктелген функцияларды республикалық маңызы бар қалада (астанада) қалалық атқарушы органдар жүзеге асырады.

2 бөлім. Мемлекеттің мүліктік құқықтарды иеленуі

3-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарды иелену негіздері

      17-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарды иелену
              негіздерінің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқықтарды иелену негіздері:
      1) республикалық бюджеттің түсімдері;
      2) республикалық заңды тұлғалардың мүлікті иеленуі;
      3) тәркілеу;
      4) мүлікті коммуналдық мүлік құрамынан республикалық мүлік құрамына беру;
      5) мүлікті азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және т.б.) негізінде иелену және жасау;
      6) стратегиялық объектілерді сатып алуға басым құқықты іске асыру;
      7) соттың шешімі бойынша ұқыпсыз ұсталынған мәдени немесе тарихи құндылықтарды сатып алу;
      8) оған құқықты қайта ресімдеген кезде, жеке меншікте тұрған, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлесіне мемлекеттік меншік құқығын иелену;
      9) мұрагерлік, сыйға тарту немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтар мүлкінің республикалық мүлік құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
      10) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою: мүлікті реквизициялау, мүлікті мемлекет меншігіне алу және жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару;
      11) шарт бұзылғанға немесе өзгергенге дейін міндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасы орындағанды қайтару;
      12) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген өзге де негіздер.
      2. Әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық мүлік құқығын иеленуіне мыналар негіз болып табылады:
      1) жергілікті бюджеттің түсімі;
      2) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлікті иеленуі;
      3) иесіз және тәркіленген мүліктің коммуналдық мүлік құрамына түсуі;
      4) мүлікті республикалық мүлік құрамынан коммуналдық мүлік құрамына беру;
      5) мүлікті азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде иелену және жасау;
      6) өз бетімен салынған құрылысқа соттың шешімі бойынша құқықты иелену;
      7) ұқыпсыз ұсталған мәдени немесе тарихи құндылықтарды соттың шешімі бойынша сатып алу;
      8) мұрагерлік, иесіз мүліктің өтуі, сыйға тарту немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтар мүлкінің коммуналдық мүлік құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
      9) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою: мүлікті реквизициялау, жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару;
      10) шарт бұзылғанға немесе өзгертілгенге дейінгі міндеттемелер бойынша әкімшілік-аумақтың бірлік орындағанды қайтаруы;
      11) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген өзге де негіздер.

      18-бап. Мемлекеттік бюджетке жатқызылатын мүлікке
              құқықтарды иелену

      Бюджетке жатқызылатын мүлікке құқықтарды иелену бюджет қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актісімен айқындалады.

       19-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеленуі

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен тыйым салынбаған, өндірістік-шаруашылық қызметтің нәтижесінде немесе өзге де негіздер бойынша республикалық және коммуналдық заңды тұлғалардың мүлікті иеленуі, осы мүлікке Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің құқықтарды иеленуіне және оны мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікке жатқызуға негіз болып табылады.

      20-бап. Тәркіленген мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына
              түсуі

      Тәркіленген мүліктің мемлекеттік немесе коммуналдық мүлік құрамына түсуі осы Заңның 216-218, 220, 221-баптарында айқындалған шарттар мен тәртіпте жүзеге асырылады.

      21-бап. Иесіз жылжымайтын затқа мемлекеттік меншік
              құқығын иелену

      1. Иесіз жылжымайтын затты оның аумағында табылған республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органының өтініші бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асыратын орган есепке алады. Иесіз жылжымайтын затты есепке қойған күннен бастап бір жыл өткенде, жергілікті атқарушы орган осы заттың аудандық коммуналдық меншікке түскенін тану туралы талаппен сотқа жүгіне алады. Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актілеріне сәйкес жер учаскесі, иесіз жылжымайтын зат ретінде оның аумағында табылған республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органының өтініші бойынша есепке алынады.
      2. Азаматтар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленген, иесіз жылжымайтын зат есепке қойылмайды және аудандық коммуналдық меншікке берілмейді.
      3. Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы пайда болғанға дейін кез келген уақытта меншік иесінің өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесіз ретінде есептен шығару және оны өзінің нақты иелігіне қайтадан қабылдау туралы өтініш жасауға құқылы.
      4. Иесіз жылжымайтын зат ретінде есепке алынған жер учаскелеріне мемлекеттің құқықтарды иелену ерекшеліктері Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актілерімен белгіленеді.

      22-бап. Меншік иесі бас тартқан жылжымалы затқа
              мемлекеттік меншік құқығын иелену

      1. Меншік иесі тастап кеткен немесе оларды (тастап кеткен заттар) меншік құқығынан бас тарту мақсатында өзі өзгеше түрде қалдырған жылжымалы заттар осы бапта көзделген жағдайлар мен тәртіпте мемлекеттік меншікке айналдырылуы мүмкін.
      2. Өзінің пайдалануындағы жер учаскесінде тасталған, құны тиісті жиырма айлық есептік көрсеткіштен анық төмен затты не тасталған металл сынықтарын, жарамсыз өнімді мемлекеттік заңды тұлға оларды пайдалануға кірісе отырып немесе заттарды шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға қосқанын куәландыратын өзге де іс-қимылдар жасай отырып, осы заттарды өзінің шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына пайдаланады.
      Осындай мүлік мемлекеттік меншікте болған және пайдалануға берілмеген жерден табылған жағдайда, мүлікті аудандық коммуналдық мүлік құрамына қабылдау қажет кезде ол ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша жергілікті қазынаға келіп түседі.
      3. Мүлікті аудандық коммуналдық мүлік құрамына қабылдау қажеттігі туралы мәселе қаралған кезде:
      1) мүлікті мемлекеттік мүлік құрамына қабылдаудың экономикалық тұрғыдан орындылығы;
      2) мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына ауыстырылғаннан кейінгі мақсаты мен пайдаланылуы негізгі өлшемдер болып табылады.
      4. Мүлікті аудандық коммуналдық мүлік құрамына қабылдау қажет болмаған жағдайда, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мүлікті осы бапта белгіленген тәртіппен осы Заңның 219-бабының ережелеріне сәйкес одан әрі іске асыру үшін аудандық коммуналдық мүлік құрамына қабылдай алады.
      5. Меншік иесі тастап кеткен, құны жиырма айлық есептік көрсеткіш және одан жоғары жылжымалы мүлік өзіне иелік етуге кіріскен мемлекеттік заңды тұлғаның шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына келіп түседі немесе олар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының иеленуіне келіп түскен жағдайда - егер мемлекеттік заңды тұлғаның немесе жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша осындай затты сот иесіз деп таныған жағдайда аудандық қазынаның құрамына келіп түседі.

       23-бап. Мүлікті бюджет қаражаты есебінен иелену

      1. Бюджет қаражаты есебінен мүлікті иелену мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің талаптары мен ережелерін сақтай отырып, мүлікті иелену туралы азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау, жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету (сатып алу-сату, мердігерлік, өтеулі қызмет көрсету және басқалары) негізінде жүзеге асырылады.
      2. Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестерді иелену, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына акциялар пен салымдарды төлеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актісінде көзделген тәртіпте бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      24-бап. Мұрагерліктің және иесіз қалған мүліктің
              мемлекеттік мүлік құрамына енуі

      1. Азамат қайтыс болған жағдайда оған тиесілі мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен өсиетке сәйкес мемлекетке өтуі мүмкін.
      2. Егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаса, не Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагерлердің ешқайсысы мұраға алу құқығына ие болмаса, не олардың барлығы мұрадан бас тартса, азамат қайтыс болғаннан кейін қалған мұра иесіз қалған мүлік деп танылады. Иесіз қалған мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен мұраның ашылу орны бойынша аудандық коммуналдық меншік құрамына өтеді.

       25-бап. Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқығын иелену

      1. Азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мүлікті сыйға тарту шартына мемлекет Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 27-тарауының ережелерін осы бапта белгіленген ерекшеліктермен қолданады.
      Лауазымдық жағдайына байланысты немесе өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілетін сыйлықтарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңның 222-бабында айқындалады.
      2. Сыйға тарту шарты бойынша мүлікке құқықтарды иелену Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Жер учаскелерін жеке меншіктен мемлекет меншігіне сыйға тарту шарты негізінде беру Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актісінде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
      4. Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік мүлік құрамына жалпыға бірдей пайдалы мақсатта (қайырымдылық) беру Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      26-бап. Мүлікті мемлекет иелігіне алу, реквизициялау
               немесе мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде
               құқықтарды иелену

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу, реквизициялау немесе мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде құқықтарды иеленуді мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген шарттар мен тәртіпте жүзеге асырады.
      2. Мемлекет иелігіне алу, реквизициялау немесе мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде мүлікті иелену бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      3. Мемлекет иелігіне алу, реквизициялау немесе мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде мемлекет иеленген мүлік мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға түседі.

      27-бап. Көмбеге мемлекеттік меншік құқығын иелену

      1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мемлекет меншігіндегі жер учаскесінде немесе өзге де жылжымайтын мүлікте табылған көмбе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 247-бабының 1-тармағына сәйкес, олардың арасында шартпен өзгеше белгіленбегендіктен, мемлекеттік меншікке және көмбені тапқан адамға тең үлестерде бөлінеді.
      2. Егер көмбе тарих және мәденйет ескерткіштеріне жатқызылатын затта болса, ол Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге жатады. Осындай көмбе табылған жылжымайтын мүлік иесі және көмбені тапқан адам, егер олардың арасында шартпен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес көмбе құнының мөлшерінде тең үлеспен сыйақы алуға құқылы. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатқызылған заттар бар олжа мемлекетке тиесілі жер учаскесінде немесе өзге де жылжымайтын мүлікте табылған жағдайда, көмбені тауып алған адам осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.
      3. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатқызылатын заттары бар көмбені тапқаны үшін сыйақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актісімен айқындалған тәртіпте бюджет қаражатынан жүргізіледі.

      28-бап. Олжаға мемлекеттік меншік құқығын иелену

      1. Үй-жайдан немесе көліктен табылған мемлекетке тиесілі зат не меншік иесі немесе орналасқан жері белгісіз зат Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 245-бабының ережелеріне сәйкес жалпы негіздемеде аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда олжа аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
      Зат аудандық коммуналдық меншікке өткен жағдайда тауып алушы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан затты сақтауға, өткізуге және сатуға байланысты қажетті шығыстардың өтемін алуға құқылы.

      29-бап. Қараусыз жануарларға мемлекеттік меншік құқығын
              иелену

      1. Ұстауы мен пайдалануында қараусыз жануарлар бар адам өзінде ұсталған жануарларды меншігіне иеленуден бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органы айқындаған тәртіппен пайдаланылады.
      2. Жануарлар мемлекет меншігіне өткеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген жағдайда, бұрынғы меншік иесіне осы жануарлар тарапынан оған үйірсектігі сақталғаны туралы немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағандығы туралы куәландыратын мән-жайлар болған кезде, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті мемлекеттік атқарушы органымен келісім бойынша айқындалатын шарттармен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде - сот арқылы бұрынғы меншік иесі оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.

      30-бап. Өз бетімен салынған құрылысқа мемлекеттік меншік
              құқығын иелену

      Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануда болмаған жер учаскелерінде (мемлекетке тиесілі жердің қалыптастырылмаған жер учаскелерінде) тұлға өз бетімен салған құрылыс оның әлеуметтік-экономикалық орындылығы ескеріле отырып, айрықша жағдайларда, құрылыс шығыстары сот айқындаған мөлшерде өтеле отырып, аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.
      Мемлекеттік жерді пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскелерінде өз бетімен құрылыс салуды жүзеге асыру кезінде әлеуметтік-экономикалық орындылықты ескере отырып, өз бетімен салынған құрылыс құрылысқа жұмсалған шығыстарды бюджет қаражатынан сот айқындаған мөлшерде өтеумен аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.

      31-бап. Күтімсіз ұсталған мәдени және тарихи
              құндылықтардың мемлекеттік мүлік құрамына енуі

      1. Мәдени және тарихи құндылықтарға жатқызылған заттардың меншік иесі Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес ерекше бағалы және мемлекет қорғайтын осы құндылықтарды күтімсіз ұстаса, олардың өз маңызын жоғалту қатерін төндірсе, осындай құндылықтарды мемлекет меншік иесінен осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, сот шешімі бойынша сатып алуы немесе жария саудаға салып сату арқылы алып қоюы мүмкін.
      2. Мәдени және тарихи құндылықтар сатып алынған кезде меншік иесіне тараптардың келісуімен, ал дау туған жағдайда сот белгілеген мөлшерде олардың құны өтеледі. Жария саудаға салып сатқан кезде меншік иесіне сатудан түскен сома сауданы өткізу шығындары шегеріліп беріледі.
      3. Күтімсіз ұсталған мәдени және тарихи құндылықтарды меншік иесінен алып қою тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесі бойынша жүргізіледі.
      Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау азаматтар мен заңды тұлғалардың мәдени және тарихи құндылықтарды қорғау мен пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын және күтімсіз ұсталған мәдени және тарихи құндылықтардың мемлекет меншігіне өтуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Мәдени және тарихи құндылықтардың барлық санатын пайдаланудың жай-күйі мен ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды тиісті саладағы уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар мәдени және тарихи құндылықтарға қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
      5. Мәдени және тарихи құндылықтардың пайдалану жай-күйі мен ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде оларды күтімсіз ұстау фактілері анықталған жағдайда, мәдени және тарихи құндылықтардың меншік иесіне мәдени және тарихи құндылықтардың      сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемесін бұзғаны және осындай бұзушылықтарды ұйғарымда көрсетілген мерзімде жою туралы ұйғарым беріледі.
      6. Мәдени және тарихи құндылықтардың меншік иесі оларды сақтау бойынша міндеттемені бұзғанын жоймаған жағдайда, халықаралық және республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерге қатысты тиісті саладағы уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерге қатысты - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары мәдени және тарихи құндылықтарды меншік иесінен мемлекеттің сатып алуы немесе оларды жария саудада сату жолымен алып қою туралы талаппен сотқа жүгіну туралы шешім шығарады.
      7. Халықаралық және республикалық маңызы бар мәдени және тарихи құндылықтарды мемлекет соттың шешімі бойынша алып қою жағдайында олар республикалық мүлік құрамына, ал жергілікті маңызы барлар - коммуналдық мүлік құрамына енеді.

      32-бап. Жеке меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы
              жер учаскесіне мемлекеттік меншік құқығын алу

      Жеке меншіктегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне мемлекеттік меншік құқығын алу жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жер туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.

      33-бап. Шартты бұзу немесе өзгерту және мәмілелерді
              жарамсыз деп тану кезінде мүлікті қайтару
              жағдайында мемлекеттік мүлікке құқықтың туындауы

      1. Мемлекеттік мүліктің шартты бұзу немесе өзгертуге дейін азаматтың немесе заңды тұлғаның жеке меншігіне өту негізінде шартты бұзу немесе өзгерту жағдайында, егер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерде немесе тараптардың келісімдерінде өзгеше көзделмесе, тараптардың бұзу немесе өзгертуге дейін өздерінің міндеттемесі бойынша орындалғандарды қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
      2. Сот мемлекеттік мүлік азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне жарамсыз мәміле негізінде өтті деп таныған жағдайда, ондай мүлік мемлекетке қайтарылады, ал мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, оның құны ақшалай өтеледі.

       34-бап. Мемлекеттік меншік құқығының презумпциясы

      1. Егер Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу жүйесін енгізуге дейін мемлекеттік заңды тұлғаның балансына қойылған ғимаратына, құрылыстарына және өзге де жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дау болмаса, қажетті құқық белгілеуші құжаттар болмаған жағдайда, осы мүлікке мемлекеттік меншік құқығы осындай мүліктің мемлекет мүлкі құрамында болуы туралы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның құжаттарымен расталуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда, көрсетілген мүлікке меншік құқығы мүдделі тұлғаның талабы негізінде сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан және азаматтар мен заңды тұлғалардың меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ археология ескерткіштерінің барлық түрлері, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалармен байланысты ескерткіш орындары, қала құрылысы мен архитектура ескерткіштері, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен тарихи және мәдени ескерткіштер ретінде танылған тарихи-мәдени ландшафттар Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

4-тарау. Мүлікті реквизициялау

$ 1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау

      35-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялауды
              жүргізу жағдайлары мен аумақтары

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау халықты, қоршаған орта мен шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілдендірілген қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз кездегі ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау төтенше жағдайлар аймағымен (төтенше жағдай туындаған белгілі бір аумақпен) және/немесе төтенше жағдайлар аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жарияланған төтенше жағдайдың кезеңімен шектеледі. Төтенше жағдайлар аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жарияланған төтенше жағдайлар аймағынан тыс немесе төтенше жағдайлар кезеңінен тыс төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялауға рұқсат етілмейді.
      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулауды және жоюды қамтамасыз ету үшін қажетті азаматтығына және тіркеу орнына қарамастан, азаматтардың және заңды тұлғалардың мүлігіне қатысты жол беріледі.

      36-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялаудың
              негізгі мақсаты мен шарттары

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмектермен, тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау, жою жұмыстарының өзге де материалдық проблемаларын шешу үшін жүзеге асырылады.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау мүлікті уақытша толық көлемде алып қоюға байланысты туындаған реквизиция жасалатын мүлікті пайдалануға төлем жасау және залалды өтеу шарттарымен мүлікті уақытша алып қою жағдайында жүзеге асырылады.
      3. Мүлікті пайдалану кезінде ол едәуір нашарлаған жағдайда меншік иесі қайтарылған мүліктен бас тартуға және ұқсас мүлік беруді немесе реквизициядан туындаған шығындарды толық көлемде өтеумен алып қойылған мүліктің құнын талап етуге құқылы.
      4. Тұтынылатын заттар, оның ішінде тез бұзылатындары, меншік иесіне алып қойылған мүлікті мүліктің нарықтық құнын өтеу, сондай-ақ реквизициялаудан туындаған шығындарды өтеу жағдайымен толық көлемінде қайтарымсыз реквизициялауға жатады.
      5. Меншік иесіне мүліктің нарықтық құнымен алынатын мүлікті өтеу реквизиция күнінде немесе мүлік иесінің таңдауы бойынша мүліктің құнын өтеу күнінде айқындалады.
      6. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төтенше жағдайлар кезінде мүліктеріне реквизиция жасалынбайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      7. Мүліктің жекелеген түрлерін реквизициялау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленеді.

      37-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау
              негіздері

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар басталған кезде мүлікті реквизициялауға Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар туралы заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар туралы жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес жол беріледі.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдайды енгізу кезінде мүлікті реквизициялауға қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім негізінде және соған сәйкес жол беріледі.
      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялауға сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы уәкілетті органның ұйғарымы негізінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде жол беріледі.

      38-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау тәртібі

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жалпы басшылық пен реквизицияны қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген төтенше жағдайлардың түрі (объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық) мен жіктелуіне байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларға басшылық ететін уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Мүлікті реквизициялау облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
      3. Реквизиция туралы жергілікті атқарушы органның шешімі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы уәкілетті органның немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын авариялық-құтқару қызметтері басшыларының ұйғарымы негізінде шығарылады.
      4. Ұйғарым табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.
      5. Реквизиция туралы шешім мыналарды:
      1) реквизицияға жататын мүліктің тізімдемесін, меншік иесі және мүліктің орналасқан жері, реквизицияланатын мүлікті жинау жері туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді;
      2) жекелеген аудандық әкімшілік-аумақтық бірлікте реквизицияны бақылауға және қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
      3) жекелеген аудандық әкімшілік-аумақтық бірлікте мүлікті алып қоюды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
      4) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамалық
актілеріне сәйкес құрылатын бағалау комиссиясының саны мен дербес
құрамын;
      5) реквизициялауды жүргізу мерзімін;
      6) өтем төлеу мерзімдерін;
      7) реквизицияны жүргізуге қажетті өзге де мәліметтерді қамтуы тиіс.
      6. Қажет болған жағдайда, оның ішінде реквизицияға жататын мүліктің тізбесі, лауазымды тұлғалардың немесе бағалау комиссиясының дербес құрамы өзгерген кезде, шешімге тиісті өзгерістер енгізіледі.
      7. Реквизиция және оған кейіннен жасалатын барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы шешім бұқаралық ақпарат құралдарына қабылданған кезден бастап екі күн мерзімнен кешіктірмей жариялауға, сондай-ақ онымен еркін танысу үшін қолжетімді жерлерде, әкімшілік-аумақтық бірліктің барлық аудандарында орналастыруға жатады.

      39-бап. Өзіне қатысты реквизициялау туралы шешім
              шығарылған мүлікті алып қою

      1. Мүлікті алып қоюға дейін меншік иесі реквизиция туралы шешіммен жеке қол қою арқылы танысуға тиіс.
      2. Мүлікті алып қоюды мүлік иесінің (немесе оның өкілінің) және мүлікті алып қою туралы акт негізінде бағалау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен осыған уәкілетті лауазымды тұлғалар жүргізеді.
      3. Мүлікті алып қою туралы акт:
      1) реквизиция туралы шешімнің деректемелерін көрсете отырып реквизицияны жүргізу негіздемесін;
      2) мүлікті алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) реквизицияны жүргізетін лауазымды тұлға, бағалау комиссиясының құрамы мен мүшелерінің саны, реквизиция жасалатын мүліктің иелері, мүлікті алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағын, өлшемін, сапасы мен орау түрін, құқық белгілейтін құжаттарды, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді және өзге де жеке айқындалған сипаттарды көрсете отырып, реквизиция жасалатын мүліктің тізімдемесін;
      5) мүлікті бағалау мен өтем төлеудің мөлшері туралы мәліметтерді;
      6) егер мүлік қайтару шарттарында реквизицияланса, мүлікті қайтарудың болжамды мерзімін;
      7) өтемді төлеу мерзімі мен жауапты лауазымды тұлғаны көрсете отырып, оны төлеуді қамтамасыз ететін қаржылық органды көрсетуді;
      8) реквизиция және реквизиция жасалатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуы тиіс.
      4. Акт екі данадан кем жасалмайды, оған уәкілетті лауазымды тұлға, бағалау комиссиясының мүшелері мен мүліктің иесі (немесе оның уәкілетті өкілі) қол қояды және актінің бір данасы реквизиция жасалатын мүліктің иесіне немесе оның өкіліне беріледі. Актінің екінші данасы белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғаның есебімен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына жіберіледі.

      40-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар аймағында төтенше жағдайлар режимін
              енгізу кезінде реквизициялау ерекшеліктері

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдайлар режимін енгізу кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын авариялық-құтқару қызметінің басшысы өзінің жеке жауапкершілігімен қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті мүліктің реквизициясын дербес өткізуге құқылы.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүзеге асырылады, ол:
      1) реквизиция жүргізудің негіздемелерін;
      2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) лауазымын, атағы мен атын көрсете отырып, реквизицияны жүргізетін лауазымды тұлға туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелерін, реквизиция жасалатын мүліктің иесін, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағын, өлшемін, сапасы мен орау түрін, құқық белгілейтін құжаттарды, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді және өзге де жеке анықтамалық сипаттамаларды көрсете отырып, реквизиция жасалатын мүліктің тізімдемесін;
      5) мүлікті бағалау туралы мәліметтерді;
      6) реквизиция және реквизиция жасалатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуы тиіс.
      3. Актінің бір данасы реквизиция жасалатын мүліктің иесіне (немесе меншік иесінің өкіліне) беріледі.
      4. Алып қою туралы актіні қоса бере отырып, өткізілген реквизиция туралы есеп жасалады, ол белгіленген тәртіппен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою саласындағы уәкілетті органға және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына жіберіледі.

      41-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар аймағында құтқару және авариялық
              қалпына келтіруді жүргізу кезінде реквизициялау

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіруді жүргізу кезінде ерекше жағдайларда авариялық-құтқару қызметінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметінің жекелеген жасақтарының (бөлімшелерінің) қажеттілігі үшін мүлікті реквизициялауды осы жасақтың (бөлімшенің, экипаждың) бастығы дербес жүргізеді.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялар туралы акт негізінде жүргізіледі, ол:
      1) реквизициялауға негіз болған ерекше жағдайлар туралы нұсқауды;
      2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орнын;
      3) лауазымын, атағы мен атын көрсете отырып, реквизицияны жүргізетін лауазымды тұлға туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге де қажетті деректемелерді, реквизиция жасалатын мүліктің иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағын, өлшемін, сапасы мен орау түрін, құқық белгілейтін құжаттарды, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді және өзге де жеке-анықтамалық сипаттамаларды көрсете отырып реквизиция жасалатын мүліктің тізімдемесін;
      5) реквизиция және реквизиция жасалатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      3. Актінің бір данасы реквизиция жасалатын мүліктің иесіне (немесе меншік иесінің өкіліне) беріледі.
      4. Авариялық-құтқару қызметінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметі жасағының (бөлімшесінің) басшысы есеп пен реквизициялау туралы актіні қоса бере отырып, өткізілген реквизициялау туралы жоғарыда тұрған бастық арқылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге міндетті.

      42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде реквизицияланған мүлікті
              қайтару

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдайлар жойылған кезде немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тоқтатылған кезде реквизицияланған мүліктің иесі сақталған мүлікті осы бапта көзделген тәртіппен қайтаруды сот бойынша талап етуге құқылы.
      2. Мүлкін алып қойғаны үшін өтем алмаған реквизицияланған мүліктің иесі өзінің таңдауы бойынша мүлікті қайтаруды және залалды өтеуді не өтемді толық көлемде беруді талап етуге құқылы. Ішінара өтем алған меншік иесінің де осындай құқығы бар. Ішінара өтем алған меншік иесіне мүлікті қайтару кезінде шығындарды өтеу төленген сомалар ескеріле отырып жүргізіледі.
      3. Толық көлемде өтем алған реквизицияланған мүліктің иесі мүліктің қайтарылу күнгі бағасы бойынша сақталған мүлікті басымдықпен, бірақ алынған өтем сомасынан асырмай сатып алуға құқылы.
      4. Мүліктің жекелеген түрлерін қайтарудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының жер, мұнай, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актілермен және Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерімен белгіленеді.

       43-бап. Мүлікті реквизициялау үшін ақшалай өтем төлеу

      1. Реквизиция жасалатын мүлік үшін ақшалай өтем Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді.
      2. Өтем реквизиция туралы шешімде көрсетілген мерзімде, мүлікті алып қою туралы актіге қол қойылған күннен бастап алпыс күннен кешіктірмей төленуі тиіс.
      3. Өтемді төлеудің мерзімі өткен кезде, қарыздың сомасына нақты төлеу күніне Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасы негізінде есептелетін мөлшерде айыппұл есептелінеді.

      44-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде реквизицияланған мүлікті
              есепке алу

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизицияны жүзеге асыратын орган реквизицияланған мүліктің бастапқы есебін жүргізуге міндетті, онда алып қойылған мүліктің тізбесі және реквизицияланған мүлікті пайдалану үшін берілген авариялық-құтқару қызметінің бөлімшелері немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
      2. Реквизицияланған мүлік қозғалысының одан әрі есебі  реквизицияланған мүлікті есепке алу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мұқтажы үшін алып қойылғандар мен берілгендерді пайдалану есебінің жүйесін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      45-бап. Мүлікті реквизициялау кезінде меншік иесінің
              құқығына кепілдік беру

      1. Реквизицияны жүргізу кезінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
      2. Реквизиция, сондай-ақ реквизицияланған мүлікті бағалау және оған өтем жасау мөлшері, оның ішінде өтелетін шығындардың мөлшері туралы шешімнің заңдылығына реквизицияланған мүліктің иесі сот тәртібімен дауласа алады.
      3. Реквизицияланған мүлік иесінің мүліктің реквизициядан туындаған құнын және шығындарды өтеу туралы талабына талап қоюдың мерзімі таратылмайды.

$ 2 Қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау ерекшеліктері (соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында)

      46-бап. Соғыс жағдайы кезеңінде қорғаныс мұқтажы үшін
              мүлікті реквизициялаудың негіздері мен тәртібі

      1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру хабарландырылған (толық немесе ішінара) жағдайда мүлікті қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялау Қазақстан Республикасының Жұмылдыру жоспарына және тиісті есепті жылға арналған өндіріс және қызмет көрсету жоспарына сәйкес жүргізіледі.
      2. Соғыс жағдайы енгізілген және соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету шаралары ретіндегі қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау Қазақстан Республикасы Президентінің соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығымен бекітілетін соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі.
      3. Бұдан әрі, қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті қосымша реквизициялау қорғаныс мұқтажын және соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету үшін штаб бастықтары комитетінің немесе әскери басқарудың жергілікті органдарының (штаб бастықтары комитетінің келісімі бойынша) ұйғарымы бойынша жүзеге асырылады.
      4. Қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау облыстың (астананың және республикалық маңызы бар қаланың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімдері негізінде Штабтар бастықтары комитетінің, әскери басқарудың жергілікті органдарының, жұмылдыру органдарының немесе жоғарыда тұрған әскери органдардың жазбаша бұйрықтары негізінде осындай өкілеттік берілген әскери бөлімдердің командирлерінің ұйғарымдары бойынша жүзеге асырылады.
      5. Әскери органдар мен әскери бөлімдердің қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау жөніндегі қызметіне жалпы басшылық жасауды және үйлестіруді Қазақстан Республикасының қарулы күштері туралы Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің, Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының жалпы әскери жарғыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас қолбасшысының бұйрықтары негізінде жүзеге асырылады.
      6. Жергілікті атқарушы органның реквизициялау туралы шешімі әскери органдардың қарулы күштер және соғыс жағдайы туралы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіпте шығарылған (Штабтар бастықтары комитетінің, жұмылдыру органдарының, жергілікті әскери органдардың) ұйғарымдары негізінде шығарылады.
      7. Ұйғарым мүлікті қорғау мұқтажы үшін қажет мәліметтерді қамтуы тиіс.

      47-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын
              мүлік

      1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру хабарландырылған кезде Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарына сәйкес автокөлік құралдары және өзге де мүліктер реквизициялауға жатқызылады.
      2. Соғыс жағдайы енгізілген және соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету шарасы ретінде мүлікті реквизициялау қажеттілігі танылған кезде реквизициялауға жатқызылатын мүліктің тізбесі соғыс  жағдайы режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарымен айқындалады.
      3. Соғыс жағдайы кезеңінде қосымша реквизициялау қажеттігі жағдайында реквизициялауға жатқызылатын мүліктің тізбесі әскери органдардың ұйғарымына сәйкес айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық  шарттарға сәйкес мүліктері қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланбайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайды.
      5. Жеке тұлғалардың реквизициялауға жатқызылмайтын мүліктерінің тізбесі мен нормативтерін Қазақстан Республикасының халқын соғыс уақытында жабдықтау нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      48-бап. Соғыс жағдайында қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті
              реквизициялаудың ерекшеліктері

      1. Соғыс уақытында соғыс қимылдары жүріп жатқан және жергілікті билік органдары жұмыс істемейтін аумақта Штаб бастықтарының комитеті бұл туралы кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне хабарлай отырып, мүлікті қорғаныс мұқтажы үшін қажетті реквизициялауды дербес жүргізеді. Реквизициялауды жүргізу үшін Штаб бастықтарының комитеті қарулы күштерді қамтамасыз етудің жедел жоспарлары негізінде жергілікті әскери органдарға немесе әскери бөлімдердің командирлеріне жазбаша ұйғарым береді. Ұйғарым сондай-ақ жергілікті әскери органдардың немесе әскери бөлімдер командирлерінің өтініштері бойынша да берілуі мүмкін.
      2. Мүлікті реквизициялауды ұйғарым берілген жергілікті әскери органдардың бастықтары не уәкілетті әскери лауазымды тұлғалардың жазбаша бұйрықтарымен өздері тағайындаған әскери бөлімдердің командирлері тікелей жүргізеді.
      3. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт негізінде жүзеге асырылады, ол:
      1) Штабтар бастықтары комитетінің ұйғарым деректемелері көрсетілген реквизициялау жүргізу туралы негіздемені;
      2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орнын;
      3) лауазымын, атағын және атын көрсете отырып, реквизициялау
жүргізетін лауазымды тұлға туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті тұлғаны тағайындау туралы бұйрықтың, реквизицияланатын мүліктің меншік иесінің, алып қою кезінде қатысқан өзге де тұлғалардың деректемелерін;
      4) салмағын, мөлшерін, сапасы мен орау түрін, құқық белгілейтін құжаттарды, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді және өзге де жеке айқындамалық сипаттамаларды көрсете отырып, реквизиция жасалатын мүліктің тізімдемесін;
      5) мүлікті бағалау туралы мәліметтерді;
      6) реквизиция және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуы тиіс.
      4. Жүргізілген реквизиция туралы есеп жасалады, ол алып қоюлар туралы қоса берілген актілермен белгіленген тәртіппен жоғарыда тұрған басшылық арқылы Штаб бастықтары комитетіне жіберіледі.

      49-бап. Соғыс қимылдары жүргізілген кезде қорғаныс
              мұқтажы үшін мүлікті реквизициялаудың
              ерекшеліктері

      1. Ерекше жағдайларда соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақта жекелеген әскери бөлімдердің мұқтажы үшін мүлікті реквизициялауды әскери бөлімнің командирі дербес жүргізеді.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт негізінде жүргізіледі, ол:
      1) реквизициялау үшін негіз болған ерекше мән-жайларды көрсетуді;
      2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орнын;
      3) лауазымын, атағын және атын көрсете отырып, реквизициялауды жүргізетін әскери бөлім командирі туралы мәліметтерді, сондай-ақ егер реквизиция тағайындалған тұлғамен жүргізілсе, реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы жазбаша бұйрықтың, реквизицияланатын мүлік иесінің, алып қою кезінде қатысқан өзге де тұлғалардың деректемелерін;
      4) салмағын, мөлшерін, сапасы мен орау түрін, құқық белгілейтін құжаттарды, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді және өзге де жеке айқындамалық сипаттамаларды көрсете отырып, реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
      5) реквизициялау және реквизиция жасалатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      3. Актінің бір данасы реквизиция жасалған мүліктің иесіне (немесе меншік иесінің өкіліне) беріледі.
      4. Әскери бөлімнің командирі реквизициялау туралы есеп пенактіні қоса беріп жоғарыда тұрған басшы арқылы Штабтар бастықтары комитетіне жүргізілген реквизициялау туралы дереу хабарлауға міндетті.
      5. Штабтар бастықтары комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметіне реквизицияланған мүліктің меншік иелеріне кейіннен өтем жасау үшін мүлікті алып қоюды жүргізу есебін және реквизициялау туралы актіні қоса беріп, соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақта мүлікті реквизициялау жүргізілгендігі туралы дереу хабарлауға міндетті.
      6. Соғыс қимылдарын жүргізген кезде реквизицияланған мүлікке өтем Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актісіне сәйкес республикалық бюджет қаражатынан төленеді.

      50-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға
              жатқызылатын және қорғаныс мұқтажы үшін
              реквизицияланған мүлікті есепке алу

      1. Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды және мемлекеттік резервтер жүйесін жасау жөніндегі іс-шаралары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша автокөлік құралдары және өзге де мүлік қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау мақсатында бейбіт уақытта есепке алуға жатады.
      2. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын мүлікті бейбіт уақытта есепке алуды жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы уәкілетті орган мүліктің жекелеген түрлерін тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың немесе өзге де мемлекеттік ұйымдардың, мүлікті реквизициялау үшін қажетті ақпарат бар мемлекеттік статистика органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың деректері негізінде жүргізеді.
      3. Мемлекеттік органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы органдарға қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жатқызылатын мүлікке қатысты ақпарат беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялануға жатқызылатын мүлікті есепке алу бейбіт уақытта осы мүлікті еркін иелену, пайдалану немесе билік ету құқығын шектеуі тиіс емес.
      5. Реквизицияланған мүлікті бастапқы есепке алуды жергілікті әскери органдар жүргізеді, онымен алып қойылған мүліктің тізбесі және реквизицияланған мүлік пайдалану үшін берілген әскери бөлімдер немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтер айқындалуға тиіс.
      6. Реквизицияланған мүліктің одан әрі қозғалысын есепке алу әскери мүлікті есепке алу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Қорғаныс мұқтажы үшін алып қойылған және пайдалануға берілген мүлікті есепке алу жүйесін Штабтар бастықтарының комитеті ұйымдастырады.

5-тарау. Мемлекет иелігіне алу

       51-бап. Мемлекет иелігіне алуды жүзеге асыру принциптері

      1. Мемлекет иелігіне алу тиісті заң тәртібін сақтай отырып Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық мүддеге орай жүзеге асырылуы және мемлекет иелігіне алынатын мүлік пен басқа да шығындардың нарықтық құнын Қазақстан Республикасы алдын ала және тең бағалы өтеу жағдайында кемсітулерсіз жүргізілуі мүмкін.
      2. Мемлекет иелігіне алу азаматтың және мемлекеттік емес заңды тұлғаның меншігіндегі мүлікті иеліктен шығарудың айрықша жағдайы (айрықша нысаны) болып табылады және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген мүлікті иеліктен шығарудың барлық өзге де мүмкін нысандары толық бітірілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
      3. Мемлекет иелігіне алу мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің жариялылығын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.
      4. Мемлекет иелігіне алынатын мүлік иесінің құқығын қорғауды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сот жүзеге асырады.
      5. Мемлекет иелігіне алынатын мүлік иесі осы Заңның 66-бабында көзделген келісім рәсімдеріне бастамашылық етуге құқылы.

       52-бап. Мемлекет иелігіне алу негіздері

      Мүлікті мемлекет иелігіне алу осы Заңға, Қазақстан Республикасының бюджет қызметін реттейтін заңнамалық актісіне және мүлікті мемлекет иелігіне алуды жүзеге асыруға арналған шығындарды қаржыландыруды көздейтін тиісті жылға арналған бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қабылданатын Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасының заңы негізінде жүзеге асырылады.

      53-бап. Мүлікті мемлекет иелігіне алуды жүзеге асыру
              рәсімдерінің басталуы

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы шешімді Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депуттатарының заңнамалық бастамаларын іске асыру жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы қаулысы мүліктің иесіне (иелеріне) жазбаша нысанда оны қабылдаған күннен бастап үш күн мерзімде хабардар етіледі.
      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында оны қабылдаған күннен бастап үш күн мерзімде жариялануы тиіс.
      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы қаулысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      54-бап. Банкроттық кезінде мүлікті мемлекет иелігіне алу
              жөніндегі шектеулер

      1. Банкроттық туралы іс немесе осы тұлғаны банкрот деп тану туралы қабылданған шешім бойынша іс қозғалған жағдайда тұлғаның мүлкін мемлекет иелігіне алуға рұқсат етілмейді.
      2. Банкроттық туралы іс қозғалған жағдайда мемлекет иелігіне алу рәсімі тұлғаны банкрот деп тану немесе танудан бас тартуға дейін тоқтатыла тұрады. Тұлғаны банкрот деп танудан бас тартылған кезде мемлекет иелігіне алу рәсімі жалғасады, ал банкрот деп тану туралы шешім қабылданған кезде мемлекет иелігіне алу рәсімі тоқтатылады. Оған қатысты банкрот деп тануға байланысты мемлекет иелігіне алу рәсімі тоқтатылған борышкердің мүлкі конкурстық (тарату) массасы құрамында иеліктен шығару кезінде Қазақстан Республикасы осындай мүлікті нарық құны бойынша сатып алудың басым құқығына ие болады.

      55-бап. Республикалық бюджет комиссиясының Мемлекет
              иелігіне алу туралы заңның жобасын қарауы

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы республикалық бюджет комиссиясының қарауына беріледі.
      2. Республикалық бюджет комиссиясы Қазақстан Республикасының Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы заңының жобасы жөнінде теріс шешім шығарса мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдері тоқтатуға жатады.

      56-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет
              иелігіне алу рәсімдерінің тоқтатылуы туралы
              қаулысы

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша республикалық бюджет комиссияның теріс шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекет иелігіне алу рәсімдерін тоқтату туралы қаулы қабылдайды.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерін тоқтату туралы қаулысы қабылданған күннен бастап үш күн мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануы тиіс.
      3. Залалдарды өтеу мөлшері туралы дауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот қарайды.

      57-бап. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан
              Республикасы заңының жобасын Қазақстан
              Республикасы Парламентіне енгізу туралы
              Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданған күннен бастап үш күн мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануы тиіс.
      2. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

      58-бап. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан
              Республикасының заңы

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасын Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының (депутаттарының) заңнамалық бастамалары іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының Парламенті мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасының заңын қабылдай алады.
      2. Қазақстан Республикасының Парламентінде Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы қабылданбаған жағдайда меншік иесіне және өзге де тұлғаларға келтірілген залалдар республикалық бюджеттен өтеуге жатады.
      3. Мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасы заңы қабылданған кезде құқықтары мүлкін мемлекет иелігіне алуға байланысты тоқтатылатын немесе мемлекет иелігіне алған кезде шектелетін меншік иесі мен өзге де тұлғаларға келтірілетін мемлекет иелігіне алынған мүліктің және өзге де залалдардың құнын меншік иесіне өтеудің мөлшерін азайтуға болмайды.

      59-бап. Мемлекет иелігіне алынатын мүліктің құнын өтеу
              мөлшері

      1. Мүлікті мемлекет иелігіне алған кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабы мен 266-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекет иелігіне алынатын мүліктің құны өтелуге жатады.
      2. Мемлекет иелігіне алынатын мүліктің иесіне төленетін өтемнің мөлшері мүліктің нарықтық құнын негізге ала отырып айқындалады.
      3. Өтем мөлшері бағалау (қайта бағалау) жүргізген күнге айқындалады.

       60-бап. Өтем төлеу тәртібі

      1. Мүліктің құнын және басқа залалдарды өтеу мемлекет иелігіне алынатын мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына өткенге дейін толық көлемде жүргізіледі.
      2. Өтемдерді төлеу ақшалай нысанда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгемен, ал егер мемлекет иелігіне алынған мүліктің иесі немесе құқықтары мүлкін мемлекет иелігіне алуға байланысты тоқтатылатын немесе мемлекет иелігіне алған кезде шектелетін өзге де тұлғалар шетел азаматы немесе шетелдік заңды тұлға болып табылған жағдайда - оның таңдауы бойынша шетел валютасында жүргізіледі.
      3. Өтемдерді төлеу Қазақстан Республикасының республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      4. Өтемдерді өзге мүлікпен төлеуге Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органы мен мүлік иесінің арасындағы келісім бойынша рұқсат етіледі. Көрсетілген келісім жазбаша нысанда жасалуы тиіс.

       61-бап. Өтемдерді төлеу мерзімдері

      1. Өтемдерді төлеу мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы Қазақстан Республикасының заңы күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей біржола жүргізіледі. Өтемдерді бөліп төлеуді көздейтін мемлекет иелігіне алуды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
      2. Мемлекет иелігіне алынған мүлікті іс жүзінде беру құқықтары мүлкін мемлекет иелігіне алуға байланысты тоқтатылатын немесе мемлекет иелігіне алған кезде шектелетін меншік иесі мен өзге де тұлғалар тең бағалы өтемдерді алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

       62-бап. Мемлекет иелігіне алынатын мүлікке
                Қазақстан Республикасының құқықтарын алу

      Мемлекет иелігіне алынатын мүлікке Қазақстан Республикасының құқықтарын алу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының жер, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

       63-бап. Мемлекет иелігіне алу кезінде кредит берушілер
                құқықтарына кепілдік беру

      1. Мемлекет иелігіне алынатын мүліктің құрамына енгізілген міндеттемелері бойынша кредит берушілер мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мүліктің мемлекет иелігіне алынатыны туралы оны Қазақстан Республикасының меншігіне бергенге дейін жазбаша түрде хабардар етілуі тиіс.
      2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға борышты ауыстыруға өзінің келісетіні туралы жазбаша хабарламаған кредит беруші мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы хабарландыру алған күннен бастап үш айдың ішінде міндеттемелерінің тоқтатылуын немесе мерзімінен бұрын орындалуын және республикалық бюджеттің қаражаты есебінен келтірілген залалдардың өтелуін талап етуге құқылы.
      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен мүлікті мемлекет иелігіне алу туралы хабардар етілмеген кредит беруші талап қою мерзімінің жалпы мерзімі ішінде осы баптың 2-тармағында көзделген талаптардың қанағаттандырылуы туралы талап етуге құқылы.

      64-бап. Заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру мен мәмілелер
              жасауға шектеулер

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы қаулысы қабылданған кезден бастап және мемлекет иелігіне алынатын мүлікке жататын мүлікті Қазақстан Республикасының меншігіне бергенге дейін азаматқа немесе заңды тұлғаға мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімісіз:
      1) мемлекет иелігіне алынатын мүлік тиесілі заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
      2) жылжымайтын мүлікке мәмілелер жасауға;
      3) құны активтер құнының жалпы мөлшерінің 10 және одан көп пайызын құрайтын мәмілелер жасауға;
      4) ақша займдарын алуға және беруге;
      5) бағалы қағаздардың эмиссиясын жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
      2. Осы бапта көзделген талаптарды бұза отырып жасалған мәмілені Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес осындай талаппен сотқа жүгіну құқығы берілген органның өтініші бойынша сот жарамсыз деп тануы мүмкін.

      65-бап. Мемлекеттік органдардың мемлекет иелігіне алу
              кезіндегі функциялары

      1. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет иелігіне алынатын мүлікті нақты қабылдауымен байланысты барлық қажетті іс-қимылдарды жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет иелігіне алынған мүлік туралы мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізеді.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы атынан мемлекет иелігіне алынған мүлік иесінің құқықтарын жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекет иелігіне алынған мүлікті акцияларды төлеуге немесе мемлекеттің жүз пайызды қатысуымен арнайы құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына не осы Заңның 127-бабының ережелері бойынша ұлттық холдингке немесе ұлттық компанияға береді.
      5. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет иелігіне алынған мүлікті басқаруды осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен оны беру кезіне дейін жүзеге асырады.
      6. Мемлекет иелігіне алынған мүлікті беру кезінен бастап мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғаға бекітілген не ұлттық холдингке немесе ұлттық компанияға берілген мемлекет иелігіне алынған мүлікті пайдаланудың тиімділігіне бақылауды жүзеге асырады.

       66-бап. Келісу рәсімдері

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүлікті мемлекет иелігіне алу рәсімдерінің басталуы туралы қаулысы қабылданғаннан кейін кез келген уақытта көрсетілген мүліктің иесі мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға тиісті өтініш беру жолымен келісу рәсімдеріне бастама жасауға құқылы. Көрсетілген өтініш берілген күнінде тіркеледі.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтініш жіберілген күннен бастап екі ай мерзімде мемлекеттік мүлікке уәкілетті орган мемлекет иелігіне алынған мүлікті беру туралы келісім жобасын қарауға, берілетін мүліктің құрамын айқындауға, құқықтары берілетін мүлікке қатысты тоқталатын немесе шектелетін тұлғаларды айқындауға, мемлекет иелігіне алынатын мүлік пен басқа залалдардың құнына тәуелсіз бағалау жүргізуді ұйымдастыруға, мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды қаржыландыру тәртібін айқындауға және мүлікке меншік құқығының өтуімен байланысты өзге де іс-қимылдарды жүзеге асыруға міндетті.
      3. Құқықтары мүлігін мемлекет иелігіне алуға байланысты тоқтатылатын немесе мемлекет иелігіне алған кезде шектелетін мемлекет иелігіне алынатын мүліктің иесімен және басқа да тұлғалармен келісімге қол жеткізілген кезде көрсетілген келісімді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      4. Мүдделі тұлғалардың қайсыбірімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде мемлекет иелігіне алу осы тарауда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі келісімді бекіткеннен кейін мүліктің иесі мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарын сақтай отырып, сатып алу-сату шарты нысанында мүлікті беру туралы келісімге қол қояды.
      6. Мүлікке меншік құқығының Қазақстан Республикасына өтуіне дейін өтемдерді төлеу туралы талаптар және осы Заңның 59-61-баптарында белгіленген өтемдерді төлеудің өзге де шарттары тараптардың келісімі бойынша жойылмайды.

      67-бап. Мемлекет иелігіне алынатын мүлік иесінің
              құқықтарын қорғау

       Мемлекет иелігіне алынатын мүлік иесінің және құқықтары мемлекет иелігіне алынатын мүлікке байланысты тоқтатылатын немесе мемлекет иелігіне алған кезде шектелетін өзге де тұлғалардың құқықтарын қорғауды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес сот жүзеге асырады.

6-тарау. Жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару

      68-бап. Жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
              өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығарудың мәні мен
              жалпы шарттары

      1. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім жер учаскесіне қатысты ғана, ал осы Заңның 69-бабында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге де жылжымайтын мүлікке қабылдануы мүмкін.
      2. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару үшін ерекше жағдайлардың тізбесі осы Заңның 71-бабымен белгіленеді.
      3. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару алып қою рәсімдерінің жариялылығын сақтау кезінде жүргізілуі мүмкін. Алынатын мүліктің иесі тарапынан талаптар болған кезде жариялылықтың болмауы мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қоюдан бас тартуға негіздеме болып табылады.
      4. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің) алынатын мүлікке және залалдарға нарық құнымен тең бағада өтем ұсыну шарттарымен ғана жүзеге асырылады.
      5. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүлік иесінің құқықтарын қорғауды сот жүзеге асырады.
      6. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің иесі осы Заңның 81-бабының ережелеріне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою туралы шешім шығарылғанға дейін келісу рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
      7. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы ереже осы Заңның 78-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, жер учаскесі азаматтың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаның жерді пайдалануында болған жағдайларына да қолданылады.

       69-бап. Мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде жер
                учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
                өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару

      Ғимараттар, құрылыстар және жылжымайтын мүліктің өзге де дербес объектілеріне (пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ кондоминимум объектісі құрамындағы тұрғын емес үй-жайлар) байланысты мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылдауға көрсетілген объектілерді орналастыру және пайдалану үшін қажетті жер учаскелері осындай жер учаскелеріне жеке меншік құқығы құқық белгілейтін және өзге де құжаттар негізінде расталу мүмкін болмауына байланысты мемлекеттің меншігінен шыққан болып есептелмеген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

      70-бап. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін немесе өзге
              де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен
              шығаруды жүзеге асыру принциптері

      1. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару азаматтар мен заңды тұлғалардың меншігіндегі мүлікті иеліктен шығарудың ерекше жағдайы болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген мүлікті иеліктен шығарудың барлық мүмкін жағдайларын пайдалану мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылатын болады.
      2. Мемлекет мұқтажды қанағаттандырудың өзге (балама) тәсілі болған кезде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығаруға рұқсат етілмейді.
      3. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың коммерциялық мақсаттарын және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген мүлікті алып қою не мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру мақсатынан туындамайтын және қоғамдық маңызды мақсаттарды көздемейтін өзге де мүлікті алып қою мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою болып танылмайды. Бұл жағдайларда мүлікті иеліктен шығаруға мүліктің иесі мен коммерциялық мақсаттарды көздейтін тұлға арасындағы келісім бойынша мүлікті сатып алу-сату шарты негізінде рұқсат етіледі.
      4. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығаруға мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қажетті көлемде ғана рұқсат етіледі.
      5. Осы баптың ережелерін орындамау соттың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығарудан бас тартуы үшін және уәкілетті мемлекеттік орган қабылдаған мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою туралы шешімдерді жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.

      71-бап. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қою
              кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын
              мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығарудың
              ерекше жағдайлары

      Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығарудың ерекше жағдайлары:
      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемесі;
      2) ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мұқтажы, жер учаскесін жерді сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамына қосу қажеттігі;
      3) пайдалы қазбаларды табу және кен орындарын әзірлеу;
      4) жолдарды, көпірлерді, метрополитендерді, туннельдерді, әуе көлігі объектілерін, энергетикалық жүйе объектілері мен электр беру желілерін, байланыс желілерін, магистралды құбыр желілерін, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді, елді мекендерде жалпы пайдалану объектілерін, арнайы экономикалық аймақтарды құруға және жұмыс істеуге қажетті объектілерді, инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыруға арналған объектілерді, сондай-ақ мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық маңызды мақсаттарды көздейтін мемлекеттік мүдделерді қанағаттандыру үшін қажетті басқа да объектілерді салу болып табылады.

      72-бап. Жекелеген санаттардағы жер учаскелерін алып қою
              кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын
              мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығаруға шек
              қою

      Суландырылатын ауыл шаруашылығы алқаптарын, ғылыми-зерттеу және ауыл шаруашылық, биологиялық және жер суландыру-мелиоративтік оқу орындарының тәжірибелік егіс далаларының жер учаскелерін, балық шаруашылық бейімін, орман және су қорларын алып қоюға ерекше жағдайларда, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды құрумен және кеңейтумен, халықаралық міндеттемелерді орындаумен, учаске астында бағалы пайдалы қазбалардың кен орындарын табумен (жалпы таралғаннан басқа), жолдарды, электр беру желілерін, байланыс желілерін және магистральды құбыр желілерін, елді мекендердің жалпы пайдалану инженерлік-коммуникациялық, жүйелерін салумен байланысты, оларды орналастырудың басқа мүмкін нұсқалары болмаған кезде рұқсат етіледі.

      73-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
              өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру
              рәсімдерінің басталуы

      Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы осы Заңның 71-бабында көзделген негіздемелер болған кезде, Қазақстан Республикасы Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган шешім қабылдайды.

      74-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою туралы
              меншік иесіне және мүдделі тұлғаға хабарлау
              тәртібі

      1. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерінің басталуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы немесе жергілікті атқарушы органның шешімі оны қабылдаған кезден бастап үш күндік мерзімде мүліктің иесіне (иелеріне) жазбаша нысанда хабарланады.
      2. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерінің басталуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы немесе жергілікті атқарушы органның шешімі оны қабылдаған сәттен бастап үш күндік мерзімде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдарында жариялануы тиіс.

      75-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              меншік иесінің құқықтарына кепілдіктер

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару рәсімдерінің басталуы туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте шағым жасалуы мүмкін.

      76-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті иеліктен шығару
              кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын
              мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару
              рәсімдерін тоқтату

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару рәсімдерінің тоқтатылуы туралы шешімі оны қабылдаған кезден бастап үш күндік мерзімде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялануға жатады.

      77-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті иеліктен шығару
              кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын
              мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы
              шешім

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы шешімі оны қабылдаған кезден бастап үш күндік мерзімде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жариялануға жатады.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
      3. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің меншік иесі мемлекет мұқтажы үшін мүлікті иеліктен шығару кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы шешіммен келіспеген және (немесе) онымен мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің құны туралы және өтелуге тиісті залалдардың мөлшері туралы келісімге қол жеткізе алмаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою туралы шешімі қабылданған кезден бастап үш ай мерзімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мемлекет мұқтажы үшін мүлікті иеліктен шығарған кезде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
      4. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы талап қоюға бас тартылған жағдайда талап қою және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мүлікті алып қою рәсімінің басталуы туралы шешімін қабылдау нәтижесінде меншік иесіне және өзге де тұлғаларға келтірілген залалдар мемлекеттік бюджеттен өтелуге жатады.

      78-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
              мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару кезінде меншік
              иесінің немесе мемлекеттік емес жер
              пайдаланушының құқығы

      1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы хабарлама алған кезден бастап мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің құны және өтеуге жататын залалдар мөлшері туралы келісімге қол жеткізгенге немесе мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы сот шешім қабылдағанға дейін жер учаскесіне немесе өзге де мүлікке тиесілі өзінің құқығын жүзеге асырып, оның нысаналы мақсатына сәйкес осы мүлікті пайдалануды қамтамасыз ететін қажетті шығындарды жүргізе алады. Бұл ретте меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы аталған кезеңде жаңа құрылысқа, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалды өзіне жатқызу тәуекелінде болады.
      Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскенің бір бөлігі алып қойылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі сатып алынады.
      2. Иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтар басқа тұлғаға өткен кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге қатысты қолданылады (жалғасады).

      79-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын
              мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару кезінде мүлік
              құнын өтеудің мөлшері

      1. Мемлекеттік мұқтажы үшін мүлікті иеліктен шығару кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару кезінде алынатын мүліктің құны және осы Заңның 214-бабында белгіленген ережелерге сәйкес тәуелсіз бағалаушылар айқындаған меншік иесіне және өзге де тұлғаларға келтірілген залалдар өтелуге жатады.
      2. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің меншік иесіне төленетін өтеудің мөлшері мүліктің нарық құнын және меншік иесінің үшінші тұлғалар алдында міндеттемелерін орындаудың мүмкін болмауынан туындайтын залалдарды қоса алғанда, меншік иесінде алып қою нәтижесінде туындайтын залалдарды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 9-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес айқындалады.
      3. Өтеу мөлшері бағалау (қайта бағалау) жүргізілген күнге айқындалады. Өтеу мөлшері теңгемен айқындалады.
      4. Құқықтары мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктерге қатысты өзге тұлғаларға өтеу мөлшері тоқтатылады немесе шектеледі, мүлікті алып қою нәтижесінде оларда туындайтын залалдарды негізге ала отырып айқындалады.
      5. Мемлекет мұқтажы үшін жер пайдаланудағы жер учаскелерінде орналасқан ғимараттарды, құрылыстарды алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару туралы шешім қабылданған кезде өтеу мөлшері, егер Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актісінде өзгеше көзделмесе, жер пайдалану құқығының нарықтық құны ескеріле отырып айқындалады.

      80-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
              мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару кезінде өтеуді
              төлеудің төлеу нысандары мен мерзімдері

      1. Өтеуге жататын мүліктің құны мен залалдарды өтеу мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бірлікке өту кезеңіне дейін толық көлемде жүргізіледі.
      2. Ақшаға қарағанда өтеуді өзге мүлікпен төлеуге мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган арқылы Қазақстан Республикасының немесе жергілікті атқарушы орган арқылы әкімшілік-аумақтық бірліктің және меншік иесінің (өзге де құқық иеленушінің) арасында жасалған келісім бойынша жол беріледі.. Көрсетілген келісім жазбаша нысанда жасалуы қажет.
      3. Өтеуді төлеу Қазақстан Республикасының бюджеті (республикалық немесе жергілікті) қаражатынан жүзеге асырыдады.
      4. Өтеуді төлеу мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің құны мен меншік иесі мен өзге де тұлғаларға өтеуге жататын залалдардың мөлшері туралы келісімге қол жеткізілген күннен бастап немесе мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою туралы соттың шешімі күшіне енген кезден бастап бір айдан кешіктірмей біржолғы жүргізіледі.
      5. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде өтеудің мерзімін ұзартуды төлеуді көздейтін жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығаруды жүзеге асыруға жол берілмейді.
      6. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүлікті нақты беру алынатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе алып қою кезінде шектелетін меншік иесі мен өзге де тұлғалар осы Заңның 79-бабында және осы бапта айқындалған тәртіпте жүргізілген тең бағалы өтеуді алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      81-бап. Мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде
              жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті
              мәжбүрлеп өтеулі иеліктен шығару кезіндегі
              келісу рәсімдері

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы шешімі шығарылғаннан кейін және жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім шығарылғанға дейін кез келген уақытта алынатын мүліктің иесі мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру жолымен келісу рәсімдеріне бастамашылық етуге құқылы. Көрсетілген өтініш берілген күні тіркеледі.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтініш жіберілген кезден бастап екі ай мерзімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүлікті беру туралы келісім жобасын қарауға, берілетін мүліктің құрамын, берілетін мүлікке қатысты құқықтары тоқталатын немесе шектелетін тұлғаларды айқындауға, мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің құны мен өтеуге жататын залалдардың мөлшеріне тәуелсіз бағалау жүргізуді ұйымдастыруға, мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды қаржыландыру тәртібін айқындауға және мүлікке меншік құқығының өтуіне байланысты өзге де іс-қимылдарды жүзеге асыруға міндетті.
      3. Мемлекет мұқтажы үшін алынатын мүліктің меншік иесімен және мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою кезінде өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде алынатын мүлікке қатысты құқықтары тоқталатын немесе шектелетін басқа тұлғалармен келісімге қол жеткізілген кезде көрсетілген келісімді Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган бекітеді.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың бірімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын өтеулі мәжбүрлеп иеліктен шығару осы тарауда мемлекет мұқтажы мүлікті алып қою кезінде белгіленген жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бірлікке өтуге дейін өтеуді төлеу туралы талаптар мен осы Заңның 79, 80-баптарында белгіленген өтеуді төлеудің өзге де шарттары тараптардың келісімі бойынша күшін жоя алмайды.

3-бөлім. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану

7-тарау. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану туралы жалпы ережелер

      82-бап. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе)
              пайдаланудың тәртібі, шектері мен шарттары

      1. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүліктің пайдалы қасиеттерін табу, сондай-ақ олардан кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандар түрінде пайда алу үшін мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға құқылы.
      2. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, шектер мен жағдайларда жүзеге асырылады.

       83-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдаланудың негіздері

      1. Мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың пайдалану негіздері:
      1) шарттар мен өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелер;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына байланысты азаматтық-құқықтық салдарлар туындайтын әкімшілік актілер;
      3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілейтін сот шешімдері;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтық-құқықтық салдарлардың болуын байланыстыратын оқиғалар;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген жағдайлармен және тәртіппен әмбебап немесе өзге де құқықтық мирасқорлық болып табылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті уақытша пайдалануға беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуы тиіс. Мемлекеттік мүлікті уақытша пайдалануға беру туралы шарттың жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыз болуына әкеп соғады.
      3. Уақытша пайдалануға берілген мемлекеттік мүлік осы Заңның 14-тарауындағы ережелерге сәйкес мемлекеттік мүліктің тізіліміне енгізіледі.

      84-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру туралы
              шарттар

      1. Мемлекеттік мүлік мынадай шарттардың:
      1) мемлекеттік мүліктік мүлік жалдау (жалға алу) шарттары;
      2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты;
      3) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану (несие) шарты;
      4) мердігерлік шарт;
      5) мемлекеттік мүлік болып табылатын табиғи ресурстарды уақытша пайдалануға беру туралы шарттардың негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
      2. Мемлекеттік мүлікті уақытша пайдалануға беруге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайлар мен тәртіпте басқа азаматтық-құқықтық шарттардың негіздерінде жол беріледі.
      3. Жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық объектілер мен мемлекеттік мүлікті немесе мемлекетке ғана тиесілі мүлікті пайдалануға беруге концессия шарты, мүлікті сенімгерлік басқару шарты және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен тікелей көзделген өзге де шарттар бойынша жол беріледі.
      4. Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға мемлекеттік мүлікті уақытша пайдалануға беру осы тарауда белгіленген ерекшеліктер мен шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамаларының ережелеріне сәйкес шарттардың немесе әкімшілік актілердің негізінде жүзеге асырылады.

      85-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беруге уәкілетті
              субъектілер

      Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру жөніндегі өкілеттіліктерді:
      1) республикалық мемлекеттік мүлікке қатысты - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган;
      2) коммуналдық мемлекеттік мүлікке қатысты - жергілікті атқарушы орган иеленеді.

      86-бап. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу)
              шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартына осы Заңның осы бабында, 127-бабының 4-тармағында, 133, 156-баптарында белгіленген ерекшеліктерімен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) объектісі жылжымалы және жылжымайтын мүлік (зат) болуы мүмкін.
      3. Республикалық мүлікті мүліктік жалдауды (жалға алуды) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (республикалық мүлікті жалдаушы (жалға беруші) береді. Егер осы заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен беріледі.
      Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауды (жалға алуды) жергілікті атқарушы орган (коммуналдық мүлікті жалдаушы (жалға беруші) береді. Егер осы заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлік облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы айқындайтын тәртіппен беріледі.
      Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мемлекеттік мүлік осы Заңның 149, 156, 160 және 168-баптарында айқындалған тәртіппен мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілуі мүмкін.
      Ақшалар, бағалы қағаздар және өзге де мемлекеттің мүліктік құқықтары мүліктік жалдау (жалға алу) шарттың объектісі (нысанасы) болып табылмайды.
      4. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаушы (жалға алушы), егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар бола алады.
      Мемлекеттік мүлікті пайдалану құқығы мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына салым ретінде берілуі мүмкін.
      5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптары осы Заңда айқындалған шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін үлгі шартпен айқындалады.
      6. Күрделі жөндеуді жүзеге асыру жөніндегі міндет мемлекеттік мүлікті жалдаушыға (жалға алушыға) жүктелген жағдайда мемлекеттік мүлікке күрделі жөндеудің құны жалдау (жалға алу) шарты бойынша төлемдер есебіне есептеледі. Мемлекеттік мүлікке күрделі жөндеу жүргізудің құны мен басқа да шарттары мемлекеттік мүлікті жалдаушымен (жалға алушымен) жазбаша келісілуге тиіс.
      7. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты осы Заңның 118, 119, 133, 156-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жалдаушыға (жалға алушыға) мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы шартты көздей алады.
      8. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын өзгерту және бұзу Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-404, 556-баптарының ережелері бойынша жүзеге асырылады.
      Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген мемлекеттік мүлікті нысаналы мақсатынсыз пайдалану шартты елеулі бұзғандық және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген ережелер бойынша шартты бұзу үшін негіз болып табылады.
      9. Жалдаушы (жалға алушы) жүргізген мемлекеттік мүлікті жақсартудың ажырамас құны жалдаушы (жалға алушы) келісімімен тиісті бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      10. Азаматтар мен заңды тұлғаларға мемлекеттік меншікке жататын тарихи және мәдени ескерткіштерді пайдалануға беруге арналған шарттарды жасау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұралар объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалық актілерімен айқындалады.
      Тарихи және мәдени ескерткіштерді пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұралар объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мен азамат немесе заңды тұлға арасында жасалады. Шарт пайдалануында тарихи және мәдени ескерткіштер бар тұлға ол тарихи және мәдени ескерткіштерді сипаты мен мақсатына сәйкес оларды пайдалану міндеттерін бұзған, соның нәтижесінде тарихи және мәдени ескерткіштер жойылу немесе бүліну қаупіне ұшыраған жағдайда пайдалану құқығынан сот шешімімен айырылған жағдайда бұзылуы мүмкін.

       87-бап. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартына осы Заңның 133, 155, 183-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
      2. Мемлекеттік кәсіпорындардың мүліктік кешендері, бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар (қатысу үлестері), мемлекетке тиесілі ақша мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартының объектісі болып табылады.
      Өзге мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда сенімгерлік басқару шартының объектісі болып табылады.
      3. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (республикалық мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы) республикалық мүлікті сенімгерлік басқаруға береді. Егер осы Заңмен немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен өзгеше белгіленбесе, республикалық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      Коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға жергілікті атқарушы орган (коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы) береді. Егер осы Заңмен немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен өзгеше белгіленбесе, коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен өзгеше көзделмесе, азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарушы бола алады.
      5. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік пайда алушы болып табылады.
      6. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартының талаптары осы Заңмен немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен айқындалады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгі шартын бекітеді.
      7. Сенімгерлік басқарушы оған мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша берілген жылжымайтын мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында көзделген жағдайларда немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысының жазбаша келісімімен ғана иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге құқылы. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқарушының жылжымайтын мүлікке билік етуге құқығы бар.
      8. Сенімгерлік басқарушының мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару кезінде өзі жүргізген қажетті шығыстарды өзіне сенімгерлік басқаруға берілген мүлікті пайдаланудан түскен табыстар есебінен ғана өтеуге құқығы бар.
      Егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару туралы шартта көзделсе, сенімгерлік басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
      9. Сенімгерлік басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы болып табылатын уәкілетті мемлекеттік органға мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында бекітілген мерзім мен тәртіпте өз қызметі туралы есеп береді. Сенімгерлік басқарушының қызметі туралы есеп құрылтайшының талабы бойынша және өзге де жағдайларда дереу ұсынылуы тиіс.
      10. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында сенімгерлік басқарушының мемлекеттік мүлікке билік етуі жөнінде шектеулер белгіленеді.
      Сенімгерлік басқарушының оған белгіленген шектерді бұза отырып жасаған мәмілелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен заңсыз деп танылады.
      Сенімгерлік басқарушының мемлекеттік мүлікті өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалануынан немесе өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерінен туындайтын міндеттемелері бойынша құқықтар мен міндеттері сенімгерлік басқарушыда туындайды.
      11. Сенімгерлік басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруды жеке жүзеге асырады.
      Егер ол мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында осыған уәкілетті болса не құрылтайшының мүддесін қамтамасыз ету үшін мән-жайларға байланысты осыған мәжбүр болса және бұл ретте оның нұсқауларын сұрауға мүмкіндігі болмаса, сенімгерлік басқарушы өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті басқару үшін қажетті іс-қимыл жасауды басқа тұлғаға тапсыруы мүмкін. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзі таңдаған өкілдің іс-қимылы үшін өзінікі сияқты жауап береді.
      Сенімгерлік басқарушы алғашқы мүмкіндікті пайдаланып, құрылтайшыға қайта сенімгерлік туралы хабарлауға міндетті. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарушының құрылтайшысы бұл жағдайда сенімгерлік басқарушыға бұған дейін жасалған шығыстарын өтеп, ал мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шартында көзделген жағдайларда залалдың орнын толтыра отырып, мүлікті сенімгерлік басқарудың тоқтатылғаны туралы мәлімдеуге құқылы.
      12. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша өзгертіледі және бұзылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мүлікті мемлекеттік мүліктің бір түрінен басқасына немесе жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен басқасына беру мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруды тоқтатпайды.
      13. Тараптардың бірінің бастамасы бойынша шарт тоқтатылған жағдайда басқа тарап, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару туралы шартта өзгеше мерзім көзделмесе, осы баптың 10-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, кемінде 3 ай бұрын хабардар етілуі тиіс.
      14. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты сенімгерлік басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды, осы Заңның 118, 119, 133, 156, 183-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда көздеуі мүмкін.

       88-бап. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартына осы Заңның 89, 133, 156-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктермен мүлікті өтеусіз пайдалану шарты (несие шарты) туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
      2. Мүлікті өтеусіз пайдалану шарты (несие шарты) бойынша мемлекеттік мүлік осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
      3. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты, осы Заңның  133-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда несие алушыға өтеусіз пайдалануға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен айыру туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
      4. Несие шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің кез келген жақсаруы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (жергілікті атқарушы органның) жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүліктің несие шарты тоқтатылған кезде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) келісімімен жүргізілген жақсартудың ажырамас құны тиісті бюджет қаражаты есебінен өтеуге жатады.
      5. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы мемлекеттің меншігіндегі және тарихи және мәдени ескерткіштері болып табылатын ғибадат (дұға оқу) үйлерін және өзге де мүлікті діни бірлестіктерге өтеусіз пайдалануға берген жағдайда жасалады. Ғибадат  үйлері мен өзге де мүлікті өтеусіз пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамалық актісімен белгіленеді.

      89-бап. Мемлекеттік заттай гранттарды өтеусіз
              пайдалануға беру

      Мемлекеттік заттай гранттарды өтеусіз пайдалануға Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамалық актісіне сәйкес инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган береді.

      90-бап. Мердігерлік шарты бойынша мемлекеттік мүлікті
              беру

      Мердігерлік шарты бойынша мемлекеттік мүлікті беру тапсырысшының - мемлекеттің мердігерлік шартында көзделген көлемде және тәртіпте жұмыстарды орындауға мердігерге көмек көрсетуі жөніндегі міндеттемелерін орындау шеңберінде жүзеге асырылады.

       91-бап. Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру

      Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру Қазақстан Республикасының концессия туралы заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.

      92-бап. Табиғи ресурстарды уақытша пайдалануға беру
              туралы шарттар

      Жер учаскелерін, жер қойнауы учаскелерін, су объектілерін, мемлекеттік орман қоры учаскелерін уақытша пайдалануға беру Қазақстан Республикасының мүліктің әрбір түрі туралы заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен тиісті шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      93-бап. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты бойынша беру
              туралы шарттар

      1. Мемлекеттік мүлік сақтау шарты бойынша оның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтар мен заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің сақтау туралы ережелері осы баппен белгіленген ерекшеліктерімен мемлекеттік мүлікті сақтау туралы қатынастарға қолданылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті сақтау сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті (заттарды) сақтауға қабылдау туралы шарты негізінде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік мүлікті сақтау оның сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті кез келген тұлғаға жүктелуі мүмкін.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сақтауды кәсіпкерлік қызмет ретінде сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдар ғана жүзеге асыра алады.
      3. Мемлекеттік мүлікті сақтау нысанасы жылжымалы заттар болуы мүмкін.
      Жылжымайтын мемлекеттік мүлікті сақтау оны сақтау туралы шартпен қамтамасыз етіледі.
      4. Сақтау шарты мен мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарт жазбаша нысанда жасалады. Шарттың жасалуы сақтаушы сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжатты жүк берушіге беру арқылы куәландырылуы мүмкін.
      5. Мемлекеттік мүлікті сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен немесе сақтау шарттарымен не мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарттармен айқындалады. Сақтау мерзімінің өтуі бойынша сақтау немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарттар, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті шарттарда өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің мәнінен туындамаса сол мерзімге жасалды деп есептеледі.
      Жүк беруші болып табылатын немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша болатын уәкілетті мемлекеттік орган кез келген уақытта сақтаушыдан мүлікті (затты) талап етуге құқылы. бұл жағдайда, егер сақтау немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарттарда өзгеше көзделмесе, жүк беруші сақтаушыға міндеттемесінің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған залалдарды өтеуге міндетті.
      6. Сақтау шарты мен мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарт өтеулі болып табылады. Сақтаушыға сыйақының мөлшері тараптардың келісімдерімен, ал Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленген жағдайларда, ставкалар мен тарифтерге сәйкес айқындалады.
      7. Егер сақтау шартында өзгеше көзделмесе, сақтаушы жүк берушінің келісімінсіз затты үшінші тұлғаға, ол бұған жүк берушінің мүддесіне орай мән-жайларға байланысты және оның келісімін алу мүмкіндігінен айырылған жағдайларды қоспағанда, сақтауға беруге құқылы емес. Затты үшінші тұлғаға сақтауға беру туралы сақтаушы жүк берушіні дереу хабардар етуге міндетті. Сақтаушы өзінің меншігі ретінде затты сақтауға берген үшінші тұлғаның іс-қимылына жауап береді.
      8. Сақтаушы өзіне берілген мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шартта көзделгендердің барлығын, сондай-ақ өзге де қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Мемлекеттік мүліктің сақталуы техникалық нормативтерге және сақтау және (немесе) қорғау шарттары бойынша талаптарға сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс.
      Сақтаушы сақтауға алынған мемлекеттік мүліктің жоғалғаны, жетіспегені немесе бүлінгені үшін жауап береді. Ол, егер заттың жоғалуы, жетіспеуі немесе бүлінуі өзінің кінәсі бойынша болмағанын дәлелдей алса, жауапкершіліктен босатылады.
      Сақтауға берілген мемлекеттің мүліктің жетіспеушілігі кезінде сақтаушы сақтау немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға алу туралы шарттармен, Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалған мерзімде жетіспейтін мүлікті заттай өтеуге, ал мүмкіндік болмаған кезде - жоғалған немесе жетіспейтін мемлекеттік мүліктің құны мөлшерінде өтеуге міндеттенеді.
      9. Осы баптың ережесі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлікті сақтаудың жекелеген түрлеріне қолданылады.
      10. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шарты негізінде атқарушылық және бақылау функциясын, сондай-ақ мемлекеттік резервке басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында немесе сақтау пункттерінде (мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды және қызметтер көрсетуді шарт негізінде жүзеге асыратын заңды тұлғаларда) сақталады.
      Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шартынан туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резерв туралы заңнамалық актісімен реттеледі.

      94-бап. Жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікті
              пайдалану құқықтарын жүзеге асыру

      1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке мыналар жатқызылуы мүмкін:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жалпы пайдаланудағы мүлікке жатқызылған өсімдік пен жануарлар әлемі, өзге де табиғи қорлар;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен ені белгіленген жағалау алқабымен кеме жүзетін және ағызбалы өзендердің арналары, сондай-ақ көлдер, лагуналар мен табиғи жаратылған өзге де су айдындары;
      3) порттар, айлақтар, шығанақтар, рейдтер мен қойнаулар, сондай-ақ бөгеттер, молдар, толқын бөгеттері мен өзге де жағалау құрылыстары;
      4) иеліктен шығарылған алқаптары және қосымша құрылыстары мен қызметтері бар жалпы пайдаланудағы жолдар, шоссе мен көпірлер;
      5) жер суландыру, мелиорация және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарда салынған орлар, тоғандар, су қоймалары, арналар, үймелер және қазандықтар;
      6) алаңдар, тротуарлар, көшелер, қоғамдық бақтар мен демалыс орындары, зираттар мен басқа қоғамдық ғимараттар мен үйлер;
      7) жалпы мақсаттағы ғибадатханалар мен өзге де діни имараттар;
      8) көркем, тарихи және археологиялық ескерткіштер;
      9) ұлттық саябақтар, қорықтар, заказниктер, резерваттар;
      10) ұлттық өнер бұйымдары;
      11) ғылыми және мәдени құндылықтарға жататын мұрағаттар, мұражайлық экспонаттар, көркем және ғылыми коллекциялар, оның ішінде, жекелеген құжаттар, қолжазбалар, жарияланымдар, карталар мен басқа да жылжитын заттар;
      12) жалпы пайдаланудағы сервитуттар (көпшілік сервитуттар);
      13) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жалпы пайдалану мүлкіне жатқызылған өзге де мүліктер.
      Жалпы пайдаланудағы мүлікті пайдалану ережесін Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүліктің жекелеген түрлері туралы заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті өкілді немесе атқарушы органдары белгілейді.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүлкінің жекелеген түрлері туралы заңнамалық актілермен белгіленген өз құзыреті шегінде жалпы пайдаланудағы мүлікті басқаруды және пайдалануды ұйымдастырады.

4-бөлім. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылуы

8-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқығының тоқтатылу негіздері

      95-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылуы
              негіздерінің тізбесі

      1. Мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің) мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері:
      1) мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті жекешелендіру немесе өзге де иеліктен айыру;
      2) мемлекеттік заңды тұлғалардың өздері өндірген тауарларын немесе негізгі құралдарға жатпайтын және азаматтарға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жекешелендіру объектісі болып табылмайтын мүліктерін иеліктен шығару;
      3) жер учаскелерін жеке меншікке беру;
      4) республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру;
      5) мемлекеттік мүліктің бұзылуы не жойылуы;
      6) мемлекеттік мүлікті өндіріп алу;
      7) иелену мерзімі;
      8) шартты бұзу немесе өзгерту сәтіне дейін міндеттемелері бойынша мемлекет пайдасына контрагенттің орындағанын қайтару;
      9) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша алынған мүлікті қайтару;
      10) мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтар пайдалану немесе шығару;
      11) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер болып табылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару, осы Заңның 133, 220-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өтеулі болып табылады.

      96-бап. Мемлекеттік мүлік құқықтарынан бас тартуға тыйым
              салу

      1. Мемлекет өзіне тиесілі мүлікке құқықтардан бас тарта алмайды. Мемлекеттің уәкілетті органдарының, оның өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарынан бас тартуы жарамсыз деп танылады.
      2. Мемлекеттік уәкілетті органдарының, оның өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттің меншік құқықтарын және өзге де мемлекеттің мүліктік құқықтарын жүзеге асыруын жоюды куәландыратын айқындалған іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіптік және өзге де жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.

      97-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеліктен
              шығаруы

      Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде, өздері өндірген өнімді, тауарлық-материалдық құндылықтарды қоса алғанда және өзге де негізгі құралдарға жатпайтын және жекеменшік объектісі болып табылмайтын мүлікті иеліктен шығаруы мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және азаматтарға мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару құқықтарын тоқтатуына әкеп соғады және жекешелендіру болып табылмайды.

      98-бап. Жеке меншікке ұсыну (беру) нәтижесінде жер
              учаскесіне және өзге де мүлікке құқықтарды
              тоқтату

      1. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актісімен көзделген жағдайларда және тәртіпте жеке меншікке берілуі мүмкін.
      2. Мемлекеттік заттай грант түрінде берілген мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтары Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамалық актісімен көзделген жағдайлар мен тәртіпте грант алушының инвестициялық міндеттемелерін орындауы кезінде тоқтатылуы мүмкін.

       99-бап. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы

      1. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы және жойылуы бұл мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтатылуына әкеп соғады.
      2. Дүлей зілзалалар мен авариялар нәтижесінде физикалық немесе моральдық тозу салдарынан жарамсыздыққа ұшыраған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы және жойылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген ережелерге сәйкес ресімделеді.
      3. Осы баптың ережелері заттарға қолданылады.

      100-бап. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша мемлекеттік
               мүлікті өндіріп алу

      1. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бірліктің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
      2. Мемлекеттік және жергілікті қазынаны құрайтын мүлікке, республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаттарын қоспағанда, өндіріп алу салынбайды. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен өндіріп алу жүргізілмейтін мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражатымен өндіріп алу мүмкін мүмкін болмайтын мүлік құнының шегінде жауапты болады.
      3. Өндіріп алу салынған мемлекеттік мүлікке құқықтар Қазақстан Республикасында және әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік мүлікке өндіріп алуды салу кезінде құқықтар ауысатын тұлғаның осы мүлікке құқықтарды сатып алу кезінен бастап тоқтатылады.

       101-бап. Реквизициялау нәтижесінде алынған мемлекеттік
                 мүлікке құқықтарды тоқтату

      1. Осы Заңның 42-бабының ережелері бойынша мүлікті реквизициялау кезінде мемлекет алған мүлікті бұрын мүлік өзіне тиесілі тұлға талап еткен кезде бұл мүлікке мемлекеттің құқықтары тоқтатылады.
      2. Реквизициялау кезінде алынған мүлікті қайтарып алу осы Заңның 42-бабының ережелері бойынша жүзеге асырылады.

      102-бап. Тәркілеу нәтижесінде алынған мемлекеттік
               мүлікке құқықтарды тоқтату

      Мемлекет меншігіне тәркіленген мүлік негізінде сот актінің күшін жойған жағдайда (тиісті бөлікке өзгерістер) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мүлікті заттай қайтаруды және залалдың өтеуді жүргізеді.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен уәкілетті орган мүлікті өткізген жағдайда оның құнын меншік иесіне өтеуді жүргізеді.
      Залалдар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабы 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.

       103-бап. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық
                 құндылықтарды шығару немесе пайдалану жолымен
                 мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату

Дата публикации
10 декабря 2025