2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 290 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 54 мың отбасының құрамындағы 290,6 мың адамға жалпы сомасы 30,3 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдау көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Атаулы әлеуметтік көмек келесі шараларды қамтиды:
табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға әлеуметтік көмекті тоқсан сайын тағайындау;
табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балаларға әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге қосымша төлем тағайындалды;
еңбекке орналастыру, өз ісін ашуға ынталы отбасыларға гранттар беру, қажеттілігіне қарай біліктілікті арттыру курстарына жіберу және басқа да шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауылдық округ әкіміне немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы өтініш бере алады.